Айы, күні жетпей дүние есігін ерте ашуға асыққан балапанымды «Өмірге құштар батырым» деп атадым. Үшінші перзентімізді күтіп жүргенде денсаулығым сыр беріп, перзентхананың потология бөліміне жиі түсетін болдым. Ә дегеннен іштегі бала өмірге ерте келетін болса, өз бетімен тыныс алуға бейімделсін деп мен арқылы өкпесін ашатын дәрі салынды. Дәрігерлер қабылдау барысында «Жүктілік өміріңізге қауіп төндірсе, ойланбастан ота жасаймыз» деп ескертті. «Баламды да құтқарыңыздаршы!» деймін жалына. «Бірінші кезекте ананы құтқаруымыз керек!» – дейді олар.
Екі күн жұмысқа шықсам, он күн шақалақты сақтап қалу үшін перзентханада жаттым. Мұндағы қызметкерлер мен келген сайын «Бізге тұрақты тіркеуге тұрып алғансыз ба?» деп қалжыңдайтын. Дәрігерлер уақытында ем-домын тағайындап, сауысқаннан сақ отыратын мейірбикелер дәрі-дәрмегімізді беріп, қан қысымы, дене температурасы, нәрестенің қимылы мен жүрек соғысын жіті бақылайды. Аптасына бір рет профессор келіп тексереді. Әр науқаспен жеке-жеке сөйлесіп, емдеуші дәрігерлерге жүкті әйелдерді мұқият қадағалауын тапсырып кетеді. Мамандар қанша тырысқанымен, батырым анасы мен өзінің жанын аман алып қалу үшін жарық дүниеге ерте келуге мәжбүр болды. Дәрігер менің жағдайымды профессорға баяндағанда «Бірден ота жасаңдар!» деп тапсырма берді.
Жансақтау бөлімінде есімді жиып, алғаш қойған сұрағым: «Балам қайда?» Салмағы аз, бойы қысқа, тыныс алу аппаратында «система» алып, жіңішке түтікпен қоректеніп жатқан шақалағымды қолға алғанда бірден есімді жидым. Қиналып тұрсам да өзіме «Бойыңды тікте, мықты бол! Сен әлсіздік танытсаң, балаң не болмақ?» деп бұйрық бердім. Бірнеше күннен кейін үздіксіз емдеу бөлімінен палатаға ауыстық. Екі аптадан асқанда азғантай салмақ қосып, үйге шыққанбыз. Бірақ екі аптадан кейін өкпесі толық дамымаған сәбиім қысылып, балалар ауруханасына түстік. Есіктен кіре сала «Оттегі аппаратына жатқызыңыздаршы» деп жыладым. Түн ортасында дәрігерлер баланы құтқарып қалды. Сөйтіп, осы жерде емделе бастадық.
Ауруханада түрлі тағдыр иелерімен кездесесің. Ол кезде Рамазан айы болатын. Жанымда шалабай егіз ұлымен жатқан келіншектің қабағы бір ашылмайды. Аурухананың көнетоз жөргегімен құндақталған балалары тоймай шырқырай береді. Сөйтсек, анасының қарны аш екен. Ешкім тамақ әкелмейді. Кәрі анасымен сөйлесіп, үш баласын табыстап, тұтқаны қоя сала еңірейді.
– Әй, қыз, жылама! Сүтің тартылып кетеді, – деп егде тартқан тазалықшы ескерту жасап кетеді.
Біздің жанымыз ашып келіншекті әңгімеге тартамыз. «Қыста күйеуім достарымен ішіп отырып бейтаныс біреулермен сөзге келіп, төбелесіп қалған. Қарсы жақтан бір адам өліп, жолдасым ортақ қылмысты өз мойнына алып, көп жылға сотталып кетті. Оның туыстарынан қайыр болмады. Бар тиын-тебенімді жинап, адвокат жалдадым. Бірақ қолымнан ештеңе келмеді. Аяғым ауыр екенін кейін білдім. Күйеуім темір торға түскеннен кейін өз туыстарым да бізден сырт айналды. Жалғыз шешем ғана жиендерін бағып, көмектесіп отыр. Пәтер жалдап тұрамыз. Қатты уайымнан ерте босанып қалдым. Ернияз бен Нұрнияз өмірге келгенін естігенде түрмеде басын тамға ұрып жылапты. Амалым не? Күтем ғой. Егіз ұлдарының қалай өскенін, ең тәтті кездерін көре алмайтын болды. Шешем аман жүрсе екен. Балаларым да жетілер», – деп күрсінді. Мұны білген көршіміз үйге қайтарында күйеуіне айтып, қос бөбекке киім-кешек, келіншекке азық-түлік алдырып, оразаның зекетін осы отбасына бергізді.
Түн ортасында қайнақ су әкелуге дәлізге шықсам, шеткі палатада сәбилердің шырқыраған дауысы естілді. Аналары тамақтануға кетті ме? Шыдамай барып есігін ашсам, қараңғы бөлмеде екі бөпеден басқа ешкім жоқ. Жарықты жақтым. Екеуі қояр емес. Біреуін көтеріп алып, екіншісінің бесігін тербетіп жұбатпақ болдым. Қолындағы екі бөтелкеге сүт құйып алған мейірбике келді.
– Оларды қолға үйретпеңіз. Ертең сіз кеткенде кім қарайды? – деп қабағын шытты.
– Балақайлардың аналары қайда?
– Бұлар тастанды балалар. Полицейлер көшеден тауып келді. Ұлға – Дима, қызға Әлия деп өзіміз ат қойдық.
Жүрегім шым ете қалды.
– Сонда бөбектердің қай жері ауырады?
– Толық тексердік. Екеуі де сап-сау.
– Енді не істейсіздер? – деймін тағатсыздана.
– Үш айға толғанша біздің бөлімде жатады. Сосын сот шешімімен бөбектер үйіне ауыстырамыз.
– Қандай көмек керек? Бізде ұнтақ сүт бар. Жаялық, киімдер болса…
Қасиетті айда перзентіне шипа сұрап келген аналар үндемей, өз беттерімен Әлия мен Диманың палатасына жаялық пен киімдер қойып кетіп жатты. Мейірім тек көздерінен көрініп тұр. Ал балалардың болашағы беймәлім… Бейкүнә екі сәби өсіп, өмір жолдары тоғысып қалса, қараңғы палатада қорқа шырқырып жылағандарын, дүние есігін ашпай жатып әке-шешенің мейірімінен ада болып, бейтаныс жандардан жылу көргендерін білер ме екен?
Анасының да, перзентінің де жаны аман қалғанына Жаратқанға сансыз мадақ айта отырып, ұлымыздың атын Жанасыл деп қойдық. Жеті айға толмағандықтан түрлі диагнозбен дәрігерлердің алдына жиі келдік.
Жертөледе жансақтау бөлімінің алдында Аллаға жалбарынып отырдық. Талай түнді ұйқысыз өткердік.
Осындай кезекті емделу кезінде тағы бір күтпеген жағдайға тап болдық. Бірінші қабаттағы жедел инфекцияларды емдейтін бөлімде жатқанбыз. Кеште мейірбике асығыс терезелерді бекітіп, тұтқаларды жиып алды да «Палатадан шықпай отырыңдар!» деп ескертіп кетті. Түнгі дәрімізді ектіруге ем-шара кабинетіне бөпемді көтеріп бардым. Қолы кісендеулі орыс келіншек жанындағы әскери киім киген қарауылмен бірге асханаға кетіп барады. Мамандығымызға байланысты білмеске құмарлығым артып, мән-жайға қанық болдым. Түрмеде жазасын өтеп жатқан келіншек екі ай бұрын қыз баланы өмірге әкелген. Темір тордың арғы жағында қайбір күтім болсын? Нәресте ішек инфекциясын жұқтырған. Ондағы дәрігерлер емдегенімен, бөбек күннен-күнге әлсіреген. Ананы сәбиімен «Жедел жәрдем» ауруханаға жеткізген. Кішкентай науқас бірден жансақтау бөліміне түсті. Жазасын өтеушіні жеке палатаға орналастырды. Тәулік сайын қарауыл ауысып тұрады. Елдің көзіне түспеуге қанша тырысқанымен, бір бөлімшеде жатқан соң дәлізде кездесіп қаламыз. Мен суыққанды болғаныммен, жас келіншектер қорыққандарын жарыса айтып отырады. Сәбидің не кінәсі бар? Оның да толыққанды ем алуға құқығы бар. Алайда «Болашағы не болар екен, алдында қандай өмір күтіп тұр?» деген сұрақтар мазаламай қойған жоқ.
