Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ӨТЕГЕН БАТЫРДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДА БАҚ СЫНАДЫ

ӨТЕГЕН БАТЫРДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДА БАҚ СЫНАДЫ

77 қаралым

Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы ересек тұрғындар мен жеткіншектер ұлттық ойын ойнап, еліміздің болашағы ұлттық тәрбиеде екендігін көрсетті. Бірі асықтың сақасын көздесе, бірі тоғызқұмалақта келесі жүрісін есептеді, енді бірі арқан тартыста командасына күш қосты. Енді бірі шахмат пен дойбы ойыны арқылы стратегиялық ойлау жүйесі мықты екенін көрсетті.
№349-350 сайлау учаскелерінің маңы бірнеше буынның басын қосқан ұлттық ойындар алаңына айналды. Мұнда асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, арқан тартыс, сондай-ақ шахмат пен дойбыдан сайыстар ұйымдастырылып, шараға ауыл тұрғындары мен 100-ге жуық бала қатысты.
Ойындарда балалардың қабілеті мен ептілігі жан-жақты сыналды:
• Асық атуда — мергендік пен көзжұмбайлық;
• Бес таста — шапшаңдық пен ептілік;
• Тоғызқұмалақ пен шахматта — логикалық есеп пен стратегия;
• Арқан тартыста — физикалық күш пен командалық үйлесім.
Ойын алаңында жас ерекшелігіне қарай шектеу болған жоқ: балалармен қатар ересектер де балалық шаққа саяхат жасап, сайыстарға белсене араласты. Ұлттық ойындар – тек жарыс емес, күнделікті тұрмыста ұмытылып бара жатқан дәстүрді жаңғыртудың тамаша мүмкіндігі. Бұл жолы асық пен бес тас сөредегі жәдігер емес, жас ұрпақтың қолындағы тірі ойынға айналды. Дәстүрдің сабақтастығы үшін асықты қолға алып, ойынды бастау жеткілікті екенін бұл шара тағы бір рет дәлелдеді.