Перейти к содержимому
Главная страница » Еңбегімен ел құрметіне бөленген

Еңбегімен ел құрметіне бөленген

     Малайсары жотасынан басталып, сол жағы Ілеге жанасып, оң жағы Сарыескі (Есік) атырауы арқылы Қаратал өзенін жағалап, Балқаш көліне тірелетін байтақ өңір – Балқаш ауданы. Оны білмейтін жан жоқ. Бұл өңір – халқымыздың қаймағы бұзылмаған ұлттық құндылықтар кешені іспетті. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан жұрты бар. Шаруашылықтың сан саласын жетілдіріп, төрт түлік мал мен егін өсіруде үлгі көрсетіп, облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосқан, ұрпағына өріс, киелі қоныс болған атамекен. Табиғаты ерекше бай. Іле өзенінің жағалауы көлдерімен көз тартады. Онда аққу ұшып, қаз қонып, айдыны үйректермен иректелген, балығы тайдай тулаған, тоғайы неше түрлі аңдарға толы өзіндік ғажап тіршіліктің қайнаған ортасы.

Қазақ халқының басынан өткен қилы замандарды балқаш­тықтар да басынан кешіре жүріп, еліне есе алып берер көсемдер мен шешендерді, батырлар мен ақындарды, өнер саңлақтарын өмірге келтірген. Небір тұлғаларды тұғырына қондырды. Солар – атақты еңбек майталмандары, мемлекеттік қызметкерлер, қайраткерлер қанша биікке көтерілсе де, туған өлкесін атажұртым деп қастерлеп, төл ауданынан ешқашан қол үзген жоқ. Олар перзент ретінде қолынан келгенше елі мен жерінен қамқорлығын аямады. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген тәмсіл осы жерге де арнап айтылған сияқты.
Ата жолын қуған, ат жалын тартып мінгеннен бастап, ел дәулетіне өзіндік үлес қосқан, бойындағы күш-жігері мен білімін, ұйымдастыру қабілеті мен білігін ізгі мақсатқа сарп еткен, сегіз қырлы, бір сырлы азаматты кім десек, ойымызға Сапарғали Алтынбайұлы Сәтбаев есімі оралады. Ол кісі бүгінгі таңда 75 жастың өріне қадам басты.
Бір сәт әңгімені әріден бастайық. Сапарғалидың әкесі Алтынбай Сәтбаев 1900 жылы осындағы Ұрпақбай қонысында дүниеге келіп, социализм дәуірінде сексен төртті дәуірлеп барып дүниеден озды. Өмірдің қиындығы мен қызығын басынан қатар кешкен, көпті көрген адам. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Ел-жұртының игілігі үшін тер төкті. Сондықтан шығар, көпшіліктің ол кісіге деген құрметі бөлек еді. Барша ағайын тік тұра қарсы алып, төрден орын беретін. Өмірінің соңына дейін ұрпақтарға өнегесін ұсынды. Үлкен-кіші азаматтарды айналасына топтастырып, көпшіліктің ауызбірлігі мен ынтымағын жарастырған ізгі шараларды жолға қойды. Артынан ерген жас толқынның бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білді. Ауылының абызы атанды.
Алтынбай атамыз бен Бибала апамыздан өрбіген балалар өз құрбы­сының алды болды. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырумен бірге, жақсы жандармен құда-жекжат болуға да қал-қадірінше мән берген. Сөйтіп Алтынбай әулеті тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналды.
Алтынбай әкеміз жас кезінен зерек, өнерге жақын, музыка аспаптарында шебер ойнап, ән салатын, саяттық жасап, бәйгеге атын баптап жарыста жүлде алатын, ұлттық құндылықтар­ды ұлықтауымен ерекшеленген екен. Қоғамдық істерге белсене араласыпты. 1921 жылы коммунистік партия қатарына өтіп, ұжымшар төрағасының орынбасары болған. Сол уақытта ол кісімен бірге еңбек еткен ауыл азаматтары Алтынбай атамыздың мәрттігін сүйіне әңгімелейді. Жағдайы нашар отбасыларға әрдайым қамқорлық жасап, азық-түліктерін түгендеп, киім-кешек тігуге мата беріп, басқадай тұрмысқа қажетті заттармен көмектескенін жерлестері ұмытпаған. Замандастарымен тізе қоса отырып, Ақкүшік Асанов, Баймолда, Мәжіби Топатаев секілді ауылға сыйлы азаматтармен ақылдасып, жұрттың үлкен шешім қабылдауына мұрындық болған. Ауылдың атын Бақбақты қойып, елдімекеннің іргетасын өз қолдарымен қалапты.
1942 жылы қарапайым еңбеккер қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Волохов майданында болады. Ленинградты қорғауға қатысады. Соғысты аман-есен Берлинде аяқтап, жеңімпаздар қатарында елге оралды. Ел іші де жетісіп тұрмаған. Түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, ауыл жұрты жан-жаққа тарап кеткен. Қажырлы азамат мұны да реттеуге атсалысады. Ақкүшік Асанов екеуі Шелек өңірінен бастап біраз аймақты аралап, жұртты қайтадан жинайды. Бақбақты ауылының өсіп-өркендеп, ұжымдасқан іргелі қара шаңыраққа айналуына осылай дем береді.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін «Бақанас» асыл тұқымды қой кеңшарында шопан болып еңбек етеді. «Дегерес» асыл тұқымды қойының Балқаш өңіріне жерсініп, қайта қалыптасуына күш салады. Өңірдің бүкілодақ көлемінде жетістіктерге жетуіне үлесін қосады.
Атамыздың еселі еңбегін ескерген жерлестері Бақбақты ауылындағы саябақты Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алтынбай Сәтбаев атына беруге жоғары жаққа ұсыныс жасайды. Биыл бұл мәселе шешімін тапты. Нәтижесінде «Алтынбай Сәтбаев саябағы» ауыл адамдарының демалатын мәдени орталығына айналды.
Мұны баяндап отырған себебіміз, мақаланың басты кейіпкері Сапарғали Алтынбайұлы осындай текті отбасын­да дүниеге келгенін білдіру еді. 1967 жылы аудан орталығындағы Бақанас орта мектебін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын «Бақанас» асыл тұқым­ды қой кеңшарының аға шопаны атанады. Дегересте де еңбек етті. Екі жылдан соң шаруашылықтың арнайы жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына студент болып қабылданады. Диплом­дық жұмысы «Дегерес», «Еділбай» қой тұқымдарының оң қасиеттері» тақырыбында қорғалыпты. 1974 жылы жоғарғы оқу орнын бітіреді.
Жас маман «Бақанас» асыл тұқымды қой кеңшары­на қарасты Құланбасы ауылындағы №1 фермасына зоотехник болып орналасады. Негізгі істерімен бірге қоғамдық жұмыстарға да араласты. Оған бұрыннан қалыптасқан еді. Мәселен, Сапарғали жаз кезінде студенттік құрылыс отряды құрамында Панфилов, Қошмамбет ауылдарында үй салуға қатысты. Студенттік механикалық отрядпен бірге Торғай даласында комбайнды меңгерді. Тіпті, астықты алқаптан қомақты табыспен оралып, өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз еткені бар. Ең бастысы, ондай белсенділіктің адамдармен етене араласуға себі тиді.
Кеңестік кездегі үрдіс бойынша қызметтік лауазымда өрлеу үшін коммунистік партия қатарына өту – басты шарт. Шаруашылықты басқару кеңшар директорының қолында болғанымен, саяси басшылық партия ұйымының құзырында. Партия ұйымы жас маманға кеңшар комсомол комитетінің секрета­ры қызметін еншіледі. Жігерлі жас тапсырмаларды ойдағыдай орындады. Жастарды жаңалыққа жұмылдырды. Ауылдағы мәдени іс-шараларға мұрын­дық болды. Замандастарын спортқа баулыды. Түрлі мерекелердің мазмұнды өтуін қадағалады.
Сапекеңнің өзіне тән ерекшелігі – кітапты көп оқитын. Сөйлеу шешендігі мен ұйымдастыру қабілеті әсерлі еді. Әңгімелескен адамын тез баурап алатын. Сонымен қатар ат спортын жандандырды. Волейболдан шебер ойыншы әрі ұйымдастырушы болды. Оның басты дәлелі – «Бақанас» асыл тұқымды қой кеңшарының волейбол командасы он екі жыл бойы ауданда бірінші орынды ешкімге берген емес.
Сапекеңмен әңгімелескенде өзін еңбек майданында шыңдаған, басшылық жолға қалыптастырған ағаларын құрметпен атайтын. Олар – сол кездегі шаруашы­лық басшысы Тоқтасын Сатыбалдиев, партия ұйымының хатшылары – Темір Асқаров, Молдашбай Сәбитов, кәсіподақ комитетінің төраға­сы Жабықбай Мәкібаев, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Асылхан Қасымбеков, ауылдық кеңес төрайымы Тауықбала Құлымбаева, төраға Ыбырайым Тоқтыбаев еді.
Осынау жылдар ішінде жас маман аудандық партия комитеті және ауыл, кеңшар басшыларының назарынан сырт қалған емес. Нәтижесінде ол келешегі зор азамат ретінде бағаланды. Білімді ойдағыдай меңгергенін білді. Шаруаны ұйымдастыру қабілетін, ұжым арасындағы беделін ескере келіп, аудандық партия комитетінің ұйғарымымен кеңшар директоры оны асыл тұқымды қой өсірудің ядросы атанған Құланбасы елдімекеніндегі №1 фермаға меңгеруші етіп тағайындады.
