«Аврора Холдинг» компаниялар бірлестігі ел нарығында 15 жылдан астам уақыттан бері табысты қызмет атқарып келеді. Холдингтің әрбір бағытына тиесілі өндірістік алаңдары Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында орналасқан. Бүгінгі таңда жалпы қызметкерлер саны 2000-нан асады, ал аймақтық өкілдіктер Қазақстан Республикасының барлық аумағында жұмыс істейді.
«Аврора Холдинг» компаниялар бірлестігі корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Холдинг әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға белсенді түрде қатысып, еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлердің денсаулығын қорғау және кәсіби дамуына бағытталған шараларды үнемі жүзеге асыруда. Орнықты дамуды және қоғам игілігіне үлес қосуды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастыратын компания жеткен жетістіктеріне мардымсымай, өздері шығаратын тауарлардың саны мен сапасын арттыру жолында еңбек етуде. Холдингтің негізгі артықшылықтарының бірі – өнім сапасы мен шығарылатын өнімде қазақстандық құрамның жоғары үлесін қалыптастыру десек, еш қателеспейміз.
«Аврора Холдинг» компаниясы негізінен үш бағытта еңбек етіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, бірінші – 2024 жылдың тамыз айына дейін «ЭТЗ Аврора» ЖШС деп аталып, бүгінде «Avrora Electric» деп өзгертілген кәсіпорын. Бұл – қазақстандық тауар өндірушілер тізімінде тіркелген, электрге арналған техникалық жабдықтар мен жинақталған трансформаторлық қосалқы стансалар өндіруге маманданған компания.
Мұнда шығарылатын негізгі өнімдер – жинақталған трансформаторлық қосалқы стансалар, 6, 10, 20 және 27,5 кВ кернеуге арналған тарату құрылғылары, төмен вольтты коммутациялық жабдықтар және басқа да бұйымдар.Өнімдер ГОСТ пен қолданыстағы нормативтік құжаттарға, стандарттармен техникалық шарттарға сай шығарылады және бұл тиісті сертификаттармен расталған.
Кәсіпорынның директоры Ғалымжан Жексенбиновтің айтуынша, мұнда шығарылатын құрылғылардың 60-90 пайызына дейін отандық өнімдер пайдаланылады. Елімізде өндірілмейтіндіктен микропроцессорлар ғана шетелден алынуда. Қалған бөлшектер толығымен өзімізде жасалады. Трансформатор стансаларын еліміздегі жарық компанияларынан бастап, құрылыс мекемелері, жеке кәсіпорындар мен заңды тұлғалар тапсырыс беру арқылы алып келеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталуда.
«Avrora Electric» кәсіпорнында бүгіндері 70 адам еңбек етеді. Жалақы мөлшері жоғары болғандықтан мамандар жетіспеушілігі сезілмейді. Мұнда негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етуде, олар әлеуметтік қолдаумен толықтай қамтамасыз етілген. Компанияның жетістіктеріне келер болсақ, 2022 жылы 25-160 кВА номиналдағы 15 трансформаторлық қосалқы стансасын жеткізу конкурсында жеңімпаз атанып, 2023-2024 жылдары 218 336 496 теңге болатын өнім өндірді. Компания сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» ЖШС сияқты ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарға әлеуетті жеткізуші болып есептеледі және ERG құрамындағы компаниялар тобының жеткізушілер тізіміне енген.
Бұл компаниялар тобының тағы бір бағыты – Қазақстан аумағындағы ең ірі дезинфекциялау құралдарын, тұрмыстық және өнеркәсіптік химия, сондай-ақ парфюмериялық-косметикалық өнімдер өндірумен айналысатын «Аврора» өндірістік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Мұнда бүгінде 200-ден астам атауы бар өнімдер шығарылады. Өнімдер техникалық реттеу талаптарына, ҚР және ЕАЭО стандарттарына толық сәйкес. Яғни тауарлардың сапасы халықаралық талаптарға толықтай жауап береді.
