Іле ауданында Әз-Наурыз мерекесі жаңа форматта ұйымдастырылды. Он мыңнан астам тұрғын мен қонақтың басын қосқан мерекелік шара Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойынан бастау алды.
Көше бойына тігілген киіз үйлер мен шатырларда халқымыздың бай салт-дәстүрі кеңінен насихатталып, ақ дастарқан жайылып, тұрғындарға наурыз көже ұсынылды.
Алаңда 5 киіз үй мен 70-ке жуық шатыр тігіліп, оған аудан мекемелері мен кәсіпорындар атсалысса, этномәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық ерекшеліктерін паш етті. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – «Наурыз Digital» форматындағы заманауи алаңның ұйымдастырылуы болды. Арнайы аймақта робототехника көрмесі өтіп, келушілер жаңа технология жетістіктерімен, цифрлық даму мүмкіндіктерімен танысты.
Мерекелік бағдарлама аясында кең көлемді концерт ұйымдастырылып, сахна төрінде танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Сонымен қатар ұлттық және спорттық ойындар кеңінен насихатталды. Қазақша күрес, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сынды дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып, оған тұрғындар белсене қатысты. Алтыбақан құрылып, жастар ұлттық құндылықтармен сусындады.
Осылайша Іле ауданында өткен Наурыз тойы ұлттық дәстүр мен заманауи үрдісті үйлестірген «Naурыз Digital» форматындағы ерекше мерекеге айналды.
Алма Топантайқызы
Іле ауданы





