Жыл сайын Әкелер күні келгенде көңілімнің түкпірі қозғалып қоя береді. Біреу үшін бұл – әкесіне қоңырау шалып, амандығын сұрайтын күн. Біреу үшін ақ батасын алып, асқар тауын айрықша қадірлейтін күн. Ал енді біреулер үшін бұл – жүректің тереңінде бұғып жатқан сағынышты оятып, өткен күндердің елесін қайта тірілтетін сәт.
Мен үшін де Әкелер күні – сағыныш күні. Себебі мен асқар тауымнан ерте айырылдым. Өмірде кей адамдардың жоқтығын жылдар жеңе алмайды екен. Керісінше, уақыт өткен сайын олардың қадірі артып, орны биіктей түседі. Әкем туралы ойласам, дәл сондай сезімді бастан кешемін. Балалық шағымда толық сезіне алмаған асқақ мейірімнің, әкелік қамқорлықтың бағасын есейген сайын тереңірек ұғына түстім.
Әкесінің ақылын тыңдап, оның айтқанымен өмір жолын жоспарлап, әкесіне қоңырау шалып, халін сұрап жатқан жандарды көрсем, олардың қолындағы ең үлкен байлықтың не екенін іштей сеземін. Өйткені адамның өмірінде әкенің орнын басатын ешкім болмайды. Әке – ол шынымен де дара тұлға.
Мен уақыт өте келе әкенің адам өміріндегі алатын орнын нақты түсіндім. Әке баланың өміріне тек тәрбие беріп қана қоймайды. Ол оның жүрегіне сенім ұялатады. Өмірдің сан тарау жолына шыққанда жаңылмауға, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, адам болып қалуға ықпал ететін – әкенің өнегесі мен өсиеті.
Бүгін мен өз әкеме деген сағынышымды айтып отырып, күллі әкелердің алдында тағзым еткім келеді. Себебі жүрегімдегі әке бейнесі жалғыз адамға ғана тән бейне емес. Ол – отбасының берекесін ойлап, балаларының бақыты үшін маңдай терін төгіп жүрген барша әкелердің келбеті. Кейде маған әкем алыстап кеткен сайын биіктеп бара жатқандай көрінеді. Бала күнімде толық ұғына алмаған қасиеттерін бүгінде анық көріп келемін. Әкенің қадірі де осында шығар. Оның жоқтығы жүрекке мұң сыйлағанымен, сол мұңның өзінен жарық сәуле тарайды. Ол сәуле адамды өткенін ұмытпауға, тамырынан ажырамауға, өмірдің қадірін білуге үйретеді.
Бүгін де әкемді сағынамын. Бірақ сол сағыныштың ішінде өкініштен гөрі мақтаныш басым. Өйткені менің жүрегімде әке деген сөз әрқашан биіктікпен, мейіріммен, адалдықпен, парасатпен қатар айтылады. Әке туралы ойласам, көз алдыма бір адамның ғана бейнесі емес, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп тұрған тұлғаның келбеті келеді. Әкені ардақтай білген ұрпақ өткенін танып, бүгінін бағалап, келешегіне сеніммен қарайды.
Құралбек СӘБИТОВ
