Перейти к содержимому

Оқитын ұлт озады

30 қаралым

Кітап оқу – бос уақыт өткізетін ермек емес, ұлттың ойлау мәдениетін қалыптастыратын әдет. «Балаңыз кітап оқи ма?» деген сұрақ бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Өйткені ақпарат тасқыны күшейген, әлеуметтік желі жұртты қысқа мәтін мен қысқа бейнематериалға үйреткен заманда ұзақ мәтінді соңына дейін оқу, автордың ойын түсіну, кейіпкердің әрекетін саралау, дерек пен пікірді ажырату, өз көзқарасын қалыптастыру сиреп барады. Ал кітап оқу адамның ойлау жүйесін, білімге көзқарасын, талдау қабілетін, рухани талғамын қалыптастырады. Осы орайда елімізде 15 қыркүйектен бастау алатын «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының орны ерекше.

«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәселесін мемлекеттік деңгейге шығарды. 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы мектеп кітапханаларындағы кітап қорына тоқталып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру қажеттігін айтты. Сол жиында «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды, қазақ әдебиетінің әр кезеңі мен жанрын қамтитын арнайы кітаптар тізімін жасап, ондағы шығармалар балаларға қолжетімді болуын тапсырды. Ал 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл мәселе одан әрі нақты қойылды. Еліміздегі кітапханалардың жай-күйі, ондағы кітап қоры сынды мәселелер қолға алынып, «Ұлттық кітап күні» белгіленді. Бірақ мерекенің формалды шараға айналмауы керектігін ескерткен Мемлекет басшысы кітап жәрмеңкелері мен түрлі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды.
Кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы бұл қадамдардың ізін жалғап, биылғы қыркүйек пен келер жылдың наурыз айы аралығында алты айға созылатын республикалық марафон бастау алды. Ұлы Абай айтпақшы, «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген оқырман бүгінде жобаның ресми сайты – reading-nation.kz-ке тіркеліп, марафонға дайын отыр. Айтпақшы, сіздің де сайтқа тезірек тіркеліп, марафонға үлгеретін уақытыңыз бар. Оқырман сайысы 15 қыркүйектен бастау алады. Жоба мектеп, колледж, университет, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және зияткерлер сияқты жеті бағытты қамтиды. Әр топқа, мектеп оқушыларының жасына қарай оқылатын кітаптар тізімі де жасақталған. «Кітап оқитын ұлт» жобасы жұрттың кітапты тек оқуын емес, оқығанын түсінуін, пікір айтуын және зияткерлік сайысқа қатысуын көздейді. Марафон ережесіне сәйкес, қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, әр шығарма бойынша пікір білдіреді. Яғни мақсат – «15 кітап оқыдым» деген есеп емес, 15 кітап арқылы 15 рет ойлану. Бастысы – 15 кітаппен шектеліп қалмай, алты айға созылған кітап оқу әдетін өмірлік әдетке айналдыру. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – бір байқауды өткізіп, жеңімпаз анықтау ғана емес. Жоба ұйымдастырушылары Қазақстанды алдағы уақытта әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосуды мақсат етеді.
Былтыр 14-18 сәуір аралығын­да eGov mobile платформасында Қазақстанның барлық өңірінен 46 190 адам қатысқан сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесінде қазақстандықтардың 57,3 пайызы тұрақты түрде кітап оқитынын айтқан. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 58,7 пайыз, ерлер арасында 55 пайыз болды. Десе де, статистикаға тереңірек үңілсек, сауалнамаға қатысқандардың 31 пайызы жылына 1-3 кітап оқитынын айтса, 26,3 пайызы үш кітаптан көп оқитынын көрсеткен. Ал респонденттердің 30,6 пайызы уақыттың жоқтығынан кітап оқымайтынын айтқан. Кітап оқуға қызығушылығы жоқ екенін көрсеткендер үлесі 6,2 пайыз ғана. Демек кітап оқуға деген қызығушылық төмен емес. Елімізде кітапқұмар жандар бар. Негізгі мәселе – кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру және мәтінді көзбен шолып шығу емес, автордың айтқысы келген ойын түсінуге, кейіпкерлердің шешімдеріне сыни көзқараспен қарауға және оқығанынан өзіндік қорытынды жасауға мүмкіндік беретін қабілет қалыптастыру. Осындай оқу оқырманның сыни ойлау қабілетін дамытып, кез келген ақпаратқа бірден сене салмай, оны саралап қабылдауына жол ашады. Осы орайда ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген сөзі бүгінгі ақпарат дәуірінде бұрынғыдан да маңызды екеніне көз жетізгендейміз. Одан бөлек, 15 секундтық жылпылдаған қысқа видеоларға құмартып, қолымыздағы смартфонға үңілумен уақытымыз өтіп жатқан бүгінгі күні осыдан бір ғасырдан астам бұрын қазақ ағартушыларының «Ұлтты өзгертудің негізгі жолы – оқу мен білім» деген ойының да маңызы артып тұрғандай.
Ахмет Байтұрсынұлы «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық, Жүріңдер, іздеп, тауып алалық та!» деп жырлап, кітап оқу жай ғана сауат ашу құралы емес, даналыққа апаратын жол екенін көрсеткен. Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық идеясы мен бүгінгі «Кітап оқитын ұлт» бастамасының арасында тұтас бір тарихи сабақтастық бар деуге болады. Бір ғасыр бұрын қазақ баласын оқуға шақырған ұлт ұстазы мен бүгін қоғамды жаппай кітап оқуға шақырып отырған мемлекеттік саясаттың түпкі мұраты ұқсас. Білімді, ойлы, саналы ұрпақ қалыптастыру.
2026 жылғы 16 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. «Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында қаулы етемін» деп басталатын құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту мен зерделі ұлт қалыптастыру мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленді. Жарлықта жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық құралдарды пайдалану, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау, отандық жазушылар мен ақындарды қолдау сияқты міндеттер көрсетілген. Бұл міндеттер жүйелі жүзеге асып, ел азаматтарының кітапқа деген қызығу­шылығы артуына үлкен себеп болады деп сенеміз. «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеу жұмыстары басталғаны кеше еді, бүгінде 300 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, кітап оқуды әдетке айналдыруға қадам жасауға дайын отыр.
Кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру отбасынан басталып, мектепте бекемделіп, жоғары оқу орындарында тереңдей түскенде ғана қоғамдық құндылыққа айналып, зияткер ұлттың қалыптасуына негіз болмақ.

Құралай Мұратқызы