Жамбыл ауданында Қазақстан Халқының бірлігі күні өзіне тән сән-салтанатпен аталып өтті. Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінің алдындағы орталық алаңға мерекелік көңіл-күйде жиналған тұрғындар ынтымақ пен бірлікті паш еткен көріністің куәсі болды. Ауданды мекендейтін сан ұлттың өкілдері ортақ шаңырақ астында өздерінің ән-биін ұсынып, ұлттық мәдениетін жарқырата көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев көпшілікті мерекемен құттықтап, бұл күн ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен достықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Қазақстан – бейбітшілік мекені. Әр ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі мемлекеттің ең үлкен жетістігі. Жамбыл ауданы ежелден бірлік пен татулықты ту еткен құтты мекен. Мұнда түрлі этнос өкілдері өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етуде. Бұл ата-бабадан жалғасқан асыл қасиеттің, бүгінгі буынның парасатты ұстанымының жемісі. Оның айқын көрінісі осы мерекеде тағы бір байқалды.
Салтанатты сәтте облыстық қоғамдық келісім және даму орталығының және Жамбыл ауданы әкімінің Алғыс хатымен бірқатар азамат марапатталды. Олардың ішінде орыс, түрік, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, қоғамдық келісім саласында еңбегімен ерекшеленген азаматтар бар.
Орталық алаңда сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мен өнер мектептерінің, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сахнада аудандық «Сүйінбай сазы» ансамбі мен өзге де өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




