Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданында бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселені талқылады. Кездесуге облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аймақтық кәсіпкерлік палатаның өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиынды ашқан Марат Елеусізұлы алғашқы кезекте инвестиция тартудағы серпінді істерді атап өтіп, бұл ретте аймақта алдағы уақытта 113 млрд теңгені құрайтын 9 ірі жоба жүзеге асатынын айтты. Бизнес саласындағы одан басқа да жетістіктерге тоқталды.
– Бүгінгі таңда кәсіпкерлер еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына негіз қалауда. Сіздердің жаңашыл идеяларыңыз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасында облысымыз өркендеуде. Инвестиция тарту көлемі де артып, бизнес-экожүйесі қалыптасуда. Алматы облысы бұл бағытта үлкен мүмкіндікке ие, – деді облыс басшысы.
Аймақта шағын және орта бизнес өркен жаюда. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,1 пайызға артқан. Инвестицияны экономикаға тарту көрсеткіші 32,8 пайызға өсіп, 615 млрд теңгеге жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Өңдеу өнеркәсібіне салынатын қаржы көлемі жыл басында 1,8 есеге көбейіп, 119 млрд теңгені құраған. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қатары да 5,4 мыңға артып, 141 мың кәсіпкерге жеткен.
Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Тимур Бекеев сөз алып, ұлттық палатаның негізгі міндеті кәсіпкерлердің құқығын қорғау екенін алға тартты. Осы орайда палата жанында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейтінін жеткізді. Билік пен бизнес арасындағы байланысты нығайту мақсатында 8 салалық кеңес әр бағытта қызмет көрсететінін де айта кетті.
Жиында облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Ботабекова да баяндама жасап, аймақта әйелдер жетекшілік ететін 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар екенін тілге тиек етті. Аталмыш кеңестің қолдауымен кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асып жатқанына тоқталды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының арқасында 424 нәзік жандыға көмек көрсетіліп, 90 әйел 6 бағыт бойынша оқытудан өткен. Бұл ретте қаржылық сауаттылық, жартылай дайын өнімдер өндірісі, шаштараз ісі, SMM, визажист мамандықтарына басымдық берілген. Сондай-ақ жиын барысында «Дана» жекеменшік мектебінің директоры Күләнда Батырбекова, «Зияткер» ЖШС құрылтайшысы Әсел Жылқыбаева, «ТалғарТехСтройСервис» ЖШС директоры Әсет Талғатбек, Балқаш ауданының кәсіпкері Бақыт Тасқанбаева кәсіпкерлік саласындағы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлерді толғандырған маңызды сұрақтардың бәріне облыс әкімі тұщымды жауап беріп, бірқатар мәселенің шешімін де алға тартты.
Алма ЕСЕНБАЙ
Еңбекшіқазақ ауданы