Перейти к содержимому
Главная страница » Меншік құқығын қорғауға басымдылық беріледі

Меншік құқығын қорғауға басымдылық беріледі

Құқықтық мемлекет құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз ету кез келген ел үшін басты міндеттердің бірі. Бүгінде біздің де елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, соның ішінде жеке меншік құқығын сақтауға ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп, заң талаптарының орындалуына басымдық берілуде.

Жеке меншік құқығы – Конституциямен қорғалатын маңызды құқықтардың бірі. Әр азаматтың өз мүлкіне иелік етуге, оны пайдалану мен қорғауға заңды құқығы бар. Сондықтан қандай жағдайда да өзгенің мүлкіне қол сұқпау, заң талаптарын сақтау – әрбір адамның азаматтық міндеті. Соңғы жылдары елімізде «Заң мен тәртіп» қағидасы қоғам өмірінің басты ұстанымдарының біріне айналып келеді. Бұл қағиданың негізгі мақсаты – қоғамда әділдік орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заң үстемдігі салтанат құрған жерде тұрақтылық пен даму болады. Ал заңға бағыну – өркениетті қоғамның басты белгісі.

Ал  еліміздің Жаңа Конституциясында меншік құқығы мәселесіне ерекше мән беріледі. Негізгі қағида айқын: Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады. Бұл норма экономикалық тұрақтылықтың, инвестициялық сенімнің және кәсіпкерлік еркіндіктің берік құқықтық негізін қалыптастырады. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай жүзеге асырылуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеу – меншік иесінің конституциялық міндеті. Меншік субъектілері мен объектілері, құқықтардың көлемі мен шегі заңмен нақты айқындалады. Бұл тәсіл құқықтық айқындық пен тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп бекітіледі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Сонымен қатар, жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін. Бұл норма ұлттық байлықты қорғау мен экономикалық айналымды үйлестіруге бағытталған. Осылайша, жаңа Конституция жобасы меншік құқығын тек экономикалық институт ретінде емес, қоғамдық жауапкершілікпен ұштасқан конституциялық құндылық ретінде бекітеді.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне жүгінсек, жыл сайын полицияға кәсіпкерлерден жасалған қылмыстар бойынша 7-8 мыңға жуық арыз бен хабарлама түседі. Оның 95%-ы меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар екен. Сонымен қатар, ақпараттық коммуникациялық технологиялар (интернет-алаяқтық) арқылы жасалатын қылмыс күннен-күнге артып келеді. Соңғы бес жылда алаяқтықпен банк шоттарынан ақша ұрлаумен байланысты қылмыстар тұрақты түрде өршіп барады. Облыстық қиберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының дерегіне жүгінсек, 2024 жылы 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 1711-ге жеткен. Жалпы алаяқтық қылмыстары 16,4 пайызға өскен. Бұлардың арасында меншік құқығына қол сұғатын жағдайлар да аз емес.

Деседе, мемлекет заңдылықты күшейту бағытында жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді. Құқық қорғау органдары азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауға, алаяқтық, заңсыз иемдену, бөтеннің мүлкіне зиян келтіру секілді әрекеттердің алдын алуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл – елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қоғамда тәртіп орнауы әр азаматтың заңға деген құрметінен басталады.

Ерзат Асыл