Ұлттың үнін әуелетіп, күйін күмбірлеткен домбыра – қазақ үшін қашан да құнды. Ол тек саз аспабы емес, ол – ұлттық құндылық, рухани байлық, ұлттың бойтұмары. Осы орайда Ұлттық домбыра күніне орай Еңбекшіқазақ аудандық ішкі саясат бөлімі жанындағы «Қоғамдық келісім және даму орталығының» ұйымдастыруымен «Бесіктен басталған ұлттық тәрбие» атты кездесу өтті.
«Ана әлдиі» жобасы аясында Есік қаласындағы перзентханада өткен бұл іс-шараға Алматы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева, Еңбекшіқазақ аудандық аналар кеңесінің төрағасы Роза Исатаева, аудандағы аналар кеңестерінің мүшелері және перзентхана директоры Дәурен Иманалиев қызметкерлерімен бірге қатысты.
Аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы, модератор Зинахан Қырғызбайқызы: «Бұл кездесу ұлттық тәрбиені ұрпақ санасына сіңіруге, ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға және қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени-танымдық кездесу. Ондағы басты мақсатымыз – ананың әлдиі мен бесік жырының тәрбиелік мәнін насихаттау, домбыраның ұлттық рухты қалыптастырудағы орнын дәріптеу және жас отбасыларға ұлттық тәрбиенің бесіктен басталатынын түсіндіру», – деп іс-шараның мақсатына тоқталып, кездесу қонақтарына сөз берді.
Алматы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева Отан отбасынан басталатынын айтып, жас келіншектерге отбасындағы бала тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар жайында сөз қозғады. Бесік жырының маңызы, ұлттық салт-дәстүрлердің бала тәрбиесіндегі орны туралы Еңбекшіқазақ аудандық аналар кеңесінің төрағасы Роза Омарқызы және кездесуге келген өзге аналар да ой толғап, пікір алмасты.
Кездесу барысында Ұлттық домбыра күніне орай жаңа туған сәбиге болашақта күй өнерін қастерлейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат болып өссін деген ізгі ниетпен Еңбекшіқазақ аудандық аналар кеңесінің мүшелері домбыра сыйлады. Өнерлінің өнері жұқсын деген жақсы ырыммен домбыраны кішкентай сәбиге Қорам ауылдық округі Аналар кеңесінің мүшесі, домбырашы Жұмайхан Сатымбекова табыстап, ортада ән шырқады.
Қорам ауылынан келген аналар ән мен күйден шашу шашып, кездесудің көркін қыздырды. Есік қалалық аналар кеңесінің төрағасы Айша Сүйлейменова сөз сөйлеп, жас босанған аналарға ақ батасын берді. Славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Татьяна Панова перзентханадағы аналар мен сәбилерді қуантып, ойыншықтар сыйлады.
«Перзентханадағы қарапайым бір күнді мерекеге айналдырып, мұнда жатқан аналарды қуантып тастадыңыздар. Әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әдемі рухани кеш сыйладыңыздар. Бұл отбасын жаңа құрып, енді ғана ана атанып, бала тәрбиесі сынды үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған жас аналарға үлкен сабақ деп білемін», – деген Есік қалалық аудандық перзентханасының директоры Дәурен Иманалиев ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Бала тәрбиесі жатырда жатқанда-ақ басталады десек, өмірлік тәжірибесі мол, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде немере, шөбере тәрбиелеп отырған үлкен әжелеріміздің айтар ақылы мен берер кеңесі перзентханадағы жас аналарға, шынымен, үлкен сабақ екені рас. Ұлттық домбыра күніне орай өткен бұл кездесу тәлім-тәрбие мен тағылымға толы болды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы


