Сексен бестің өріне, абыройдың төріне көтерілу де – бір бақыт. Солай дегенде, ел ардақтаған дәрігер Тұрарбек Төлендиевтің есімін атаймыз. Екі қоғамның да ой-қырынан сүрінбей өткен парасатты жан. «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» ордендерінің иегері. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Үш рет Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарының Құрметті азаматы. Көркем туындыларға толы бірнеше кітаптың авторы. Ал адамдарды ажалдан арашалаған ерлікке татитын сәттері ел жадынан өшкен емес. Мерейтой қарсаңында ағамызға інілік ізетпен сәлем беріп, тағылымы мол әңгімесін тыңдадық.
Тұрарбек Төлендиев 1941 жылы қаңтардың 12-ші жұлдызында Қарадала өңіріндегі Сүмбе – Жаңасай ауылында дүниеге келген. Кіндік қаны тамған өңірін суреттегенде «сұлу қыздың шашбауындай» дейтін теңеуге жиі жүгінетінін аңғардық. Өзі өскен өлкенің ерекшеліктеріне ерекше сүйінеді. Өйткені әлемге әйгілі Шарын шатқалы – өзінше қайталанбас ертегі.
Ал «Болмаған балалық шақтың» кейіпкеріне айналған тағдыры қиындықтардан өріліпті. Жеті жасында аттан құлап, ұзақ жыл төсекке таңылған. Көкірек көзінің қуаты бар ұл тағдыр теперішіне жеңіле қоймады. Сыныпқа кірмей-ақ «Әліппені» оқыды. Сурет салып, өлең шығарады. Әкесінен үйреніп, түрлі музыка аспаптарын меңгереді. Маңдайына ақсақ болу тағдыры жазылса да, ілім-білім мен өнерпаздығы жағынан құрбыларынан кем қалған жоқ. Ата-анасын құрметтеген, үлкеннің ақылына ден қойған алғыр жас журналит болсам деген райынан қайтып, Алматы медициналық институтына барған. Емтиханды ойдағыдай тапсырып студент атанған. Кейін жоғары оқу орнын бітіріп, бойына дәрігерлік мінезді қалыптастырады. Науқасқа ұшыраған әр адамның үміті үшін күреседі. Адалдыққа ант етеді. Күні бүгінге дейін сол уәдесінен айныған емес.
Біраз уақыт Шонжыдағы аудандық ауруханада тәжірибе жинақтап, басшылардың көзіне түскен дәрігердің құтты жолы оны жаңа белеске көтерді. 1977 жылы Кеген аудандық ауруханасының басшылық қызметіне тағайындалады. «Өмірімдегі ең жауапты, ең сындарлы жылдар Кегенде басталыпты» дегенді Тұрарбек аға мақтанышпен айтады. Алғашқы күннен жауапкершілікке мән береді. «Дәрігер – адам жанының инженері екенін» ту етіп көтерді. Науқасқа ұсынатын ем қағаз қорапта ғана емес, жүректе жататынын жазылмаған ережедей әріптестер құлағына құйды. Емдеу орындары құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі үшін тыным таппады. Аудан жұрты оның ниет-пейілін айна қатесіз ұқты. Жаңашылдыққа ұмтылған жасты бәрі бірауыздан қолдады.
Сол жылы Кеген өңірінде жер сілкінісі болды. Тіпті, оның қуаты Тоғызбұлақта тоғыз балға жетті. Жалаңаштағы аурухана жарамай қалды. Сілкініс салдарынан медициналық құрал-жабдықтар істен шықты. Соған қарамастан Тұрарбек аға бастаған дәрігерлер қиыншылықпен күресті. Бар мүмкіндікті пайдаланды. Әр адамның қасынан табылды.
– Бұл – дәрігерлік өмірімдегі аса сындарлы шақ болды. Көпшіліктің көзі бізде. Тәуекелмен шешімдер қабылдау керек. Оның нәтижесіне басыңмен жауап бересің. Бір жағынан халыққа қолұшын беріп, медициналық көмекті тоқтатпау керек. Екіншіден, аурухана жұмысын қайта қалпына келтіру міндеті толғандырады. Әріптестер бірлігінің арқасында оны да еңсердік. Үкімет аурухананы назарға алды. Медициналық құрал-жабдықтар толықты. Тек дәрігердің қарбалас тіршілігі ғана толастамайтын, – деп еске алады Тұрарбек аға.