«Бақанас» қой кеңшары – асыл тұқымды малмен айналысатын аудандағы жалғыз шаруашылық. Республикалық асыл тұқымды қой малы зауыттары тресі – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты ғалымдары тарапынан ерекше қадағаланған, ғылыми жұмыс жүргізетін шаруашылық. Грузия, Моңғолия, басқа да шетелдерге асыл тұқымды қой сатып, қомақты табыс тауып, ол елдердегі қой шаруашылығының дамуына үлес қосқан. «Дегерес» қойының ата қошқар­лары Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесінде жылма-жыл алтын медальды жеңіп алатын. Кеңестер одағына аты мәлім болғаны сондықтан.
1965 жылы жаңа үрдіс басталды. Балқаш ауданында орталық партия комитетінің ұйғарымымен Ақдала массивін игеру жоспары қолға алынды. Осы мақсатта жаңадан 10 күріш шаруашылығын ашу міндеті алға тартылды. Бақанас кеңшарының Іле өзені бойындағы шабындық жерлері, шұрайлы жайылымы бар телімдер, құдықтар жаңадан ашылған күріш шаруашылықтарына берілді. Енді ферманың тынысы тарылып, қыстауы Құланбасы жотасының ар жақ, бер жағы мен Жуанқұмның оңтүстік шығыс жағына ойысты. Жаз жайлауы мен қыстау арасы он шақырымнан аспайтын жағдайға жетті. Ірі сабақты мал азығын дайындау да өзекті мәселеге айналды. Шабындық жоқтың қасы. Мамыр айының басында бар мүмкіндігінше Құланбасы мен Малайсары жоталарының раң шөбін шауып, жақын жерлердегі қыстауларға жинаса, жетпегенін көрші күріш шаруашылықтарының аумақтарынан дайындауға мәжбүр болды. 3600 гектар арпа да осы жоталарға егілді. Қой малы сумен қысы-жазы су тасығыш автомашиналармен қамтамасыз етіледі. Науқандық жұмыстарға жұмысшы жетіспейді, малшы да тапшы, фермада 26 мың қой бар, шаруашылықтың 70 пайыз өнімі осында өндіріледі.
Міне, осындай күрмеуі көп, шешімі күрделі жағдайда ұжымды басқару оңай болған жоқ. Әсіресе қойды қолдан ұрықтандыру, қыста төлдету, оған жертөлелер соғу, қой қырқу, қозы бөлу науқандары – ферма басшысының иығына үлкен жүк артты. Сәпекең осындай сындарлы кезеңдерден ферманы сүріндірмей, абыроймен алып шығуды қамтамасыз етті. Қой қырқу, қозы алу, бордақылап етке өткізу көрсеткіштері бойынша ауданда алдыңғы қатардан көрінді. «Дегерес» асыл тұқымды қойы бүкілодақ көлемінде көзге түсті. Оның «Кеңестік социалистік ауыл шаруашылығы үздігі» иегері атанып, ғалымдармен бірге ақшалай сыйақы алғаны бар.
Ауыр бейнеттің зейнеті аудандық ауыл шаруашылығы озаттарының слетінде таразыланады. Сапекең бастаған ферма мамандары аудан басшылығы тарапынан Мақтау қағаздарымен мәрте­беленді. Ферманың шопандары мен механизаторлары ордендер мен медальдар тақты. Молдажан Мұсаев, Сәкен Кәдірбеков, Нұрмұхан Ақылбеков, Нақысбек Әділханов, Ілімахун Байболатов, Әділхан Исабаев, Сламхан Тінәлиевтер әр 100 саулықтан 105-тен 125-ке дейін төл алып, 2,7- 3,2 кг-нан жүн қырқып, мал басын аман сақтап, ферма абыройын асқақтатты.
Мен де Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зооин­женер факультетін бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолымды 1979 жылы осы фермада он екі комсомол жастан тұратын «Арай» комсомол-жастар қой бордақылау кешенінің жетекшісі болып бастап, 4000 бас ісек қойын бордақылап, көктемде 51 келіден етке өткіздік. Ферманың кіші зоотехнигі, аға зоотехник болып Сапекеңнің қарамағында үш жыл жұмыс істедім. Көп нәрсені үйрендім. Сапарғали Алтынбайұлы күнделікті жұмыспен қатар мәдени шараларды да назардан тыс қалдырмайтын. Ұлттық ат спортына ден қояды. Бәйгені дүбірлетті, фермааралық көкпар ойынының да ұйытқысы болды. Аудандық аламан бәйгеден Үйсінбайдың жирен төбелі, Әзімшайықтың ала аяқ жирен қасқасы секілді сәйгүліктер бірінші орынды бермейтін.