Кәсіпорын рецептураларды әзірлеуден бастап, қаптаманы өндіру, құю және таңбалауға дейінгі өндірістің толық циклын қамтамасыз етеді. Бүгіндері «Аврора» зауытында шығарылатын өнімдерді еліміздегі өнеркәсіп, тұрмыстық сала, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелері және қызмет көрсету саласы молынан пайдалануда. Сапа және қауіпсіздік мәселелеріне келер болсақ, мұндағы барлық өнімдер сертификатталған. Ұлттық стандарттар мен техникалық регламенттерге сай өндіріліп, көп деңгейлі сапа бақылауынан өтеді. Алматы қаласында орналасқан компанияның логистикасы жақсы ұйымдастырылған, қалыптастырылған жүйе арқылы өнім бүкіл Қазақстан аумағына уақытылы жеткізіледі.
– Біздің кәсіпорын еліміздегі өнеркәсіп орындары, тұрмыстық сала, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелері және қызмет көрсету саласына арналған дезинфекциялау құралдарын, тұрмыстық және өнеркәсіптік химия, сондай-ақ парфюмериялық-косметикалық өнімдер өндірумен айналысады, – дейді компанияның бас директоры Максим Яскель. – Өнімдерімізді еліміздің үлкен сауда орталықтарынан көруге болады және тұтынушылардың сұранысына ие болған деп айтуға толық негіз бар. 2010 жылдары дезинфекциялық сұйықтықтар шығарудан бастап, бүгінде көптеген өнім өндіруді жолға қойғанбыз. Қазіргі таңда 150 адам еңбек етеді. Әзірге маман тапшылығын сезініп отырған жоқпыз.
Максим Валерьивичтің айтуынша, өндірістің қуаттылығы әзірге Қазақстан нарығының 4-5 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Бұл салада Қазақстан үлесі бүгінде бар-жоғы 10 пайызды құрайды. Қалғаны толықтай шетел кәсіпорындарына тиесілі. Сондықтан өндірісті кеңейте отырып, нарықтағы үлесін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр.
«Аврора Холдинг» компаниялар тобының тағы бір бағыты – «Аврора 77» зауыты блок-модульдік ғимараттар мен металл конструкцияларды жобалау және өндірумен айналысады. Өндірістік база Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш елдімекені аумағында орналасқан. Заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өнім сапасының жоғары деңгейі, қазақстандық құрам үлесінің едәуір болуы оның артықшылығы деп айтуға болады.
Қауіпсіздік органдары мен шекара қызметіне қажетті металл конструкциялар мен бақылау мұнараларын (оқ өткізбейтін нұсқалары бар) жобалаумен, телекоммуникация саласына арналған антенна-мачталық құрылымдар, технологиялық контейнерлер мен жабдықтарды орналастыруға арналған басқа да бұйымдар, әртүрлі салаға арналған блок-модульдік ғимараттар, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандарына арналған металл конструкциялар өндірумен айналысатын кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс жоғары екенін айта кету керек. Тау-кен өндірісіне арналған вахталық модульдік тұрақтардан бастап, бүгінде жақсарып келе жатқан жол бойындағы дәретханалар мен аялдамаларға дейін өндіретін компанияның мүмкіндігі кең екенін зауыт аумағын аралай жүріп көз жеткіздік. «Пепсикола» өндірісіне арналған ғимараттар мен Алматыдағы жасөспірімдерге арналған орыс театрын реконструкциялау да осы кәсіпорынға жүктеліпті.
– Зауытта 47 адам тұрақты еңбек етеді, – дейді зауыт директоры Алитет Ахметов. – Жұмысшылардың жалақысы – 300 мыңнан жоғары. Олардың демалуына, тамақтануына, жуынуына қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
Қазақстандық өнімдермен жұмыс істейтін зауыт алдағы уақытта өндіріс аймағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ең заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіпорынның оған мүмкіндігі жететініне шек келтірмедік.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы