Жамбыл ауданының елдімекендерін газдандыру ісінде тағы бір маңызды кезең сәтімен аяқталып, Қазыбек бек бекетінде автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды. Ашылу салтанатына облыс және аудан орталығынан сала басшылары, тұрғындар қатысып, көптен күткен қуаныштың куәсі болды.
Тәуелсіздігіміз нығайып, ел экономикасы дамып келе жатқан шақта халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейін арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты болып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен 2009 жылы Жамбыл ауданына табиғи газ құбыры тартылған болатын. Ұзынағаш ауылынан басталған газдандыру ісі жылдан-жылға жалғасын тауып, аудан орталығынан алыс елдімекендерге де жетті. Енді, міне, мереке қарсаңында шалғайдағы бірнеше ауылдың тұрғындары да көгілдір отын игілігіне қол жеткізгелі отыр.
Автоматтандырылған газ тарату стансасының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев өңірді газдандырудағы маңызды кезеңнің аяқталуымен тұрғындарды құттықтады. Бұл жетістікке облыстың энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен жеке ұйымдардың бірлескен еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Жобаның жалпы құны – 4,26 миллиард теңге. Аталған станса қызметі Қазыбек бек бекетімен қоса Көкдала, Ақсеңгір, Жайсаң, Б.Қыдырбекұлы, Таңбалытас ауылдары мен Шилібастау бекетін қамтиды. Нәтижесінде осындағы 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
– Станса құрылысының жоспардан 9 ай бұрын аяқталғаны – мамандардың кәсіби жұмысының айғағы. Автоматтандырылған газ тарату стансасын «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы басқарады, ал газ таратуды «Алматы ОблГаз Engeneering» мекемесі қамтамасыз етеді. Бұл жоба аудан халқының өмір сүру сапасын арттыратын, экологиялық әрі тиімді шешім. Баршаңызды осы айтулы жетістікпен құттықтаймын! – деді Әсет Дүйсебекұлы.
Сондай-ақ Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, станса құрылысының жоба авторы – «КАТЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Кұндыз Шамахұлы, «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының директоры Руслан Сүйіндіков сөз алып, аймақтың алыс елдімекендерін газдандыру жұмысы барысынан хабардар етті. Қуанышты сәтте ауылдың қадірменді ақсақалы, аталар кеңесінің төрағасы Алпысбай Бейсенбаев көпшілікке ақ батасын берді.
Құрметті қонақтар автоматтандырылған газ тарату стансасының түймесін басып, көгілдір отынды тұтату рәсімін жасады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қазыбек бек бекеті,
Жамбыл ауданы