Ферма басшысы ретінде жұмысты ұйымдастырумен қатар оның орын­далуын жіті қадағалады. Мамандар мен жұмысшыларының қал-жағдайын да бір сәт естен шығарған емес. Бір жақсылық, бір қиыншылықта әріптестер жанынан табылатын. Қамқорлығын аямады. Кішпейілдігімен, мәрттігімен көпшіліктің көңілінен шықты. «Ұлық болсаң – кішік бол, жусаннан аласа, бетегеден биік бол» деген осы шығар?!
Шаруашылық ішіндегі ратациялық өзгерістерге байланысты кейінде №2 ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып жұмыс істей келе, аудандық партия комитетінің ұйғарымымен 1987 жылы аудандық агроөнеркәсіп комитетінің бұйрығымен Сапекең Қарой кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалды. Қарой – ірі қара малының «Санта-Гертруда», қазақтың ақбас, қалмақ тұқымымен қатар қой шаруашылығымен айналысатын Іле өзені атырабындағы көлемі жағынан аудандағы іргелі шаруашылық болатын. Бас зоотехниктік қызметпен қатар кеңшар еңбеккерлері сенім білдіре отырып, бірауыздан дауыс беріп, шаруашылық жұмысшылар коллективі төрағасы қызметіне сайлады. Мұнда да абыройы артып, ел сеніміне бөленді.
1990 жылы Бақбақты кеңшарына бас зоотехник болып ауысты. Онда ірі қара малын бордақылау кешенін ашып, мемлекетке сапалы ет дайындаумен айналысты. Осы уақыттарда кеңшар экономикасы қарқынды дамып, табысы еселене түсті. Менің анық білетінім, Сапекең қай жерде жұмыс істесе де ұжыммен тіл табысып, елдің сеніміне кіріп, жұрттың үмітін ақтай білді.
Педагог зайыбы Ділдаш Кездікбай­қызымен дүниеге үш ұл, екі қыз әкеліп, оларды ұлағатты тәрбиеге қанықтырып, азамат етіп өсірді. Немерелерін атаның ақ жолына баулыды. Бәрі жоғары оқу орындарын бітіріп, Қазақстанның болашағына әр салада өз үлестерін қосып, абыройлы еңбек етуде. Туыстары да Сапакеңнің мәртебесіне сай азаматтар. Бауыры Қали ауданның Құрметті азаматы, көп жылдар партия, кеңес қызметтерінде еңбек етті. Ауыл әкімінен зейнеткерлікке шықты. Ауданның тағы бір Құрметті азаматы Шолпан да көп жыл медицина саласында халыққа сапалы қызмет көрсетті, алғысқа бөленді.
Сапекең зейнеткер екенмін деп қарекетсіз отырған жоқ. «Әкеден ұл болып туса екен, әке жолын қуса екен» демекші, жеке қожалық ұйымдастырып, жылқы шаруашылығын дамытуда. Атбегілікті берік қолға алған. Баптаған сәйгүліктері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда бас жүлдені қанжығаларына байлап келеді. Мәселен, қазақ халқының біртуар перзенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.Қонаевтың 100 жылдық торқалы тойында «Сармақ» атты сәйгүлік бас бәйгені жеңіп алса, «Экспо – 2017»-де аламан бәйгені «Шәйкүрең», ал Астанада өткен «Номад – 2024» дүниежүзілік көшенділер ойындарында аламан бәйгені «Айқабақ» атты сәйгүлігі олжалады.
Еліне сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденін иеленді. Республика Прези­дентінің Алғыс хаты мен «Алтын барыс» төсбелгісі, Балқаш ауданының Құрметті азаматы, басқа да алған марапаттары өзінше бір төбе. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, Сапекең – социалистік қоғамда шыңдалып, нарықтық заманда егемен еліне үлесін қосқан, мұратына жеткен жан. «Кешегі өмір – бүгінгі тарих, өткенін сараламаған елдің келешегі бұлыңғыр» демекші, асыл жанның өмір жолын ұрпаққа таныстыру, үлгі ету ол кісімен үзеңгілес болған, бірге қызмет істеген, сол кезеңнің куәгері – біздің азаматық борышымыз деп білемін!
Сөзімнің соңын құрметті Сапарғали Алтынбайұлы, 75 жасқа толған торқалы тойыңыз құтты болсын, деніңіз сау, отбасыңыз аман, төрт құбылаңыз тең болсын деген тілекпен аяқтағым келеді.

Тынышбай Досымбеков,
Алматы облысының
Құрметті азаматы