Сүмбе ауылдық округінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алкоголь өнімдерін сату талаптарының сақталуын бақылау және түсіндіру мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ауылдық округ аумағындағы сауда орындары қамтылып, кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары кеңінен түсіндірілді.
Түсіндіру жұмыстары барысында алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс немесе заң талаптарын бұза отырып сату деректері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны қатаң ескертілді. Бұл ретте қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – баршаға ортақ міндет екені атап өтілді.
Аталған іс-шараға ауылдың зиялы қауым өкілдері мен белсенді азаматтары қатысты. Олардың қатарында ауыл ақсақалдары, ауыл имамы, учаскелік полиция инспекторы, аналар кеңесінің мүшелері және белсенді ауыл тұрғындары бар. Жұмыс барысында заң талаптарын сақтау, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Ауыл қариясы Еркін Жанғазиев: «Тәртіп – қоғамның тірегі. Әсіресе жастарға дұрыс бағыт беру үшін үлкендер әрдайым үлгі болуы тиіс. Заң талаптарын сақтау арқылы ғана біз ауылымыздағы тыныштық пен бірлікті сақтай аламыз», – деген пікірін білдіріп, жастарымыздың тәрбиелі, көргенді болуы ең әуелі ауылдың ақсақалдарына, үлкендеріне байланысты екенін айтып, ішімдіктен барынша алшақ болуға шақырды.
Ал учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Бақыткелді Бейбарыс алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың салдарына тоқталып: «Заң талаптарын бұзу – тек айыппұлмен шектелмейді, ол қоғамдық тәртіпке де кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір кәсіпкер өз жауапкершілігін сезініп, белгіленген талаптарды қатаң сақтауы қажет. Біз үшін ең бастысы – құқықбұзушылықтың алдын алу» – деді. Жалпы, мұндай профилактикалық іс-шаралар ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдық тәртіптің нығаюына ықпал етеді. Тәртіпке бағынған қоғамда ғана тұрақтылық пен қауіпсіздік сақталатыны анық.
Анар Дүйсенбайқызы Ұйғыр ауданы

