Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Тасқалиева салынып жатқан тұрғын үй кешендері жайлы журналистерге сұхбат берді.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда 6 жеке құрылыс компаниясы ауданы 121 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешенін салып жатыр.
«Кешендердің бірі 10-шағынауданда орналасқан («Алинур Транс құрылыс» ЖШС-ның «NNS City» атты кешені). Мұндағы тұрғын үйлердің жалпы ауданы 53,277 шаршы метрді құрайды. Барлығы 615 пәтер болады. Құрылысы биыл тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Пәтерлер түрлі бағдарламалар арқылы ипотекаға беріледі», – деді бөлім басшысы.
Ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы 61,968 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Оның ішінде 18 мың шаршы метрі жеке тұрғын үйлер болса, қалғаны жеке инвестор қаржысына салынған тұрғын үйлер.
Сондай-ақ Қонаевта былтырдан бері 165 әлеуметтік осал топтан шыққан отбасы баспаналы болды. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш тағы да өседі деп жоспарлануда. Ал 10-шағынауданда мемлекет бюджетіне салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы жуық арада аяқталады. Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы ипотекаға беріледі.
Алдағы уақытта 60 пәтерлік 9 тұрғын үй мен 50 пәтерлік бір тұрғын үй бюджет қаражатына салынады деп жоспарланған.