Сол кезеңдегі өзекті мәселенің бірі кадр тапшылығы еді. Мейірбикелер саусақпен санарлық. Маман жетіспегендіктен ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункт жұмысы ақсап тұрды. Осы мәселенің шешімін табу үшін бас дәрігер күндіз-түні жоспар құрды. Елге деген жанашырлық оны тыныш отырғызбайтын. Талап-тілекті арқалап, Талғар медициналық училищесінің директоры Ыдырыс Әділбековтің есігін ашады.
– Ыдеке, оқу орнындағы бір топты Кегеннен жасақтасақ қайтеді? Сол арқылы мейірбике тапшылығын азайтар едік. Сенсеңіз, оларға өзіміз мұғалім болып, өзіміз оқытайық, – дейді.
Орынды ұсынысқа кім қарсы шығады, директор бастаманы қолдайды. Нәтижесінде іріктеліп алынған 30 қыз Талғар училищесінің Кегендегі филиалында дәріс тыңдауға көшеді. Екі жылдан кейін құжаттарын қолына алып, ауыл-ауылдағы медициналық пунктке жұмысқа орналасады. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасып, орта дәрежедегі отыз маман тағы дайындалады.
«Кейін әрекетімді ой елегінен өткізіп қарасам, нартәуекелмен ізгілікке жол ашыппын. Алпыс қыздың бәрі бір-бір отбасының ғана емес, ауыл адамдарының денсаулығын қорғайтын сенімді сақшыларға айналды. Олар қаншама нәрестенің кіндігін кесті, қаншама адамның өмірін ажалдан арашалады?! Біз үшін елді қуандыратын осындай еңбектен артық қандай марапат бар?!» – дейді пікірін түйіндеп.
Кеңес заманында мекеме басшысын қоғамдық істерге қосқан. Аудандық партия комитеті Тұрарбек ағамызды Шыбышы кеңшарына уәкіл етіп бекітеді. Шыбышы – табиғаты бай берекелі елдімекен. Уәкіл көктемде қой төлдету науқаны, жазда шөп шабу, күзде егін орағына қатысады. Жоғарғы жаққа сол жақтан тиісті ақпар береді. Шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне үңіледі, еңбек адамдарының жағдайына назар аударады.
Шыбышы кеңшарының директоры Оразалы – жасы да үлкен, аудандағы бет-беделі биік азаматтардың бірі. Атағы аспандап тұрған директордың жаңа бас дәрігерді қалай қабылдайтыны белгісіз. Тұрарбек ағамыз хатшысына: «Оразалыға хабарласыңыз. Жаңа уәкіл келетінін ескертіп, қырман басында күтіп алуын өтініңіз, – дейді.
Белгіленген күні бас дәрігерді қапсағай бойлы, кесек тұлғалы, десі мен сесі басым азамат күтіп алады.
– Ал, жолдас уәкіл, ауылымызға қош келдіңіз! Аралауды қайдан бастайсыз? – дейді директор.
– Алдымен елдімекенді бір сүзіп шығайық. Мәдени-әлеуметтік нысандарға бас сұғалық. Ретіне қарай тұрғындардың сөзіне құлақ түрейік. Не дегендерін саралайық. Содан кейін алқаптағы қайнаған істің қарқынын көреміз. Қырманыңызды, шөп шабысты, оған қатысқан техниканы, адамдардың ахуалымен танысамыз, – дейді бас дәрігер салмағын аңғартып. Шаруашылық басшысы мына азаматтың терең танымын бірден аңғарады. Олар түске дейін бәрін көріп шығады. Сағат үштер шамасында уәкіл ақырын ғана өз қалауын айтады:
– Ағасы, меніңше, мынандай келісті ауылда қоғамдық асхананың жұмыс істемеуі мүмкін емес. Ондағы дастарқаннан дәм татуға қалайсыз? Оның үстіне түскі тамақтың да мезгілі болды – дейді әзіл-шынын араластырып.
Директор тауып айтылған астарлы сөзге жадырай күледі.
– Қазақ қонағын асханаға жібермейді. Аттың басын үйге бұрайық. Манадан бері қазанын қайнатып онда апаң күтіп отыр, – дейді.
Атадан қалған ас пен дастарқанның жөні бөлек. Сол күннен бастап олардың арасында сыйластық пен достық берік қалыптасады. Сөзі мен ісі бірі-біріне сай мығым директордың қолынан татқан дәм де тіл үйіреді.
Ауылдың әзілдері де қызық. Табан астынан табылады. Ол әңгіме Тұрарбек ағаның аузынан шыққанда тыңдаушыны күлкіге көміп, тіптен құлпырады. Ендеше сөз кезегін кейіпкеріміздің өзіне берелік:
– Жылысай ауылына жаңа директор келді. Бір аяғын сылтып басады. Ұзынбұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы Сартбай ағамыз да соның кері. Бұл тізімге үшінші болып мен қосыламын. Бір күні «үш ноян» қырман басында кездестік. Бізді көрген Шыбышының бастығы Оразалы бірдеме ойына түскендей алабөтен тесіліп қарады. Түскі асты қойшының киіз үйінде іштік. Ақсақ-тоқсақтар аяқтарын әрең ыңғайлап жайғаса бергенде, үйдің сыртынан келіннің дауысы естілгені:
– Осы кісілерді райком аяқтарына қарап әдейі таңдап қосқан ба өзі? – деп қалғаны. Бәріміз ду күлдік. Ауыл өміріндегі қарапайым зілсіз қалжыңдар шынайылығымен тартымды. Адамдарды бір-біріне жақындастыра түседі. Кеген жұрты мені бөтенсінген жоқ. Мен де ол кісілерді бауырымдай жақсы көрдім , – дейді ағынан ақтарылып.
Кегендегі бес жылдық аяқталар тұста жоғарғы орындардан ұсыныс келеді. Алматыдағы республикалық санаторий қаланың қарауына өтіп, соған лайық жетекшіні іздепті. Таңдау Тұрарбек Төлендиевке түседі. Мекеменің бас дәрігері қызметіне шақырылады. Кеген ауданының басшылығы, ондағы әріптестері мен ел-жұрт сүйікті дәрігерін қимай шығарып салады. Алматы қуана қабылдайды.
Жаңа орта, жаңа ұжым, жаңа жауапкершілік! Қай қызметке барса да, әуелі мекеменің ауласына көз салатын әдетімен айналаны жіті шолады. Санаторийдің сырты көңілге сенім ұялатып, көз тартып тұруға тиіс. Сондықтан мұндағы жұмысты кабинеттен емес, ауладан бастайды. Санаторийдің аумағы қоршалып, алаңдары мен жолдарына асфальт төселеді. Қураған ағаш кесіліп, орнына жаңа көшеттер отырғызылады. Гүлдің де неше түрі егіледі. Енді бұрынғы сүреңсіз суреттен түк қалмайды. Нағыз демалыс орнына айналады.
Біраз уақыттан кейін қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы арнайы келіп, санаторийдің жұмысымен танысады. Біткен іске көңілдері толады. «Біз сенің жұмысыңды сырттай ғана естуші едік. Міне, енді көзімізбен көрдік. Сен орталыққа да керексің. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметіне барасың», – дейді олар. Осылайша, 1983 жылдан бастап Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасында еңбек етеді.
«Бұл қызмет менің дәрігерлерлік білігімді шыңдады, ұйымдастырушылық қабілетімді арттырды. Медициналық мекеменің құрылысы, күрделі жөндеуі, материалдық-техникалық базасы, инженерлік жүйелері – бәрі менің жауапкершілігіме көшті. Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты санаторийлердің жұмысын да үйлестірдім», – дейді Тұрарбек аға.
Ол кісі бір нәрсені анық түсінді. Ауруханада жүргенде бір науқастың тағдырына алаңдаса, денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру арқылы мыңдаған адамның тағдырына ықпал етуге жол ашылады. Елім деген жанға ешқашан жеңіл міндет жоқ.
Кеңес өкіметі тараған соң, өтпелі кезеңдегі еркіндікті желеу етіп емші-құшынаш, бақсы-балгерлер көбейе бастайды. Кімдікі жалған, кімдікі шын, ажырату қиын. Алданып қалғандар аз емес. Мұның бір амалын тауып, реттемесе болмайды. Сондықтан министрлік тарапынан «Емшілікпен айналысатын адамдардың қабілетін ғылыми тұрғыдан тексеретін орталық ашуымыз керек», – деген шешім қабылданады. Бұл жауапты іске жетекші таңдағанда, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Гүлшара Ғазизқызы Тұрарбек Төлендиевтің кандидатурасына тоқтайды. Сөйтіп, Қазақстандағы халық медицинасы орталығын ұйымдастырушы болып шыға келеді. Бұл орталыққа белгілі ғалым, профессор Инешиннің арнайы аппараты орнатылды. Сол құрылғы арқылы өзін емші санайтын адамдардың биоэнергетикалық мүмкіндіктері зерттеліп, ғылыми сүзгіден өткізілді. Мақсат – халықтың денсаулығын кездейсоқ адамдардың қолына тапсырмау еді.
– Бір жарым жылдан кейін халық медицинасы орталығының ғимараты жекешелендіріліп, мекеме басқа жерге көшірілді. Ал мен қайтадан әріптестерімнің ортасына оралдым. №2 қалалық клиникалық ауруханаға бас дәрігердің міндетін атқаруға жіберді. Жұмысты бұрынғы үйренген қағидам бойынша жүзеге асырдым. Алғашқы күннен аурухана ауласын ретке келтіруге кірістім. Ауруханаға келген адамның көңілі алдымен айналаның тазалығынан тыныштық табуы керек. Сондықтан қайда барсам да ағаш отырғыздым, гүл ектім, жолды жөндеттім, көгалдандыруды бірінші орынға қойдым, – дейді ағамыз әңгімесін бір қайырып.
Бірде ауруханаға Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмаханов келеді. Мамандығы құрылысшы адам мұндағы реттілікті өзгелерге үлгі етеді. Ауласына дейін мұнтаздай болып тұрған аурухананы көріп, ризашылығын білдіреді. Кейін қала әкімі болып Виктор Храпунов жаңадан пайдалануға берілген №7 қалалық клиникалық ауруханаға Тұрарбек ағамызды бас дәрігер етіп бекітеді. Мың төсекке арналған үлкен мекемені басқару тек медицинаны терең білумен шектелмейді. Үлкен ұйымдастырушылық тәжірибені де талап етеді. Оны да ойдағыдай игереді.
Бұл орында он жылға жуық басшылық қызметтің тізгінін ұстайды. Емдеу технологияларын жетілдіреді. Заманауи әдіс-тәсілдерге жүгінеді. Жас мамандардың ізденуін қадағалайды. Сонымен қатар әр бөлім меңгерушісіне өз аумағын күтіп ұстауды міндеттейді. Ағаштарды баптау, гүлдерді күту, тазалықты сақтау – дәрігерлердің негізгі міндетіне қосымша ретінде қарастырылады. Дәрігерлер мен мейірбикелер бос уақытында сенбілікке шығып, өз бөлімдеріне қарасты аумақты өз үйіндей күтетін болған. Сонымен қатар қызметкерлердің еңбекақысы уақытында төленіп, ешкім қыжалат көрмей, шаруашылық жұмыстар жүйелі жүргізілді. Сол еңбегінің нәтижесінде Тұрарбек аға республикада алғашқылардың бірі болып «Құрмет» орденімен марапатталады.
– Өмір жолымда өзіме бағыт-бағдар берген жақсы адамдар аз емес. Солардың ішінде – ұзақ жыл Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасын басқарған, кейін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметін атқарған Гүлшара Ғазизқызының орны ерекше. Ол кісінің іскерлігі, талапшылдығы, адамды тани білетін қасиеті көп нәрсеге үйретті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Әлімбатыр Исабеков те өз ісіне адал, сөзі мен ісі қабысқан басшы еді. Айтқанын орындататын, жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятын. Қазақстан медицинасының көрнекті өкілдері – Естөре Оразақов, Төрегелді Шарманов сияқты тұлғалар да мен үшін үлкен мектепке айналды. Осындай азаматтардың ортасында жүріп, дәрігерлік қызметтің қасиеті мен мәнін бұрынғыдан да терең түсіндім.
