Есірткіге тәуелділік – адамның өмірі мен денсаулығына ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін күрделі мәселе. Есірткіні алғаш рет қызығушылықпен немесе достарының ықпалымен қолданған адамның өзі уақыт өте келе тәуелділікке ұшырауы мүмкін. Бұл денсаулықтың нашарлауына, әлеуметтік оқшаулануға және қылмысқа алып келеді.
Есірткі адамның орталық жүйке жүйесін зақымдап, есте сақтау қабілетін төмендетеді, психикалық бұзылыстардың дамуына себеп болады. Сонымен қатар ол жүрек, өкпе, бауыр және басқа да ішкі ағзалардың жұмысына кері әсер етеді. Көп жағдайда есірткіге тәуелді адамдар еңбекке қабілеттілігін жоғалтып, қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырылады.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының маңызды бағыттарының бірі. Түсіндіру жұмыстары, жастармен кездесулер, профилактикалық іс-шаралар және ақпараттық науқандар жастарды зиянды әдеттен қорғауға бағытталған.
Әсіресе жастардың есірткінің зияны туралы нақты ақпарат алуы маңызды. Қызығушылық немесе қысқа мерзімді әсер үшін денсаулық пен болашақты қатерге тігудің ешқандай мәні жоқ.
Есірткіден бас тарту – саналы таңдау. Әрбір азамат өз денсаулығын бағалап, заң талаптарын сақтап, салауатты өмір салтын таңдауы қажет. Болашақ – дұрыс таңдау жасаған адамның қолында.


