Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы маңызды құжаттың бірі – 1992 жылы 23 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңы. Кеңес одағының боданынан босап, дербес мемлекет болған еліміздің жаңа құқық қорғау жүйесінің негізін қалаған бұл құжаттың қабылданған күні 2007 жылдан бері елімізде полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіліп келеді. Осы атаулы күнге орай Қонаев қалалық полиция басқармасының ауласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларына орнатылған «Бейбіт күннің батырлары» обелиск-ескерткішінің жанында жиын өтті.
Шараны ашқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Төлеуов «Ерлер – елдің қорғаны» деген аталы сөзді басшылыққа алып, бейбіт тірлікті қас қақпай күзетіп, халыққа қорған болу әр азаматтың парызы екенін баса айтты.
– Бүгінгі жиынның мақсаты – қызметтік борышын орындау кезінде қаза болған әріптестеріміздің рухына тағзым ету. Біз олардың ерлігін әркез еске аламыз. Өйткені азаматтардың өмірін қорғау жолында құрбан болғандарды ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақстандық полицейлер батылдығымен, табандылығымен ерекшеленеді. Олар өз күшін аямай, еліне жанқиярлықпен қызмет етуді жалғастыруда. Еліміз азаттыққа қол жеткізгеннен бері облыстық департаменттің 40 қызметкері қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты, – деді департамент бастығының орынбасары.
Келесі кезекте жиналған қауымды мерекемен құттықтаған ішкі істер органдарының ардагері, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Қалижан Алпысбаев өзі еңбек еткен жылдардағы естелігімен бөлісе келе, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған Амангелді Шарапиевтің өмір жолымен таныстырды. Одан кейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев, сала ардагері Ғабит Жылқыбаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болғандарды бейбіт күннің батырларына теңеді.
Амангелді Исабекұлының зайыбы Алмагүл мен баласы Елдар осындай тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырып, қылмыскерлер қолынан жан тапсырған әріптестерін еске алып, рухына мінәжат етіп жатқан қалалық ішкі істер басқармасының ұжымына алғыс айтты.
Жиынның ресми бөлімі мәресіне жеткен соң, барлық қатысушылар обелиск-ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза болған полицейлердің рухына тағзым етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