«Наурыз айы туғанда той болушы еді бұл маңда» демекші, биыл Іле ауданында Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі бұрын-соңды болмаған жаңа форматта, кең көлемде ұйымдастырылды. 10 мыңнан астам тұрғын мен қонақтың басын қосқан айтулы шара аудан өміріндегі маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды.
Мерекелік шара Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойынан бастау алып, ұлттық нақыштағы ерекше атмосфера қалыптасты.
Көше бойына тігілген киіз үйлер мен шатырларда халқымыздың бай салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ақ дастархан жайылып, тұрғындарға наурыз көже ұсынылды.
Алаңда 5 киіз үй мен 70-ке жуық шатыр тігіліп, аудан мекемелері, кәсіпорындар мен этномәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – «Наурыз Digital» форматындағы заманауи алаңның ұйымдастырылуы болды. Арнайы аймақта робототехника көрмесі өтіп, келушілер жаңа технология жетістіктерімен танысып, цифрлық даму мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.
Мерекелік бағдарлама аясында кең көлемді концерт ұйымдастырылып, сахна төрінде танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік кеш көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, ұлттық және спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Қазақша күрес, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сынды дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып, тұрғындар белсенді қатысып, мерекелік рухты бірге сезінді. Алтыбақан құрылып, көпшілік ұлттық ойын-сауықты тамашалап, мазмұнды демалыс өткізді.
Осылайша, Іле ауданында өткен Наурыз мерекесі ұлттық құндылықтар мен заманауи үрдістерді үйлестірген, мазмұны бай, ауқымды әрі бірегей «Naурыз Digital» форматындағы мереке ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.






