1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл күн мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Конституция құқық нормаларының жай ғана жиынтығы емес, елдің бүгіні мен болашағы құрылатын құндылықтарды бейнелейтін қоғамдық шарт.
Жаңа Конституцияның ерекше құндылығы оны дайындау процесінің өзінде жатыр. Жоба кәсіби заңгерлерді, сарапшы қауымдастығының және азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тарта отырып, Конституциялық комиссия тарапынан әзірленді. Жаңа Ата Заңымызда зайырлы мемлекет қағидатына баса мән берілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің дерегі бойынша, елімізде 18 конфессияны білдіретін 3 999 тіркелген діни бірлестік бар. Қазақстан үшін зайырлылықтың конституциялық формуласы азаматтардың діни нанымсенімдері мен дүниетанымына қарамастан теңдігін қамтамасыз ететін кепілдік болып табылады. Зайырлы мемлекет дінді құрметтейді, бірақ өзін ешбір конфессиямен теңестірмейді. Ол әрбір адамға ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып, қоғамды қандай да бір идеологияны немесе діни үстемдікті таңудың кез келген әрекеттерінен қорғайды.
Қазақстан тарихы түрлі мәдениет, дәстүр мен наным-сенімге құрметпен қарау этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айқын көрсетеді. Жаңа Конституция бұл дәстүрді сақтап қана қоймай, мемлекеттің зайырлы сипатын ұлт дамуының бас негіздерінің бірі ретінде бекіте отырып, оны сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтереді. «Конституцияның елді білімге, ағартуға, мәдениетке, ғылымға және инновацияға бағдарлауы да аса маңызды. Қазіргі мемлекет күшті адами капиталсыз табысты бола алмайды. Сондықтан конституциялық модельдің орталығында – адам, оның қадір-қасиеті, құқығы, өзін-өзі дамытуы мен жемісті еңбек ету мүмкіндігі тұр. Жаңа Конституция мемлекет институттарын жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын құқық негізін қалыптастырады», – дейді кәсіби медиатор Гүлжахан Кәкішқызы.
Өз тілшіміз

