Перейти к содержимому
Главная страница » «Есірткісіз болашақ» – жастар таңдауы

«Есірткісіз болашақ» – жастар таңдауы

Жыл сайын 26 мамыр мен 26 маусым аралығында Дүниежүзілік нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай республика көлемінде дәстүрлі «Есірткіге қарсы айлық» акциясы өткізіледі. Аталған бастаманың мақсаты – қоғам назарын есірткі мәселесін көтеру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу.

Осыған орай, биыл 5 маусым күні Алматы облысы Жамбыл ауданының Орталық стадионында Жамбыл ауданы Полиция басқармасының бастамасымен «Есірткісіз Болашақ» атты жастар форумы ұйымдастырылды.

Форумға 16-21 жас аралығындағы жастар, спортшылар, белсенді жастар ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сала мамандары қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық жас қамтылған іс-шара жастардың өзара пікір алмасуына және маңызды тақырыптарды талқылауына мүмкіндік берді.

Форум барысында қатысушыларға есірткі құралдарының адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және қоғамға тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат берілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмыстары үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіріп, жастар арасында жиі кездесетін қауіп-қатерлер мен олардан сақтану жолдарына тоқталды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Нәтижесінде аталған форум қатысушылардың азаматтық белсенділігін арттырып, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға оң әсер етіп, спорт пен белсенді өмір салтының жастарды зиянды әдеттерден қорғаудағы маңыздылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Форум жастарды саналы таңдау жасауға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қоғамдағы есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Бүгінде есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастардың санасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және өмірлік құндылықтарды дәріптеу маңызды.

«Есірткісіз Болашақ» форумы жастарға дұрыс таңдау жасаудың маңызын тағы бір мәрте еске салып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған тағылымды алаңға айналды.

Болашақ – өз қолымызда!

Әрбір жас есірткіден алыс болып, білім мен спортты серік еткен жағдайда ғана дені сау, саналы әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптасады. Салауатты өмір салтын таңдап, жарқын келешекке бірге қадам басайық!

Ә. Фазылова Алматы облысы