Перейти к содержимому
Главная страница » Қауіпсіз жол – ортақ жауапкершілік

Қауіпсіз жол – ортақ жауапкершілік

Жол қозғалысы қауіпсіздігі – қоғамның назарынан ешқашан тыс қалмайтын маңызды мәселелердің бірі. Күн сайын мыңдаған көлік қатынайтын Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебұлан Ахметов айтып берді. Оның айтуынша, биыл облыс аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

«Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, жол инфрақұрылымын жетілдіру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда бақылау күшейтілді», – дейді Еркебұлан Ахметов.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында Алматы облысында 1102 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 77 адам қаза тауып, 1630 адам түрлі дене жарақатын алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны артқанымен, қабылданған шаралардың нәтижесінде жол апаттарынан қаза болғандар саны азайған. Қазіргі таңда апат жиі тіркелетін учаскелер анықталып, ол жерлерде қосымша бақылау мен инженерлік шешімдер енгізілуде. Жол апаттарының негізгі себептеріне де тоқталды. Полиция мәліметінше, жылдамдық режимін сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау талаптарын бұзу, қауіпсіз арақашықтықты сақтамау және жүргізушілердің назарын жолдан басқа жаққа бұруы қайғылы оқиғаларға жиі алып келеді.
«Көбіне анықталатын құқық бұзушылықтардың қатарында жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, ұялы телефон пайдалану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілері бар. Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында облыста бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Олардың қатарында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Борышкер», «Жаяу жүргінші» акциялары бар. Бұл шаралар барысында жүргізушілермен және жаяу жүргіншілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді»,– деді полиция подполковнигі.

Полиция өкілінің сөзінше, автоматтандырылған бақылау кешендері құқықбұзушылықтарды адам қатысуынсыз тіркеп, тәртіптің артуына оң ықпал етіп отыр. Биыл облыста интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін дамыту, автоматтандырылған бақылау кешендерінің санын көбейту және жол қауіпсіздігін талдауға арналған жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Облыс мектептерінде профилактикалық сабақтар, кездесулер, акциялар өткізіліп, жол қозғалысы ережелері түсіндірілуде. Жас жол инспекторлары жасақтарының жұмысы да жандандырылған. Оқу жылы кезінде мектеп маңында полиция қызметкерлері мен патрульдік нарядтардың бақылауы күшейтіледі. Сонымен бірге жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілерінің және жасанды жол кедергілерінің жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Алматы облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жыл сайын жаңарып, заманауи технологиялармен толықтырылып келеді. Дегенмен жол-көлік оқиғаларының жиі тіркелуі алаңдатарлық деңгейде қалып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жолдағы қауіпсіздік тек бақылау камералары мен полиция жұмысына ғана байланысты емес. Ең алдымен әрбір жол қозғалысына қатысушының тәртібі мен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Сондықтан қауіпсіз жол мәдениетін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті.