«Адамның басы – Алланың добы» емес пе? Ойламаған жерден осыдан біраз уақыт бұрын Үндістанға жолымыз түсті. Бала кезден үндінің киносымен өскен біз үшін бұл ел ерекше. Ал ата-аналарымыздың үндінің шайы десе ауыздарынан әлі күнге дәмі кетпей тамсанып отыратынын да білеміз. Иә, Үндістан – балалық шақтан санамызға сіңген небір киноның, пілдердің Отаны. Талай ғасыр Ұлы моғолдар билік жүргізіп, гүлдендірген ғажап ел. Талай жыл ағылшын отаршыларының езгісіне түсіп, осыдан 80 жылдай бұрын ғана бодандық бұғауынан босанған азат ел. Ғашықтар тілін ән мен би арқылы ұқтырған, аты аңызға айналған әмірші Ақбар махаббат символы – Тәж-Махалды тұрғызған шежірелі ел. Иә, қалай десек те көз алдымызға сұлулықтың символындай мекен елестейді. Сондықтан да Үндістанға табан тіреу біз үшін ертегілер еліне түсердей сезім сыйлады. Ал енді қиялдағы Үндістан мен біз көзбен көрген үнді елі қандай?
Ұзақ жыл бойы Ұлыбританияның отарында болған бұл елде ағылшын тілі негізгі тілдің бірі болып саналады. Оған қоса ана тілі – хинди тілі де қатар жүреді. Әлемде халық саны жағынан бірінші орында тұрған Үндістанды бүгінде тек «халқы көп мемлекет» деп қарау жеткіліксіз сияқты. Ол әлемдік экономикадағы салмағы күн сайын артып келе жатқан, технологиялық мүмкіндігін күшейтіп, өндірісін жаңғыртып, өз компанияларын жаһандық нарыққа шығарып отырған алып елге айналып келеді. Дүниежүзілік банк дерегіне қарағанда, Үндістан 2026 қаржы жылында 7,6 пайыздық өсім көрсетіп, ірі экономикалардың арасындағы жоғары қарқынның бірін сақтап отыр.
Иә, Үндістанға сырттай қараған адам алдымен оның халқын көреді. Бастапқыда біз де сол қатардан болдық. Адам көп, қала көп, көлік көп, өндіріс көп. Бірақ осы алып ауқымның ар жағында бір маңызды құбылыс барын ұғындық. Бүгінде Үндістан өз халқын тек тұтынушы ретінде емес, экономикалық ресурс ретінде қарастыра бастаған. Міне, мәселе осында жатыр. Білім алған инженер, бағдарламашы, дәрігер, кәсіпкер, ғалым ел экономикасының жаңа капиталына айналды. Үндістанның IT саласында әлемге танылуы да осының нәтижесі. Бүгінде үнді мамандары мен компаниялары жаһандық технологиялық нарықтың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Фармацевтикада да Үндістанның салмағы айтарлықтай. Ел арзан әрі қолжетімді дәрі-дәрмек өндіру арқылы әлемдік нарықта өз орнын қалыптастырды. Ол дәрі-дәрмектің тек арзан әрі қолжетімді болуы ғана емес, сапасының да жоғары екенін де бүгінгі медицина дәлелдеп отыр. Демек бұл жерде біз бәсекеге түсу үшін міндетті түрде табиғи ресурсқа бай болудың шарт емес екенін ұғынамыз. Ал Үндістан осы жағын терең меңгеріп, бүгінде білім мен еңбекті экспортқа шығарып отыр.
Қазіргі кезде Үндістанға дертіне дауа іздеп, жан-жақтан ағылатын науқастар көп. Ондағы білікті дәрігерлер мен сапалы дәрі-дәрмек әлем елдерінің аузында. Әсіресе Қазақстаннан үнді еліне барып, еміне шипа тауып келіп жатқан мыңдаған бауырымызды көргенде қуанасың әрі қынжыласың. Себебі біз – табиғи ресурстарға бай елміз. Бірақ табиғи байлықтың болуы автоматты түрде бай мемлекет болуға жеткізбей отырғаны да шындық. Ресурс – мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті құны бар өнімге айналдыратын – білім, технология және адам капиталы. Міне, бізде бүгінде осы нәрсе кемшін болып тұрғандай.
Бір сөзбен айтқанда, Үндістан – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік елдердің бірі. Болат өндіруден жетекші орындардың бірі болса, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар шығаратын зауыттар базасы әлемде көш басында тұр. Сонымен қатар көлік құралдары мен бөлшектерін шығарудан да Үндістанның тасы өрге домалаған. Бұл тұстан қарағанда біздің үнді елінен үйренеріміз көп сынды.
Айдан астам Үндістанда болған уақытта Дели мен оның айналасына шоғырланған қалаларда күн сайын жол жүреміз. Азап деп осыны айт. Себебі ойлы-шұқыр жолда сағаттап жүру оңайлыққа соқпайды. Жолдың нашарлығымен қатар, көшелердің тарлығы тағы бар. Сонымен қоса мұнда жол ережесі мүлдем жоқ деуге болады. Жолда көліктер мен мотоциклдерден бөлек, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан велосипедшілерді де, рикшаларды да, арбаларды, тіпті сиырларды кездестіруге болады. Ал жаяу жүргіншелерге арналған жолақтардан өту тіптен азап. Жол беріп жатқан көлікті көрмейсің. Тротуарлардың да жағдайы мүшкіл. Жол белгілерін де байқай бермейсіз. Тіпті, қарама-қарсы бағыттан алдыңнан атып шығатын көліктер мен мотоциклді де жиі кездестіруге болады.
Осындай аласапыран жол қозғалысына қарап бұл елдегі жүргізушілер ешқандай заң мен ережелерге бағынбайтынын аңғарасың. Тіпті, полиция қызметкерінің өзін де елеп-ескеріп жатпайды. Бірінің жолын бірі кесіп, жылдамдықты асырып, жолақтар мен жолайрықтарда да кесе-көлденең шығатын көлік көп болса да, мұнда жол апатының өте сирек болатынына қайран қаласың. Сонымен қатар бір-біріне ашу шақырып, балағаттап жатқан жанды да көрмейсің. Сапырылысып жатқан миллион көлік арасында күнделікті жүрсе де, үнділердің сабырлығы мен төзімділігіне таңғалдық.
Әлеуметік желілерден Үндістандағы тазалықтың адам шошырлық деңгейде екенін көрген едік. Тіпті, өздері қасиетті санайтын Ганга өзеніне жуынып, күнәдан арылғысы келетін үнділер әлі де көп. Ал ол өзенге өлген адамдарды ағызатыны тағы бар. Байлар мәйітті өртеп, күлін ағызса, кедейлер отын жетпегендіктен шала өртеп, мәйіттің өзін ағыза салады. Осындай наным-сенімдері бар үнділер тек өзенді емес, қаланы да таза ұстауға құлықты емес сияқты.
Делидің орталық көшелеріндегі қарбаласта жүрсең де, айналада шашылған қоқысты байқамау мүмкін емес. Тіпті, оны елеп-ескермей жан-жағында саудасын жасап отыра беретіндер де бар. Бұл туралы бірнеше үнді азаматымен сөйлескенде, бірі адамның көптігінен деп қысыла жауап берді. Ал екіншісі мұндағы тұрғындарды тазалыққа тәрбиелеу, әсіресе үлкен буынды үйрету қиын екенін айтып қынжылды. Қалай десек те, Үндістандағы тазалықтың мүлдем жоқтығы басыңды шайқатады.
Үндістанның экономикасы мен технологиясы қарыштап дамып келе жатқанымен, мұнда зәулім ғимараттар мен заманауи технологияның көлеңкесінде тазалық мәселесі әлі де өткір тұр. Қаладағы қоқыс үйінділері, санитарлық жағдайы төмен аудандар, ластанған су арналары елдің даму қарқынына кереғар көрініс береді. Бұл – Үндістанның алдында тұрған үлкен әлеуметтік мәселелердің бірі. Ең қызығы, ел билігі бұл түйткілді мойындап, соңғы жылдары оны шешуге күш салып келеді. Бірақ нәтижесі әлі де көңіл көншітпейтіндей. Демек Үндістанның тәжірибесі бізге бір нәрсені көрсетеді: экономикалық өсім мен заманауи технологияның өзі қоғамдағы тазалық мәдениетін қалыптастыруды алмастыра алмайды.
Тарихтан Британ отары болғанға дейін Үндістан жеке-дара мемлекеттерден құралған бай әрі алып ел болғаны белгілі. Ал отар және тәуелсіздік жылдары кедейшілік проблемасы аса ауқымды мәселеге айналды. Әлемдегі аса кедей жандардың үштен бірі Үндістанда.
Кедейліктің асқынғанын елдегі үйсіз-күйсіз халықтан көруге болады. Тіпті саябақтар мен ықтасын жерлерді паналаған жандарды көру үйреншікті жағдайға да айналады. Жаппаларда тұрып жатқан отбасыларды, жалаңаяқ жүгіріп жүріп қайыр сұраған балаларды көргенде «тәубеден» басқа айтарға сөз таппай қаласың. Далада түнейтін, тапқанын талғажау ететін, қоқыстарды аралап күнелтетін тұрғындар да көп. Бұл көріністер Үндістандағы кедейліктің жантүршігерлік жағдайда екенін анық аңғартады.
Кей деректер Үндістанда 300 милиондай тұрғын кедей тұрады дегенді алға тартады. Сондықтан да болар, үнділер жұмыстан лас деп қашпайды. Таңдап та жатпайды. Күнкөрістің қамы үшін мұндағы тұрғындар кез келген жұмысты істеуге дайын.
Түйін:
Иә, Үндістанда болған біраз уақытта талай дүниеге көз жеткіздік. Мұндағы азаматтардың еңбекқорлығы мен мейіріміне, сабырлығына сүйінсек, кейбір жағдайларға күйіндік. Бірақ бір нәрсені анық ұғындық. Біз кейде қолда бардың қадірін бағаламай жатамыз. Жұмыссызға жұмыс ұсынсаң, кекірейіп, көңіліміз толмайды. Тек жақсы жұмыс істеп, жақсы ақша тапқымыз келеді. Мемлекеттің түрлі қолдауы мен көмектеріне де риза болмаймыз. Ауылымыз бен қалаларымызды тазалауға сенбіліктерге шығарса, тағы да сан сылтау. Өзімізге керек еместей кейіп танытамыз. Ал бұл жер, осы мемлекет сіз бен біздің тұратын мекеніміз екенін, балаларымыздың өмір сүретін жері екенін естен шығарамыз. Бір елдің жетістігін көргенде, өзімізде неге жоқ деп ойлау оңай. Ал сол елдің күнделікті тіршілігіне үңілгенде, әр мемлекеттің сырт көзге көрінбейтін өз шындығы барын түсінесің. Үндістан бізге дамудың биігіне ұмтылуға болатынын көрсетсе, оның көлеңкелі тұстары өмірдегі бар нәрсенің қадірін бағалауды үйретеді. Кейде біз өзімізде бар дүниені тым қарапайым қабылдаймыз. Туған жердің тыныштығы, кең даланың еркіндігі, табиғаттың тазалығы, ел ішіндегі қалыпты тіршілік – мұның бәрі біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі болып кеткендіктен, бағасын сезіне бермейміз. Ал басқа елдің тыныс-тіршілігін көргенде ғана өз өміріміздегі көп нәрсенің үлкен артықшылық екенін аңғарамыз. Ендеше барымызды бағалап, туған жерімізді қастерлеуді бір сәт те естен шығармасақ екен.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