Перейти к содержимому
Главная страница » АТА ЗАҢ: ЖАҢАРУ МЕН САБАҚТАСТЫҚ

АТА ЗАҢ: ЖАҢАРУ МЕН САБАҚТАСТЫҚ

Жаңа Конституциямен әр адамға жеке бас бостандығы, жеке басына қол сұғылмау құқығына берілген кепілдігі мен әділетті сот төрелігі күшейтілді.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституцияcы қолданысқа енді.
Негізгі Заң, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін айқындап, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, заң үстемдігі қағидатын және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайтты.
Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін күшейту болды.
Бұл өзгерістер адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – Конституцияның 18-бабында уәкілетті тұлғалардың адамды ұстау кезінде оған бостандығын шектеудің негіздерін және құқықтарын түсіндіру міндетінің бекітілуі.
Ұстауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлға ұсталған адамға оның бостандығын шектеудің себептерін, үнсіз қалу құқығын, қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын, сондай-ақ жақын туыстарына өзінің ұсталғаны туралы хабарлау құқығын міндетті түрде түсіндіруге тиіс.
Мазмұны жағынан бұл конституциялық кепілдік халықаралық тәжірибеде кеңінен танылған «Миранда қағидасына» сәйкес келеді.
Аталған норманың Конституцияда бекітілуі адамның бостандығы шектелген алғашқы сәттен бастап оның себептерін білуіне, өзінің процестік құқықтарын түсінуіне және уақытылы заң көмегін алуына мүмкіндік береді.
Бұл құқықтардың негізсіз шектелуінен қорғайтын қосымша кепілдік болып табылады, істі жүргізудің бастапқы кезеңінен бастап қорғану құқығын қамтамасыз етеді әрі әділ сот төрелігі қағидаттарының сақталуына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды өзгеріс – Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясының, адамның өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңмен айқындалатын жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығының, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайтадан тартуға тыйым салудың бекітілуі.
Бұл қағидалар дербес конституциялық қағидаттар мәртебесіне ие болып, адам құқықтарын қорғаудағы олардың іргелі маңызын айқындай түсті.
Кінәсіздік презумпциясы адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін оның кінәсіз деп танылатынын білдіреді.
Ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал жойылмайтын барлық күмәндар адамның пайдасына түсіндіріледі.
Бұл азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайды, сот талқылауының объективтілігін қамтамасыз етеді және әрбір істің әділ қаралуына кепілдік береді.
Өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы адамды өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуден қорғайды әрі заңда көзделген барлық қорғану құралдарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Ал бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауаптылыққа тартуға тыйым салу іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін адамды қайта қудалауға жол бермей, құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін күшейту конституциялық реформаның маңызды нәтижелерінің біріне айналды.
Конституцияда бекітілген бұл кепілдіктер азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыруға және адам құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық болып табылатын құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған.

Дархан ДОСМҰХАНБЕТОВ,

Балқаш ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі