Алатау қаласының төтенше жағдайлар бөлімі «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы аясында игі іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Осыған орай, Алатау қаласының Арна ықшамауданында тұратын жалғызбасты ананың үйінде пештің мұржасын тазалау және қайта сылау жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар жылыту жүйесінің қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасап, алдағы қыс мезгілінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталды.
Жылыту маусымы кезінде пеш пен мұржаның техникалық жағдайына ерекше назар аудару қажет. Себебі мұржаның бітелуі, жарықтардың пайда болуы және пешті дұрыс пайдаланбау өртке немесе улы газбен улануға әкелуі мүмкін.
Алатау қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Мирас Нұрсағиловтың айтуынша, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына немқұрайлы қарауға болмайды. «Тұрғындарды пештер мен мұржалардың жарамдылығын алдын ала тексеріп, оларды уақытылы тазалауға шақырамыз. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және пешті дұрыс пайдалану – адам өмірі мен мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Қарапайым сақтық шараларын ұмытпай, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыздар», – деді Мирас Нұрсағилов.
Осыған байланысты Алатау қаласының төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды қысқы жылыту маусымына алдын ала дайындалып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Пештер мен мұржаларды уақытылы тексеріп, тазалауды ұмытпай, мұржалардың жарамдылығына көз жеткізіп, пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау шарт.
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы
