Перейти к содержимому

Бағбан бақыты

28 қаралым

Қарасай ауданының тұрғыны Айшам Нурузованың жер өңдеуге деген сүйіспеншілігі оған қан арқылы дарыған десек те болады. Анасы жағынан атасы Илахун Көккөз Қытайда бақ отырғызған бағбан болыпты. Сонымен қатар әкесі Тұрсын мен анасы Аминям оған мінезі болаттай берік, ұйымдастырушылық қабілеті мол болған нағашы әжесінің есімін берген. Осылардың бәрі айналасын көгалдандыруға құштар болып, туған жерге деген сүйіспеншілігін ұрпағына жеткізіп жүрген кейіпкеріміздің өмір жолын айқындаған.

– Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қарасай ауданынан бір гектар жер сатып алдым. Біртіндеп сол жерде тәлімбақ қалыптасты, – дейді Айшам. – Жер телімі кәдімгі иен далада орналасқан еді, онда тек қурай өсетін. Үй де, жарық та, су да, жол да жоқ болатын. Ағаш көшеттерін күтіп-баптау үшін Алматы қаласынан балаларыммен бірге осында келетінмін. Кейін осы жерге үй салып, осында тұруды ұйғардық. Осылайша біртіндеп фермерлік үй тұрғыздық, жарық тарттық, өз құдығымызды бұрғылап, көшетхана жасадық. Біраз уақыттан кейін тағы төрт гектар жерді жалға алдым, кейін 11 гектар жерді сатып алдым. Осылайша иелігімді кеңейттім. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ еңбекқорлық пен төзімділіктің арқасында қиындықтарды еңсеріп, арманыма жеттім.
Тәлімбақ «Алматы – Бішкек» төменгі тасжолының маңында, Қаскелең қаласының қарсы бетінде орналасқан. Мұнда өсімдіктің түр-түрін кездестіруге болады. Бәрі де бір-біріне тең, сап түзеген сарбаздардай қатар-қатар өсіп тұр. Мұнда емен, қайың, шырша, қарағай, арша, шаған, талшын көшеттері бар. Қытайдан, Қырғызстаннан, тіпті Голландиядан әкелінген ағаштар да жайқала өскен. Алайда қазір мұнда импортты алмастыруға басымдық беріліп, осы өңірге жақсы жерсінген, қуаңшылық пен аязға төзімді ағаштарды көбейтуге көңіл бөлінуде. Әсіресе, аршаға және көпшіліктің көңілінен шыққан көлденең әрі тік өсетін аршаларға ерекше мән беріліп отыр. Олардың құндылығы – бактериялар мен саңырауқұлақтарды жоятын фитонцидтерді көп бөледі. Сонымен қатар олар күтімді көп қажет етпейді, ыстыққа да, аязға да төзімді.
Мұнда біржылдық және көпжылдық, бақша және бөлме гүлдерінің теңізін де көруге болады. Сондай-ақ жеміс ағаштары, жидек дақылдары, соның ішінде долана, шетен, шәңгіш, бүлдірген, таңқурай да бар. Айшам Нурузованың қолы жеңіл, жүрегі мейірімді. Сондықтан оның баптаған өсімдіктерінің бәрі дерлік жерсініп, жайқалып өсіп, көбейіп келеді.
Бұл талантты әрі еңбекқор әйелдің иелігінде мамық шашпайтын теректердің де орны ерекше. Оларды отырғызудың аллергиядан зардап шегетін адамдар үшін маңызы зор. Сонымен бірге мұндай ағаштар ауаның газдануын азайтады. Бұл көлік қозғалысы қарқынды ірі елдімекендер үшін аса құнды. Пішінін жоғалтпай өсетін, қарағаштар да өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Оларды үнемі қырқып отырудың қажеті жоқ. Сондықтан мұндай ағаштарды автожолдардың бойына да батыл отырғызуға болады. Олар жол белгілерін жауып қалмайды әрі көліктердің қозғалысына кедергі келтірмейді.
Кейіпкеріміздің қарағашқа деген ықыласы да бөлек. Оның айтуынша, бұл – аязға да, аптап ыстыққа да бірдей төтеп бере алатын ең төзімді әрі күтімді көп қажет етпейтін ағаш. Сондықтан қарағаш су тапшылығы бар шөлді және шөлейтті аймақтар үшін аса бағалы.
– Ағаш көшеттерін өсіру, оларды отырғызу – оңай еңбек емес, – дейді Айшам Нурузова. – Бетің күнге күйеді, қолың қатаяды. Бірақ тағы бір игі іс атқарғаныңа жаның қуанады. Сұрыптарды таңдау әрбір нақты жердің жағдайына байланысты. Сондай-ақ белгілі бір аумақты көркейту үшін ландшафтық дизайн тұрғысынан неғұрлым сауатты шешімдер ұсына аламын.
Барлық қиындық пен қуанышты Айшам Тұрсынқызымен бірге жұбайы Сағындық Нарузбаев және аяулы балалары Ілнара, Иминжан, Дильназ бөліседі. Ол кәсібін бастаған кезде балалары әлі кішкентай еді. Кейін олар ер жетіп, ата-анасына немере сүйгізді. Олар – Сафия, Әмір, әжесінің құрметіне Айшам деп аталған немересі және Сара. Енді немерелері де жер өңдеуге қызығушылық танытып жүр. Мәселен, Әмір қонаққа келгенде, бірден өзінің тырмасын, күрегін, су сепкішін іздей бастайды. Әжесіне көмектескісі келеді. Ол әжесін ұйғыр тілінде еркелетіп «мома» деп атайды. Осылайша жерді көгалдандыратын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Олар еңбектің шынайы қадірін, жасыл желек өсірудің қаншалықты қиын екенін біледі.
– Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола облысының танымал курорттық аймағы орналасқан Зеренді ауылында маған орман өсіру үшін 17 гектар жер бөлінді, – деп жоспарымен бөлісті кейіпкеріміз. – Бұл Көкшетау қаласынан шамамен 50 шақырым жерде. Сол аумаққа Сібір қарағайларын, шыршаларды, қайыңдар мен шетендерді отырғызғым келеді. Қазір осы жер теліміне арналған көшеттерді дайындап жатырмын. Бұл ретте адамдарды жалдамай, барлығын өз күшімізбен атқаруға тырысамын. Өйткені біз отбасылық мердігерлікке көштік. Балаларым мен немерелерім көмектеседі. Оларды еңбекке баулып, ағаш құпияларын түсіндіремін. Мен үшін балаларым мен немерелерімнің анасы мен әжесінің немен айналысатынын көріп, түсінгені маңызды. Бірде ұлым бұл көбіне ақысы төленбейтін азапты еңбек екенін айтты. Бірақ мені елдімекендерді көркейтетін, көмірқышқыл газын сіңіріп, ауасы қатты ластанған ортада аса бағалы оттегін бөлетін ағаштардың көптеп өсіп-өнуі қуантады. Меніңше, адамның жер бетінде өмір сүріп, өткеннен кейін қалдыратын ең әдемі әрі маңызды ізі де – осы.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