2025 жылы жарық көрген әдеби туындыларды сараптауға арналған баяндама үшін «Деректі проза» жанрына 15 қаламгердің 17 кітабы Жазушылар одағына келіп түскен еді. Бұл жанрдың басқа әдеби саладан ерекшелігі жазылған туындыда кейіпкерлердің өз аты-жөні аталатындығы, олардың өмір сүрген елдімекенінің де нақтылығы, кейіпкердің іс-қызметі, ерлігі суреттелетін уақыттың да ай, күн, жылдары дәлме-дәл болуы қадағаланатыны әрі болған оқиға, іс-қимыл, сөйлеген сөз де шын болуы, нәтижелердің де бұрмаланбай дөп жазылуы сынды басты шарттары бар.
Осыған сәйкес, деректер мен дәлелдер де шынайы болуы шарт. Әйтседе, деректі проза деген атына сай суреттеу, тіл шеберлігіне шек қойылмайды. Көсемсөзділік, шешенсөзділік, суреткерлік қатар өріліп отырса, бұл оқырман үшін ең құнды рухани азық, болашақтағы ұрпаққа нақты тарих болып қалады.
Міне, осы тұрғыдағы критерийді ұстанып, қолдағы кітаптарды саралай оқып, барынша сараптама жасадық. Қаламгерлердің жас ерекшелігі үш буын өкілі – сексен жастың сеңгірі мен алпыстың ары-жақ бер жағы және отыздағылардың жасына сай сараптама кезегін ұстандық. Соның ішінде көсемсөзші қаламгер Сүлеймен Мәметтің «Қазақтың қақысы» атты публицистикалық көлемді жинағы «Жер» деген тақырыппен басталыпты. Еуропаның атақты жеті елі сыйып кететіндей кең, қазіргі әлем елдері арасында жер көлемі жөнінен алғашқы ондыққа кіретін еліміздің жерін қорғау жолында жан алып, жан беріскен қазақтың аты белгілі, белгісіз ерлері мен осы жер үшін болған қиян-кескі саяси тартыстар мен айтыстар кезең-кезеңімен суреттеледі. Яғни, қазіргі еліміздің иеленіп отырған киелі жері халқымыздың қан мен тері, жаны мен малы құрбан бола отырып аман қалғанын жеріне жеткізе жазғанын ұғындық. Келесі тақырыпта «Заманға күйлемеген, балшық етіп илемеген үш арыс та» – Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақтың үш атақты тұлғасы халқының руханиятын қорғау, дамыту жолындағы ерлік істерінен сыр шертеді. Кезінде «Темір нарком» атанған лауазым иесі Темірбек Жүргенов қазақ тілінің мәртебесін қалай көтергенін: «Олимпиада қорытындысын жинақтау мақсатында Жүргенов өз кабинетіне отыздай адамды жиып мәжіліс шақырды. Мұнда қарағандылық Б.Орлов және мен екі адам орыс жұртынан едік. Нарком өзі де, басқасы да түгел қазақша сөйледі. Борис Александрович орнынан тұрды да, Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтініп, өзі түк ұқпағанын айтып, орысша сөйлесе жөн болар дейді. Сонда көзі оттай ұшқындаған Жүргенов: «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас?! Сіз Қазақстандасыз, егер мұнда жұмыс істегіңіз келсе, елінің тілін білуге міндеттісіз!» деп, оның ұсынысынының жөнсіз екенін бетбе-бет айтқан екен», – деген бір мысалмен келтіреді.
Бұл мәтін қазақ әндерін жинаған атақты компазитор Е.Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» кітабынан үзінді ретінде алынған. Міне, лауазымынан ұлтының тілін жоғары қоя білген хас тұлға қазіргі қазақ шенеуніктеріне өшпес үлгі іспетті. «Жарық пен көлеңке», «Қазақтың қақысы», «Айту парыз болмай қарыз» деген үш үлкен бөлімнен тұратын, жетпістей үлкен тақырыпты қамтыған бұл туындының жалпы мазмұны осындай жанды оқиғаларымен оқырманға рухани күш-қуат беретін ерекше еңбек деуге тұрады.
Осылайша, сарапталған деректі проза жанры деп аталған бүкіл кітаптардың оқырман қауымға тарихи жағынан да, рухани жағынан да берері көп, оқылымы жоғары болады деген сенімдеміз.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ,
жазушы-журналист,
аудармашы