Менің өмірлік ұстанымым біреу ғана, дәрігер ең алдымен адамды емдеуі керек. Оның денсаулығы үшін күресетін тұлға. Қазір байқаймын, кейбір жастар бұл мәселеге жеңіл қарайтын сияқты. Олардың арасында дәрігерлікті материалдық жағдайды жақсарту үшін кәсіп санайтындар кездеседі. Осы арқылы қымбат көлік мінгісі келеді, үлкен үй салуды армандайды. Меніңше, байлыққа ұмтылуға біржақты қарауға болмайды. Дәрігерлік мамандықты таңдадың ба, оның нәзік құпиясына ден қой. Ол – алдымен адамға деген жанашырлық. Ақ халатты абзал жан атану дипломмен ғана дәлелденбейді. Дәрігер атану – қоғам алдындағы, адам алдындағы үлкен жауапкершілік. Науқастың тамырын ұстамай тұрып-ақ оның жандүниесін ұғуға тиіссің. Дәрігер онсыз толыққанды ем жасай алмайды, – дейді мамандығы туралы толғанып.
Кейде бір ғана сәттің мәңгілік есте қалатын ерекшелігі болады. Шонжыда аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болып жүргенде әріптестерімен бірге Дінмұхамед Қонаевты қарсы алғаны бар. Ауданның бірінші хатшысы: «Жақсы қымыз дайындатыңдар», – деп ол жұмысты Тұрарбек ағамызға тапсырыпты. Республика басшысы қасындағы адамдарымен үйге кіріп, шөл басып, аяқ суытады. Сәлден соң сыртқа шығады. Үлкен кісіден ыққандар жан-жаққа ығысады. Дінмұхамед Ахметұлы киіз үйдің алдында жалғыз тұрған жігіттің қасына келіп жөн сұрайды. Дәрігер екенін естіп, оған күлімсірей қарап: «Дәрігер науқасты іздемеу керек. Науқас дәрігерді іздеуі керек», – дейді. Дара тұлғаның сол бір ауыз сөзі ешқашан есінен кетпеді. «Тілдеріңді ұмытпаңдар», – дегені де өзгермес бұйрықтай алаштық мұратына айналды.
– Мен табиғатымнан әзілді жақсы көремін. Бір күні «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев анасын ертіп бізге келді.
– Тұреке, анам таяуда жүзге толады. Ең қызығы, бұл кісі ешқашан аурухана көрмеген. Сондықтан әрең көндіріп алдыңызға әкелдім. Тойының алдында өзіңізге бір тексертіп алайын, – дейді.
Мен бұл сөзге рахаттана күлдім.
– Жүзге келген ананы ауруханаға емес, музейге апару керек қой, – дедім қалжыңдап.
Апамыз он шақты күн әрі демалды, әрі ем алды. Ауруханадан шығарайық десек, киімсіз жатыр. Себебін білсек, бөлімдегі дәрігерлердің бәрі ғасыр жасаған ананың көйлегін ырымдап тәбәрік ретінде бір жапырақтан кесіп алып, талап кетіпті. Жақаң шешесіне қуана-қуана жаңа көйлек кигізді. Жүрегі кең халқымның ақкөңіл салтынан айналасың ғой!
Өткеніме көз жүгіртсем, тағдыр мені қиындықпен ғана сынамапты, көптеген жақсылыққа кенелдіріпті. Қарапайым дәрігер республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау саласының биігіне көтерілді. Лауазым мен құрметтен кенде болмадым. Осының бәрін халықтың сенімі, адал еңбектің өтеуі деп білемін. Алайда науқасынан айығып, ауруханадан алғыс айтып шыққан адамдардың мен үшін жөні бөлек. Өйткені дәрігердің шын бағасын халық береді, – деді Тұрарбек Төлендиев толқып тұрып.
Біз 85-тегі қарияны биік шыңға балап, таудың ұшар басына шалқая қарағымыз келеді. Ал ол кісі халқының алдында кішірейіп, перзенттік сезіммен бас июден танбайды.
Болат МӘЖИТ


