Алатаудың етегінде, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың ізі қалған қасиетті Ұзынағаш топырағында биылғы Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен есік ашты. Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің алдындағы орталық алаңда өткен мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысты.
Мұнда жиналған қалың жұрттың жүзінен нұр, көңілінен шуақ еседі. Сағынып жеткен Әз-Наурыздың «Төрлет, Наурыз, еліме!» атты салтанаты тек ойын-сауық емес, ұлттық болмысымыздың қайта жаңғырған сәтіндей әсер қалдырды. Ақ жаулықты әжелердің шашуы мен көктемнің алғашқы лебі астасқанда, көнеден жеткен театрландырылған қойылым көрерменді тарих қойнауына жетелеп, жыл басының қадір-қасиетін ұқтырғандай болды. Тарихи кейіпкерлерді сомдаған Сүйінбай театрының әртістері Қызыр ата болып бата беріп, Жамбыл ақын болып жыр нөсерін селдетті. Енді бірде биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтетін белгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев болып ұрпаққа ұлағатын арнады.
Мерекенің шырайын кіргізіп, елдің қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев салтанатты сәтте сөз алып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жамбылдықтарға деген ыстық ықыласын жеткізді. Сонымен қатар жуырда өткен жалпыұлттық референдумда саяси науқанның заң аясында өтуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа көпшілік алдында аймақ басшысының Алғыс хатын тапсырды. Бұл тек ресми құттықтау емес, еңбегі еленген азаматтарға көрсетілген құрмет пен елдің бірлігіне деген шынайы алғысқа ұласты. Келесі кезекте аудан басшысы Нұрлан Ертас ақжарма тілегін білдірді. Алаңдағы ақшаңқан киіз үйлер мен қаз-қатар тізілген қолөнер бұйымдары қазақы мәдениеттің өміршеңдігін паш етіп, шеберлердің қолынан шыққан жәдігерлер көздің жауын алды.
Ән десе, ішкен асын жерге қоятын жұртшылық «Майтөбе» әнінің әуезіне елтіп, Ұлжан Айнақұлованың жезтаңдай дауысымен бірге тербелді. «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің күмбірлеген күйі мен эстрада жұлдыздарының өнері Ұзынағаш аспанын әсем әнге бөлеп, ұлттық рухты асқақтата түсті. Алаңның енді бір шетінде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, білекті де жүректі жігіттер қазақ күресінен сынға түсіп жатты. Сауда-саттық қызып, қазан-қазан наурыз көже ішілген бұл думан – ағайынның ақ ниеті мен берекесінің символына айналды. Ұлыстың ұлы күнінде Ұзынағаш халқы жаңару жолына нық қадам басып, келер күнге деген үміт пен сенімді ұштай түсті.
Жамбыл ауданының жұртшылығы бұл күні тағы бір қуанышты сәттің куәсі болды. Еңбекшіарал ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ұлыстың ұлы күнінде пайдалануға берілген аса маңызды медициналық нысанның ашылуы – ел игілігі жолындағы тағы бір маңызды қадам саналады.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ аудан әкімі Нұрлан Ертас, облыстық денсаулық сақтау және өзге де басқармалардың басшылары, аймақтың белгілі адамдары ауыл жұртшылығының қуанышына ортақтасты. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме – «Техно Снаб 2002» ЖШС-ның учаске бастығы Әділет Адамбаев ғимараттың нышан кілтін ауылдық амбулатория меңгерушісі Гүлғайша Өмірәлиеваға тапсырды. Нысанның лентасы қиылып, Ғани Айдарұлы бастаған құрметті қонақтар ішін аралап көрді. Мекеме қажетті медициналық құралдармен жабдықталып, жұмыс істеуге барынша қолайлы жағдай жасалған.
Қарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекшіарал ауылында бой көтерген дәрігерлік амбулатория ғимараты «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Бұл бағдарлама ауылдық елдімекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік сатып алу келісімшартына сәйкес жүргізіліп, толықтай аяқталды.
Жаңа амбулаторияның іске қосылуы ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, жергілікті халықтың денсаулығын нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





