Құрметті ағайын!
Баршаңызды елдің еңсесін көтеріп, рухын оятатын халықтық мереке – Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Домбыра күніне орай: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ Ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», – деген болатын.
Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр.
Өздеріңізге белгілі, 1 шілдеден бастап жаңа Конституциямыз күшіне енді. Жаңарған Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп атап көрсетілген. Ата Заңның қорғауында болған ұлт құндылығының ғұмыры мәңгі болмақ. Құрманғазы мен Тәттімбеттей алыптардың, Жетісу мен Алатау өңіріне танымал Байсеркедей күйшінің ізін жалғаушылар қазіргі заманда жаңа серпінмен жалғасын табуда. Осы үзілмес мектеп пен дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісіндей болып өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен даңқты жерлесіміз Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы да домбыраның мәртебесін асқақтатты.
Облыста күй өнерін дамыту мақсатында үйірмелер өз жұмысын жоспарлы түрде атқаруда. Олардың ішінен де әлі талай саңлақ шығатыны сөзсіз. Биылғы жылдың өзінде өнерпаздарымыз Қытай, Марокко, Франция, Түркі елдерінде өткен шараларда ұлттық әуенімізді домбыра аспабымен асқақтатып, көрерменін тамсандырып қайтты. Бұл халықаралық тәжірибе жас таланттардың шығармашылық өсуіне жол ашып, аймақтағы дәстүрлі өнер мектебінің іргетасын бекіте түсті.
Қадірменді қауым!
Қасиетті домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, киелі құндылық. Тасқа қашалған тарихымыздан сыр шерткен күй-толғауларымыз құлағымыздан кетпесін. Ұлттық аспабымыз – домбырамыздың үні әлемді шарласын!
Құрметпен, Алматы облысының әкімі
Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ


