Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп, «Мемлекет-халық үшін жұмыс істеуі тиіс. Азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру, өңірлерді тең дамыту, елдімекендердегі инфрақұрылым мен тұрғын-үй мәселелерін шешу – бұл басым бағыттарымыздың бірі» – деп атап өткен болатын.
Осыған орай, аудан орталығы Кеген ауылында әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынған 72 пәтерлі тұрғын үйдің 12 пәтері тұрғын үй иелеріне табысталды. Оған аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, аудан прокуроры Алмат Данилов, Кеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, мекеме басшыларымен тұрғындар қатысты.
Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан игі істердің айқын көрінісі. Тұрғын үйлердің құрылысын «Компания Строй индустрия» ЖШС жүргізді.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жаңа үй иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өз құттықтауын жеткізді.
– Бүгін Кеген ауылы үшін ғана емес, бүкіл ауданымыз үшін айрықша мәні бар тарихи әрі қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Баспана – әрбір отбасының ең асыл арманы, ең үлкен бақыты. Мемлекетіміздің әлеуметтік бағыттағы саясаты аясында бой көтерген 72 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстау-сол арманның ақиқатқа айналғанының жарқын көрінісі. Соңғы алты жылдың ішінде ауданымызда 101 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – ауданымыздағы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі нәтижелі жұмыстың көрсеткіші. Тұрғын үй мәселесін шешу-аудан басшылығының басты назарындағы өзекті бағыттардың бірі болып қала береді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын табады,- дей келе жаңа шаңырақтың салынуына үлес қосқан мердігер «Компания Строй индустрия» ЖШС-нің директоры Самат Қанатұлына, құрыш білекті құрылысшыларға аудан тұрғындарының атынан шынайы ризашылығын білдіріп, тұрғын үй иелеріне кілттерді табыс етті.
– Баспана – тірліктің шаттығын, еңбектің қуанышын, өмірдің бақытын сыйлайды, – деген аудан прокуроры Алмат Данилов жаңа қоныс иелерін қуанышты сәттерімен құттықтады.
Одан кейін сөз алған Кеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов халықты баспанамен қамту-мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ақ батасын берді.
Бұдан соң аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, аудан прокуроры Алмат Данилов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева ресми түрде жаңа тұрғын үйлердің лентасын қиды. Одан кейін шараға келгендер қоныс үйлерінің ішін аралап көрді.
Алдағы уақытта да тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





