-13 °c
Qonaev
Saturday, August 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ҰРПАҒЫҢА МЕДЕТ БЕР, ҰЛЫ БАБАМ!

    02.08.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ҰРПАҒЫҢА МЕДЕТ БЕР, ҰЛЫ БАБАМ!
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

          ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарындағы кешегі Кеңес заманы тұсында қысым көріп келген қазақ тарихы ғана емес, сол ұлттың қалыптасуы мен дамуына барынша үлес қосқан хандар мен билер, батырлар мен ақын-жыраулар да назардан тыс қалып келген болатын. Егемендігіміздің алғашқы жемісі ретінде ел басқарып, сөз ұстаған хандар мен билер, жерін жаудан қорғаған батырлар, халықтық идеологияның негізін қалаған дүлдүлдеріміз отандық тарих беттерінен орын ала бастады. Соның нақты бір айғағы Алатау қойнауында елге белгілі Райымбек батырдың 300 жылдық мерекесінің 2005 жылы республика көлемінде тойлануы еді.

    2005 жылдың 28 маусымында Премьер-Министрдің орынбасары «Алматы қаласының әкімі Алматы қаласында Райымбек батырға ескерткіш орнату мәселесін белгіленген тәртіппен шешсін» деген нұсқау шығарған болатын. Араға жеті жыл салып, Райымбек батырға оның есімімен аталатын көше бойынан, бұрынғы «Саяхат» автобекетінің қарсы алдындағы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің орнына еңселі батыр мүсіні орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Бүгін біз жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқының бүтіндігі үшін шайқасқан тарихи тұлға – Райымбек батырдың ескерткішін салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл оқиғаны көптен күттік. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақ тарихының мәдени мұралары түгенделіп, жүйеленіп отыр. Ұлтымыздың тарихында мәні өте зор ескерткіштер, сәулет өнерінің керемет туындылары қайтадан жаң­ғыртылды», – деген болатын.
    Көз тартарлық еңселі ескерткішке қуана қарай отырып, өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қазіргі батыр бабаның басына орнатылған ескерткіштің тарихына тереңірек үңілуді жөн көрдік.
    Қазақтың Ұлы жүзінің Албан руынан шыққан Хангелді батырдың немересі, Түке баласы Райымбек 1705 жылы туған. Тегіне келсек, былай өрбиді: Алжаннан төрт ұл туған, олар – Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық. Сырымбеттен – Бәйіт, Хангелді. Хангелдіден – Тілеуке, Түке, Мөңке, Тұрсын, Айбас, Қойбас. Түкеден – Райымбек. Атасы Хангелді ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Ұлы жүздің атақты адамдары Қодар би, Төле би, Сатай, Бөлек батырлармен орыс патшасы Анна Иоанновнаға Елші жіберіп, қазақ халқын сақтап қалу, ынтымақтасу жөнінде хат жолдаған. Ал немересі Райымбек батырға қатысты осы уақытқа дейін аңыз болып келген ауызша мәліметтерді жинастыруда Қабылбек Сауранбаев пен Мөкен Болысовтар үлкен еңбек етті. Олар­дың жинаған материалдары М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының қол­жазбалар қоры мен Алматы облыстық мемлекеттік мұрағат қорында, яғни Рақымжан Қилыбайұлының жеке қорында сақтаулы. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев батыр туралы «Райымбек! Райымбек!» поэмасын жазды. Поэма көркемдік шеберлігімен, қазақ тарихының қатпарлы астарына батыл баруымен қатар, аса ірі тұлғаның əдеби-көркемдік бейнесін алғаш рет даралап сомдауымен де танылды. Поэзияда қазақ тарихындағы сол кезеңдегі тұлға мен заман бейнесі жан-жақты ашылған. Поэма жазылған тұста қазақ прозасында тарихи тақырыптарға арналған романдар тізбесі жарық көріп, бұл мәселе қазақ əдебиетінің басты проблематикасына айналған болатын. Осынау күрделі тақырыпқа Мұқағали өз қатарларының ішінде алғашқылардың бірі болып қалам толғап, жұртшылық алдында ашылмай келген батырдың тұлғасын сомдады.
    Алғаш Райымбектің халыққа танылуын М. Мақатаев былайша жырлаған:

    Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,
    Қыран ба дерсің қылт еткен құсты
    қоймаған.
    Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
    Қамшы басына жейдесін ту ғып байлаған.

    Жайына қалып, өлі аруақ пен тірі аруақ,
    Келеді бала есімін өзі ұрандап.
    Тірілер шошып, жағасын ұстап,
    тұр аулақ.
    Өлгендер көрде түскен де шығар
    бір аунап,
    Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.

    Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,
    Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.
    Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
    Албанға алғаш өстіп өзін танытты!

    Райымбек батырдан тараған ұр­пақтар туралы мұрағат қорларында деректер баршылық. Мысалы, Қожағұл Райымбекұлы 1845 жылдың 2 маусымында Сібір қазақтарының шекара бастығы генерал-майор және кавалер Вишневский мен Аягөз округтік приказының заседателі міндетін атқарушы Смельницкийге жазған хаттарға қол қойған. Ал 1846 жылы 23 маусымда Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің Ресейге жазған хаттарында 11 сұлтан мен 27 бидің арасында Бөртен Хангелдиннің де есімі кездеседі. Райымбектің Нарт деген баласынан тарайтын Асылбек Нартов 1890 жылы Айт-Аламан болыстығының жетінші ауылының биі болған. Райымбек батырдан тарайтын Досжан деген ұрпағы 1970 жылдары Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында тұрған. Досжанның қолында Райымбек батырдың ошақ таңбалы ақ туының бір парақ қағаздың көлеміндей жұрнағы болған. Оны Досжан 1945 жылы Шығыс Түркістан өкіметі құрылғанда, соған өз қолымен табыс еткен. Батырдан тараған келесі бір ұрпағы Сәдуақас Ахметов дәрігер болып істеген. Алматы қаласындағы «Орбита» ықшамауданында тұрғандығы туралы мәліметтер сақталған.
    1950 жылдарға дейін Райымбек баба зиратына орнатылған күмбез сақталып келген еді. Елуінші жылдары аталған күмбез кірпіштерін қоныс аударып келушілер құрылыс материалдары үшін бұзып алады. «Орнында бар оңалар» демекші, Кеңес өкіметі кезінде Райымбек батырдан тарайтын ұрпақтар Алматы қаласындағы батырдың жерленген орнына белгі қою туралы бастама көтеріп, Қабылбек Сауранбаев, Рақымжан Қилыбаевтар Орталық партия комитеттері мен қалалық басшылықтарға жиі хат жолдап отырды. Мысалы, 1961 жылы Райымбек батырдың ұрпақтары Нарынқол ауданының Шалкөде ауылдық кеңесінің сессиясында батырдың Алматы қаласындағы қабірін қоршап, белгі қою жөнінде шешім қабылдап, оны Қазақстан Орталық комитетіне жолдап, рұқсат сұрайды. Сонымен қатар қаулының бір нұсқасын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтына да жібереді. 1963 жылы 14 қазанда Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Е.Дүйсенов Тарих, археология және этнология институтының директорына Райымбек батырға қатысты нақты тарихи деректер беруін сұрап, хат жолдайды. Аталған хатқа институт директоры, академик Ақай Нүсіпбеков жауап беріп, Райымбек Хангелдиннің ХVІІІ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға екенін, Албан руының белгілі батыры болғанын растайды. Академик фольклорлық деректерде Райымбек батыр Алатау, Жетісу өңірін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде белсенді күрес жүргізгендігін көрсете отырып, Райымбек батырдың ұрпақтарына қатысты деректік құжаттардың көшірмелерін жолдайды. Әйтсе де, ескерткіш орнату мәселесі хат жазып, құжат жинаумен шешіліп кете қоймайды. Бұдан соң батыр ұрпақтары атынан 1965 жылдың 18 тамызында Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары К.Ахметовке де хат жазылады. 1968 жылы 12 желтоқсанда Алматы қаласы Ленин ауданының сәулетшісі Иманбаевтан Тарих институтының директоры, академик Ақай Нүсіпбековке хат жіберіледі. Хатта сәулетші батыр ұрпақтарының 1966 жылы 31 желтоқсанда Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы С.Дүйсеновке жолдаған хаты өз қолына тигенін айтып, сәулетші ретінде қабірді тек қоршап қою жеткіліксіз, Райымбек батырдың қабіріне ұрпақтан-ұрпаққа жететін сәулет ескерткішін орнатуды ұсынады. Алайда сол кездегі идеология мен түрлі тарихи себептерге байланысты ескерткіш орнату мәселесі кейінге ысырылып қала береді.
    Араға біраз жыл салып, 1975 жылы 6 мамырда Қазақ ССР мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының орынбасары А.Ботпаев Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры Ақай Нүсіпбековке хат жолдайды. Хатта мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамына Алматы облысының азаматтары қаланың Әуезов ауданы аумағындағы Райымбек Хангелдиннің жерленген қабірін қоршап, белгі қоюды сұрап, бірнеше мәрте қайырылғаны айтылады. Осыған байланысты мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы институттан Райымбек Хангелдиннің өмірі мен қызметі туралы тарихи анықтама беруді сұрайды. Аталған хатқа институт ғалымдары батырға қатысты тарихи анықтама мен деректердің көшірмелерін қоса жібереді. Сонымен қатар 1975 жылы Қазақстан Республикасы Орталық комитеті мен Министрлер кеңесі, яғни сол тұстағы республиканың партия және өкімет басшылары Дінмұхамед Қонаев пен Байкен Әшімов қол қойған қаулы қабылданады. Онда «ХVІІІ ғасырдағы халық батыры, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске қатысқан, халық жасағын ұйымдастырушы Райымбек сияқты тарихи тұлғаның есімін мәңгі ел есінде қалдыру мақсатында Алматы қалалық атқару комитетіне батырдың қабіріне қала қаржысы есебінен белгі орнату жүктелсін және зират қаладағы тарихи ескерткіштер қатарына қосылсын» деп қаулы етілді.
    Республика басшысы, ұлт қайраткері Д. Қонаевтың араласуымен осы жылы батыр қабірі темір қоршаумен қоршалады. Мәселенің оң шешілуіне сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Кеңес Аухадиевтің де қосқан үлесі қомақты болды. Батыр бабамыздың қабіріне белгі қою мәселесі осылайша араға он бес жылдан аса уақыт салып барып қана шешімін тапты. 1981 жылы батыр қабірінің басына құлпытас орнатылады. Құлпытас сәулетшісі Т.Мағзұмов болатын.
    1982 жылы батыр қабірінің тарихи төлқұжаты жасалды. Төлқұжаттың жасалуына тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының аға ғылыми қызметкері А.Тоқтабайдың еңбегі сіңді. Төлқұжатта «Райымбек Хангелдіұлы 1705-1780 жж. Ескерткіш белгі 1981 жылы орнатылған. Ескерткіш орналасқан жер: Алматы қаласы, Ташкент көшесі, орталық зиратқа қарама-қарсы жер» деп көрсетілген. Ал қазіргі баба басына орнатылған зәулім кесене және ақ түйенің мүсіні 1990 жылдары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы жерге Алматы қаласының және облысының тұрғындары, еліміздің өзге аймақтарынан келген адамдар тәу етеді.

    Рашид ОРАЗОВ,
    Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері

    Ұсынымдар

    Жер бос жатпауы тиіс

    3 months ago
    “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 5000 нәресте дүниеге келді

    “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 5000 нәресте дүниеге келді

    2 years ago
    Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов:  Басты мақсат – өңір әлеуетін арттыру

    Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов: Басты мақсат – өңір әлеуетін арттыру

    4 weeks ago
    Бірнеше облыста донорлар ағзалары сәтті трансплантталды

    Бірнеше облыста донорлар ағзалары сәтті трансплантталды

    1 year ago
    Өмірі сазды әуенмен өрнектелген

    Өмірі сазды әуенмен өрнектелген

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>