Пульмонология бөлімінде емделіп жатқанымызға үшінші күн. Жаңа жыл қарсаңында біраз ана қолхат жазып, сұранып кетті. Мерекені отбасымен қарсы алмақшы. Мұндай ой менің басыма кірмеді. Себебі үйде тосын жағдай бола қалса, балама көмектесе алмайтынымды білдім. Не болса да дәрігердің жанында болайық. Ұлым аман-есен қатарға қосылса әлі талай мейрамды бірге өткіземіз деп ойладым. Немересіне қарап жатқан әжелердің көбі үйіне қайтпады. Тілеулестер Жаңа жылды бір бөлімшеде қарсы алдық.
Түн ортасында дәлізде жылаған әйелдің даусынан шошып ояндым.
– Баламды қайтарыңдар!
– Сабыр етіңіз, біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық! Қайғыңызға ортақпыз, – деп жансақтау бөлімінің дәрігері жұбатып жатыр.
Келіншек жергілікті емханадағы педиатрға хабарласып «Бәріне сендер кінәлісіңдер!» деп айқайлап жатыр. Осы жерден аман қайтсақ екен деп балапанымды қапсыра құшақтап, Жаратқанға жалбарынып жатырмын. Аздан соң мұңлық келіншекті күйеуі алып кетті. Білуімізше, бұдан бұрын екі сәбиі де осындай әлсіз болып туып, шетінеп кетіпті. Міне, үшіншісі… Қандай ауыр… Сонда түсінгенім, дені сау анадан сау бала туады екен. Бәлкім, келіншек жақсылап емделіп, сәби сүйген шығар?! Лайым солай болғай!
Халық арасында шала туған ұлға қарағанда, қыздар ширақ болады, көбіне солар қатарға қосылып кетеді деген түсінік бар. Кейбір адамдар «Ааа, сенікі ұл екен ғой. Адам болмайды. Қыздар мықты» деп бетіме де айтқан. Мен сенбедім, Алладан үмітімді үзбедім. Жаратқан өзі жан берді ме, енді ол да жарық дүниенің бар жақсылығын көруі тиіс деп ойладым. Күні-түні баламды қолдан түсірмей, көтеріп жүріп бақтым. Себебі, қатты жылатуға болмайды. Бір жасқа келгенше түнімен ұйқы бетін көрмедім. Арасында жарты сағаттай қалғып алам. Кейбір күшті дәрілер реакция беріп, аллергия болдық. Ондайда ұзақ уақыт диета ұстадық.
Ана жүрегі алдамайды екен. Шыдамдылықтың арқасында бәрін жеңдік. Жанасылға қараған сайын Аллаға шүкіршілік келтірем. Оқу үздігі, музыкаға әуестігі бар. Домбырамен ән салады. Айтпақшы, осы материалды жазып жатқанда келесі бөлмеден өмірге құштар ботамның орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі естіліп тұрды. Тәуба!
Жаратқан ием балаларды бақытты етсін, олардың ата-анасының жүрегіне мейірім ұялатсын. Олар еліне жаны ашитын білімді, парасатты, қайырымды ұрпақтардан болсын! Баланың болашағына біз, ата-ана жауапты екенімізді бір сәт естен шығармайық.
Елгүл НҰҒЫМАН,
журналист


