Ән мен әуенге ұласқан сайлау күні: Алатау өнерпаздары тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Құрылтай депутаттарын сайлау күні №374 және №1030 сайлау учаскелерінде Алатау қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен арнайы концерттік бағдарламалар ұсынылды. Сайлау учаскелеріне келген тұрғындар азаматтық таңдауын жасаумен қатар, отандық өнердің үздік үлгілерін тамашалауға мүмкіндік алды.
Мерекелік бағдарламаның негізгі өзегін әншілер мен сахна өнерпаздарының жанды орындаулары құрады. Көрермендерге елге танымал өнер иелері Р. Майғайзиев, Еркін Маулен, Ләлә Бақытнұрқызы және басқа да шығармашылық өкілдерінің музыкалық туындылары ұсынылды. Әншілердің әсерлі дауысы мен сахналық шеберлігі сайлау күнінің мазмұнын толықтырып, учаскелердегі ерекше мәдени ахуалды қалыптастырды.
Өнерпаздардың орындауындағы патриоттық және лирикалық әндер тұрғындардың көңілінен шығып, сайлау учаскелеріне келген жандарға жағымды әсер қалдырды. Әсіресе елдік рухты, туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармалар азаматтардың бойындағы отансүйгіштік сезімді күшейтіп, маңызды қоғамдық күннің мәнін айшықтай түсті.
Бұл күні әншілердің өнер көрсетуі жай ғана концерттік бағдарлама емес, қоғамдық белсенділік пен рухани құндылықтарды тоғыстырған мәдени бастама болды.
Ән – халықтың жүрегіне жол табатын рухани күш. Өнер – елді ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын алтын арқау. Алатау қаласының өнерпаздары сайлау күнін өз өнерлерімен әрлеп, тұрғындарға ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.