Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.
«Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн», – деген Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты заңнамалық шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталған еді.
Сонымен қатар Президент: «Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек», – деп, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту мақсатында Балқаш ауданына облыстық денсаулық орталығының директоры Әлибек Тәжеков пен амбулаториялық-диагностикалық қызмет басшысы Айнұр Сәкібаева арнайы іссапармен келді.
Балқаш ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Данияр Нұрмановтың қатысуымен Бақанас аграрлық-индустриялық колледжінің мәжіліс залында маңызды жиын ұйымдастырылды.
Жиынға аудандық орталық аурухананың директоры Бақыт Жәмеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау лейтенанты Бағдат Ахантай, аудандық білім бөлімінің бас маманы Сымбат Алматова, аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Нұрсұлтан Диханбаев және колледж студенттері мен оқытушылар қауымы қатысты.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен кездесудің күн тәртібінде балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Жиын барысында арнайы келген мамандар балалардың психологиялық саулығы мен қауіпсіздігіне қатысты өз пікірлерін ортаға салып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Мамандардың айтуынша, суицидтік әрекеттер көбінесе әлеуметтік және психологиялық мәселелердің салдарынан туындайды. Әсіресе ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынастың әлсіреуі, баланың ішкі жан дүниесін түсінбеу, оның мәселелеріне уақытылы көңіл бөлмеу осындай келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін.
Сондықтан психологтар қауіп-қатер тобына жататын балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де тұрақты түрде жеке жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Баланың көңіл-күйіндегі өзгерістерді дер кезінде байқап, оған қолдау көрсету – мұндай жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екендігі айтылды.
Сонымен қатар қатысушылар буллингтің алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталып, білім беру ұйымдарында түсіндіру іс-шараларын күшейту, ата-аналармен тығыз байланыс орнату, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Жиында буллинг ұғымының мәні де кеңінен түсіндірілді. Буллинг сөзі «қорқыту», «қысым көрсету», «зорлық-зомбылық жасау» деген мағыналарды білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – бір адамның екінші адамды жүйелі түрде қорлауы, кемсітуі немесе психологиялық қысым көрсетуі.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта буллинг тек білім беру мекемелерінде ғана емес, жұмыс орындарында, отбасында, интернет кеңістігінде және қоғамның әртүрлі орталарында кездесіп отыр. Оның физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылық сияқты бірнеше түрі бар. Осылардың барлығына ортақ белгі – әлсіз әрі қорғансыз адамға агрессиялық әрекет көрсету.
Мамандардың пікірінше, буллингтің кез келген түрінің алдын алу – жасөспірімдер арасындағы суицидтің де алдын алудың маңызды тетігі. Сондықтан бала тәрбиесіне жауапты барлық тараптың бірлесе жұмыс істеуі, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет. Сонымен қоса, осындай жағдайлардың алдын алғанда ғана жастар арасында суицид болмайды.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы
