Перейти к содержимому
Главная страница » Заң мен тәртіп: сапасыз қызмет көрсетілген тұтынушы құқығы қорғалды

Заң мен тәртіп: сапасыз қызмет көрсетілген тұтынушы құқығы қорғалды

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ықпалымен тұтынушыға сапасыз білім беру қызметі үшін 450 мың теңге қайтарылды:

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне білім беру қызметтерін көрсету барысында тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштер келіп түсуде.

Кезекті жағдайда Алматы облысының тұрғыны ағылшын тілін оқыту қызметін көрсететін ұйымның әрекетіне шағымданды. Тұтынушы оқу курсына шарт жасасып, 450 000 теңге көлемінде төлем жүргізген. Алайда екі сабаққа қатысқаннан кейін көрсетілетін білім беру қызметінің сапасы күткен деңгейге сәйкес келмейтінін анықтап, әрі қарай оқудан бас тартып, төленген қаражатты қайтаруды талап еткен.

Дегенмен қызмет көрсетуші ұйым тұтынушының талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Осыған байланысты тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Департамент мамандары тұтынушыға заңнамаға сәйкес құқықтарын қорғау тәртібін түсіндіріп, сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға және жолдауға көмек көрсетті. Сонымен қатар дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мақсатында қызмет көрсетушімен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде дау сотқа жеткізілмей шешіліп, тұтынушыға 450 000 теңге толық көлемде қайтарылды.

Айта кету керек, аталған білім беру ұйымына қатысты Департаментке осыған ұқсас басқа да өтініштер келіп түскен. Әрбір өтініш бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетілуде.

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады: егер тұтынушылық құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, аумақтық департаментке жүгіне аласыз. Департамент мамандары құқықтық және консультациялық көмек көрсетіп, дауды заңнама талаптарына сәйкес шешуге жан-жақты қолдау көрсетеді.

Дина Сенбаева ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы