Перейти к содержимому
Главная страница » Тарихи нысан бақылауға алынды

Тарихи нысан бақылауға алынды

Талғар ауданының Белбұлақ ауылында генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның құрылуына арналған ескерткіштің жанында жергілікті кәсіпкер өз бизнесін дамыту ниетімен мемлекеттік жер қоры учаскесінде рұқсатсыз жер қазу жұмыстарын бастаған. Ол жер – ескерткішке қызмет көрсету аймағына жатады, сондықтан кез келген қарекет заңмен белгіленген тәртіпте ғана жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты ауыл тұрғындары дабыл қақты. Олардың өтініші бойынша облыс әкімдігі өкілдері және бейінді қызмет мамандарының қатысуымен комиссия құрылды. Оған облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Осман басшылық етті. Көшпелі талқылауға Талғар ауданы әкімінің орынбасары Әнуарбек Әскербеков те қатысты.

Оқиға орнына келген комиссия мүшелері аумақты қарап шығып, заңбұзушылық деректерін тіркеді. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, кәсіпкер Белбұлақ ауылдық округі әкімдігінің қарамағындағы 4,6 сотық жер телімінің бір бөлігін өз еркімен алған. Бұл жер Панфилов дивизиясының ескерткішіне қызмет көрсетуге арналған.

Бұдан басқа, көпшілік пайдаланатын аумақта топырақтың құнарлы қабаты алынған. Бұған дейін мұнда тұрғындарға арналған баспалдақтары бар өтпе жол болған. Комиссия мәліметіне сәйкес, кәсіпкер баспалдақты алып тастап, дүкенге кіретін жолды салу үшін сол соқпақты өз қажеттіліктеріне пайдалануды көздеген.

– Біз кәсіпкер тарапынан екі заңбұзушылық дерегін тіркедік. Біріншісі – Белбұлақ ауылдық округі әкімдігінің қарамағындағы және ескерткішке қызмет көрсетуге арналған жер телімін өз бетінше иелену. Екіншісі – жалпы пайдалану аумағындағы жердің құнарлы қабатын алып тастау. Бұл әрекеттер жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзғаны үшін, яғни өз еркімен басып алғаны үшін жауапкершілікті көздейтін ҚР ӘҚБК-нің 136-бабына жатады. Сонымен қатар, жердің бүлінуіне және қоршаған ортаны қорғауға байланысты ҚР ӘҚБК-нің 337-бабын бұзу белгілері байқалады, – деді аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Әскербеков. Оның айтуынша, кәсіпкерге түсініктеме берілді. Оған өз бетінше жұмыс жүргізуге, жалпы пайдаланудағы өтпе жолдың бүлінуіне, құнарлы қабаттың алынуына және тиісті рұқсатсыз аумақтың өзгеруіне жол берілмейтіндігі ескертілді. Учаске иесімен іргелес аумақты тиісті күтіп ұстау мәселесі бойынша профилактикалық әңгімелесу өткізілді. Әңгімелесу қорытындысы бойынша ол учаскені абаттандыру және жол берілген заңбұзушылықтарды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу міндетін өз мойнына алды.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жер, сәулет және басқа да салалық қызметтер мамандарының қатысуымен жер учаскесін тексеру актісін ресімдеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кәсіпкерге тиісті нұсқамалар беріледі. Аталған заңбұзушылық деректері бойынша материалдар заңнама шеңберінде шаралар қабылдау үшін жергілікті полицияға жіберіледі.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы