Перейти к содержимому
Главная страница » Сақтансаң, сақтайды

Сақтансаң, сақтайды

Елімізде жол апаты азаймай тұр. Жол қауіпсіздігі – көп мемлекет үшін әлеуметтік және экономикалық дамуға әсері бар басты мәселелердің бірі. Жолда оқыс оқиға өздігінен туындамайды. Ол жол ережелерінің талаптарын сақтамағандықтан болады. Жол қозғалысы оқиғаларының сандары мен фактілерінде көптеген адамдардың өмірі, тағдыры және денсаулығы тұрады.

Елімізде қаншама жол-көлік оқиғасы тіркеліп, сәтсіз сапарда қаншама адам жарақат алып, қаншама жолаушының өмірі қара жолда қиылды десеңізші? Әсіресе, ірі қалаларда түнгі уақытта жоғары жылдамдықпен жарыс ұйымдастыру, мас күйде көлік жүргізу секілді құқықбұзушылықтардың салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Апат ең жиі болатын өңірлер үштігінде алып шаһар Алматы мен Түркістан, Жамбыл облыстары бар.

Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Көлік апаттарының көбеюі – қоғам үшін аса өзекті мәселе. Жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, жаяу жүргіншілердің бейқамдығы және қозғалыс мәдениетінің төмендігі – басты себептердің бірі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа талаптар қойып, тұрғындарды да жолда жауапкершілікті арттыруға шақыруда. Президенттің сөзінше, елімізде адам өміріне тікелей қатер төндіретін күрделі түйткілдердің бірі – көлік апаттарының жиілеп кетуі. Қозғалыс мәдениеті әлі де қалыптаспай отыр. Соның салдарынан азаматтар қоғамдық орындарда жиі қауіпке тап болады.

Өкінішке қарай, елімізде жол-көлік оқиғаларының саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Оның басты себептері бәріне таныс — жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік жүргізу. Бұл ретте жауапкершілік тек полицияға ғана емес, жүргізушілердің өзіне де байланысты. Жолдағы мәдениет, жаяу жүргіншіге, балаға деген құрмет, бүгінде самокаттар мен мопедтерді пайдалану мәселесі де қызу талқылануда. Шектеулер енгізілгенімен, жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Жолдағы апат азаймауының бір себебі – маман даярлау ісіндегі олқылық. Қазір елде оқу орталығы көп-ақ. Бірақ барлығында дерлік қажетті материалдық база жоқ.

Қауіпсіздікке жолдың жағдайы да тікелей әсер етеді. Одан бөлек, бүгінде облыстық, республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жағдайы аса жақсы емес. Жолдар тар, ой-шұңқыры көп, жол белгілері алыстан дұрыс көрінбейді. Шұңқырдан айналып өтемін деп, қарсы бағытқа шыққан көліктердің соқтығысқан жағдайын да көз көрді. Бір сөзбен айтқанда, жол апатының алдын алуда кемшіліктер де, олқылықтар да жетерлік.

Жаз айларында адамдар жиі жолға шығады. Бірі баратын жеріне тез жеткісі келіп, жылдамдықты көбейтсе, енді бірі қарсы жолға шығып жатады. Кейде оның ақыры жақсылыққа апармайды. Дегенмен жүргізушілердің асығыстығы пен жауапкершілігінің аздығынан бүгінде қаншама адам көз жұмып, талай отбасылар қан жұтып отыр.

Сондай-ақ жол-көлік жарақатында балалардың қатысуымен болған оқиғалар жетекші орын алады. Балалардың да қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Көп жағдайда балалар жолда жарақат алып, түрлі жағдайға ұшырап жататыны көлік жүргізушілерінің ғана кінәсінен емес, ол көбінесе балалардың жол жүру ережесін білмегендіктен болады. Балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, үнемі оған үлгі көрсетіп және жүріс-тұрысын қадағалап, балаларды көшеде болатын қауіпті жағдайлардан сақтандыру – әрбір ата-ананың міндеті.

Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Басты сақтық өзімізден. Қара жол қателікті кешірмейтінін қаперден шығармаған жөн.

Қазір ересектердің көбі көлік тізгіндеген заман. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Көлік жүргізушісі тек өзінің ғана өмірін емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы