Кеген ауылындағы Д.Қонаев, Бидайбек және Ә.Молдағұлова көшелерінің тұрғындары Наурыз мейрамын бірге тойлады. Олар бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен қазақтың көне салт-дәстүрін қайта жаңғыртты. Әдеп-ғұрыпты насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті.
Наурыз-думан ауыл ақсақалы Қанибай Өмірбайұлының ақ батасымен бастау алды. Шараға арнайы қатысқан Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық сияқты құндылықтардың бәрі осы мерекеде көрініс табады. Сіздерді осы шуақты көктем мерекесімен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – дей келе көшенің белсенді азаматтарын аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың Алғыс хатымен марапаттады.
Көше ақсақалдары Лехан Тастанов, Сыдық Исабек сөз сөйлеп, көпшілікке ақ баталарын берді. Арыстанбек Тұрлыханов, Жансерік Жұмабекұлы, Ернұр Нұрсаханұлы, Ерден Бекетайұлы, Ділмұрат Қыдырханұлы сынды азаматтар ауылдықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Әжелер бесікке бөлеу, тұсаукесер сынды салт-дәстүрді көрсетті. Рәсім барысында бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, жиналғандар ақ тілектерін білдірді. Ақ жаулықты аналар шашу шашты.
– Біздің мақсатымыз – көше тұрғындарының ынтымақ, береке, бірлігін нығайту. Осы шараны өткізу үшін көп дайындалдық. Тұрғындардың бірлігінің арқасында барлығы сәтті өтуде. Алдағы жылы осы дәстүрді басқа көшелер жалғастыратын болады, – деді ұйымдастырушы Ерғали Сатыбалдыұлы.
Үш көшенің тұрғындары халық әндерін шырқап, би билеп, мереке көрігін қыздырды. Мұндай шара Ақтасты ауылында жалғасын тауып, Наурыз мерекесі ерекше ұйымшылдықпен өтті. Ауыл тұрғындары үш киіз үй тігіп, Береке, Татулық, Ынтымақ ауылдарына бөлінді. Киіз үй салт-дәстүрімізге сай безендіріліп, ұлттық бұйымдардан көрме ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесіне жайылған дастарқандағы дәмдердің молдығы да ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен аста-төк берекесін білдіріп жатты. Әр ауыл көрсеткен тұсау кесу, бесікке салу, сүндетке отырғызу дәстүрлері арқылы ұлттық құндылықтарымыз паш етілді. Ерекше әсемделген аттарға мінген бозбалалар, ұлттық киім киген әсем бойжеткендер мерекеге сән кіргізді. Ұлттық ойындар асық ату, батпан көтеру, қол күрес тартысты өтіп, жеңімпаздарға сыйлық берілді.
Арнайы құрылған комиссия үш ауылдың өнерін тең бағалап, кәсіпкер Айдар Құрмановтың демеушілігімен Береке, Татулық, Ынтымақ ауылдарына қаржылай сый табыстады.
Жыл қорытындысына сай, ауылда өз еңбектерімен елеулі болған он азаматты ауыл әкімі Ерболат Төребаев Мақтау қағазымен марапаттап, Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырған Ақтасты ауылдық клубының меңгерушісі Жандос Асановқа алғысын білдірді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




