Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында дәуір дарабозы ұлықталды

Алматы облысында дәуір дарабозы ұлықталды

61 қаралым

       Алматы облысына қарасты  Іле ауданы Өтеген батыр ауылында қазақтың көрнекті опера әншісі, Халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды ән кеші өтті. Ұлт өнерінің алтын қорында өшпес із қалдырған өнер иесінің мерейтойына арналған «Ғасыр үні» атты концерт көрермен көңіліне әсем әуеннің әсерін ұялатып, өткен мен бүгінді өнер арқылы жалғаған рухани жүздесуге айналды. Өнердің өз өлшемі, уақыттың өз таразысы бар. Заман өзгеріп, талғам түрленгенімен, жүрекке жол тапқан шынайы өнердің қадірі ешқашан кемімейді. Асыл ән мен әуезді үннің құдіреті де осында. Ол бір кезеңнің ғана еншісінде қалмай, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ел жадында жаңғырып отырады. Қазақтың опера өнерін биік белеске көтеріп, дара дарынымен талай жүректі баураған Ермек Серкебаевтың шығармашылық жолы – осының айқын дәлелі.

        Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық Мәдениет үйінде өткен концерт даңқты әншінің өнеріне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды. Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған мерейтойлық кеште Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы ілелік көрермендерге мазмұны бай, музыкалық өрнегі келісті концерттік бағдарлама ұсынды. Ермек Серкебаевтың есімі аталғанда, ең алдымен, қазақтың ән өнеріне өзгеше сипат дарытқан қайталанбас дауыс, сахна мәдениетіне деген айрықша жауапкершілік пен биік кәсіби талғам ойға оралады. Ол – ұлттық өнердің мерейін асырып, қазақ әншісінің қарым-қабілетін әлемдік деңгейде таныта білген тұлға. Оның «Халық әртісі» атануы да  өнердегі өлшеусіз еңбегі мен дара дарынына берілген лайықты баға еді. Серкебаевтың шығармашылық жолы – тұтас бір дәуірдің өнер шежіресі. Оның орындаушылық шеберлігі мен сахнадағы болмысы талайды тәнті етіп қана қоймай, өнеге беріп, үлгі болды. Әншінің өнері арқылы қазақ музыкасының терең тамырын, ұлттық әуеннің табиғи сұлулығын, адам жанына әсер ететін тылсым қуатын тануға болады. Сондықтан оның мұрасын ұлықтау – өткенді еске алумен шектелмейтін, ұлттық мәдениеттің қадір-қасиетін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіретін маңызды іс.

        Концерт шымылдығы ашылған сәттен-ақ Мәдениет үйінің төріне ерекше көңіл күй орнады. Көрермен қауым әуезді ән мен әсем бидің үйлесімін тамашалап, қазақ өнерінің бай қазынасына тағы бір мәрте қанықты. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның солистері, «Арқас» эстрадалық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі кештің көркін кіргізіп, сахна төрінде өнердің сан қырын тоғыстырды. Әсіресе, қайта жаңғырған «Арқас» ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған әндер көрермен көңіліне айрықша әсер қалдырды. Әр шығарманың өз бояуы, әр әуеннің өз тынысы көрермен көңілін көкжиекке көтерді. Бірі жүрекке сағыныш ұялатса, енді бірі туған жерге деген іңкәрлікті оятып, сезімді шалқытты. Ән мен әуеннің жарасымды үндестігі кештің мазмұнын байытып, көрерменді ұлттық музыка әлеміне жетеледі.

        Бағдарлама барысында «Алқоңыр», «Япыр-ай», «Сарыжайлау», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Гүл Алматы» сынды халыққа кеңінен таныс әндер мен қазақ композиторларының шығармалары шырқалды. Уақыт сынынан өткен бұл туындылардың әрқайсысы – халқымыздың рухани болмысын, сезім әлемін, өмірге деген көзқарасын танытатын асыл мұра. Олардың бүгінгі сахнада қайта жаңғыруы ұлттық ән өнерінің тамыры тереңде жатқанын тағы бір аңғартты. Ал «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, сахнаға көркемдік сипат қосты. Қимыл мен ырғақтың үйлесімі, ұлттық би өнеріне тән нәзіктік пен серпін тағылымды кештің ажарын аша түсті. Ән мен бидің өзара жарасым тапқан сәттері көрерменнің көңілінен шығып, кештің әсерлі өтуіне ықпал етті. Залдың лық толуы да өнерге деген шынайы ықыластың айқын белгісін танытты. Әсіресе, үлкендердің немерелерін ертіп келуі көңілге жылылық ұялатты. Бұл – өнерге деген құрметтің отбасылық тәрбие арқылы жалғасып, ұрпақ сабақтастығының мәдени ортада да қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Расында, өнердің ұлылығы – оның адамды уақыт шеңберінен шығарып, рухани кеңістікке жетелей алуында. Бір ән балалық шаққа деген сағынышты оятса, енді бір туынды адамның туған жерге, анаға, елге деген сезімін тербеді. Ермек Серкебаевтың өнері де талай буынның жүрегіне жол тауып, қазақ музыкасының асқақ беделін қалыптастыруға қызмет етті. Оның шығармашылық мұрасын ұлықтау арқылы біз ұлы тұлғаның есімін ғана емес, сол есіммен бірге жасасқан өнер мектебін, ұлттық талғам мен мәдени сабақтастықты да дәріптейміз. Мерейтойлық кештің маңызы да осында. Бүгінгі концерт тек белгілі бір күнге орай ұйымдастырылған шара емес, елдің рухани жадын жаңғыртатын, ұлт өнерінің көрнекті өкілдерін кейінгі буынға танытатын, мәдени құндылықтарды бағалауға үндейтін тағылымды басқосу болды. Өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылығына қайта үңілу арқылы көрермен өткеннің өнегесін таниды, бүгіннің қадірін бағамдайды, келешекке аманат болар асыл мұраның мәнін тереңірек түсінеді. Дарабоз әншінің есімін ұлықтаған кеш жүректерге рухани жылу ұялатып қана қоймай, оның өнерінің мәңгі өлместігін анық сездірді.  

Іле ауданы

Құралбек СӘБИТОВ

↑