Соңғы жылдары Кеген ауданында құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, ел мүддесіне жұмыс жасап жатқаны көңіл қуантады. Әсем ғимараттар өңірдің де ажарын аша түсуде. Осы орайда ауданда қандай құрылыс жұмысы жүргізілгенін бағамдап өтсек.
Құрылыс жұмысының көлемі бойынша былтыр 10 млрд 445 млн теңгенің жұмысы жүзеге асты. Атап айтар болсақ, Тасашыда ауылдық әкімдік ғимараты салынды. Қарқара ауылында тұрғын үймен біріктірілген полиция пунктінің құрылысы аяқталды. Аудан орталығы Кеген ауылының кіреберісіне еңсесі биік арка салынып, көпшіліктің көзайымына айналды. Кеген аудандық мәслихаты ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жұмысы толығымен аяқталды. Жалағаш, Жылысай, Бөлексаз ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Биыл Кеген, Тасашы, Шырғанақ ауылдарындағы көпқабатты тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 85,3 млн теңге бөлініп, мердігерлер анықталғаннан кейін құрылыс жұмысы басталады деп күтілуде. Кеген ауылындағы 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтауға 729, 8 млн теңге бөлініп, биыл нысан қолданысқа берілді. Ұзынбұлақ ауылында жеке қаражат есебінен 12, 0 млн теңгеге өрт сөндіру бекеті салынды. Жаңа бекет ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан болып саналады. Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан 2 арнайы өрт сөндіру техникасы табысталып, бекеттің материалдық-техникалық базасы күшейтілді.
Жуырда тағы бірнеше нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Қарабұлақ ауылындағы су жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт, Жылысай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Сондай-ақ Жалағаш ауылында жалпы құны 1125,0 млн теңгені құрайтын 50 орынды спорттық сауықтыру кешені, республикалық «Кеген-Нарынқол» күре жолының бойында «COMPASS» жанар-жағармай құю бекеті салынуда.
Былтыр «Өңірлерді дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Ұзынбұлақ, Қарабұлақ, Жайдақбұлақ ауылдарына мал емдеу қоршауын орнатуға 11,3 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.
Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан Жалағаш ауылдық округінде модульді ветеринариялық пункт салуға 21,0 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізілді. Жалаулы ауылында 48,0 млн теңгеге, Саты ауылында 45,6 млн теңгеге мал қорымдары салынады. Сонымен қатар Шырғанақ, Бөлексаз, Қарабұлақ және Тұйық ауылдарында әрқайсысы 30,0 млн теңгеден модульді ветеринарлық пункттер салу жоспарланған. Оның сыртында Түменбай және Темірлік, Ереуіл, Күрметі, Ақтасты, Бөлексаз, Тұйық ауылдарынан мал емдеу қоршауын орнатуға 24,6 млн теңге жергілікті бюджет есебінен қарастырылуда.
Бүгінде аудан көлемінде көпбалалы аналардың саны артып, оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Кеген ауылынан жаңадан салынған 72 пәтердің кілті аз күнде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік топ өкілдеріне табыс етілмек.
Ауданның құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Мұның бәрі халық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Бұдан бөлек, аудандағы сәулеті келіскен кәсіпкерлік нысандардың да қатары жыл сайын көбеюде. Бұл ауданымыздың жаңа келбетте дамуына жол ашуда.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




