Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шарындағы салт-дәстүр салтанаты

Шарындағы салт-дәстүр салтанаты

42 қаралым

Ауылдың сәні де, мәні де – адамдарында. Бірі атадан қалған кәсіпті жалғап, қолөнерді дамытса, енді бірі ән мен күйді серік етіп, елдің рухани өміріне үлес қосып жүр. Ал ақ жаулықты әжелеріміз бен ақыл айтар әкелеріміздің ұрпақ тәрбиесіндегі орны тіпті бөлек. Осындай құндылықтардың бәрін бір жерден көріп, қазақтың кешегісі мен бүгінгісін қатар таныған күн болды Шарын ауылында. Алматы облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылатын дәстүрлі «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндері байқауы аясында Ұйғыр ауданының өнері мен мәдениеті көпшілік назарына ұсынылды.

Шарын ауылдық Мәдениет үйінің алды бұл күні ауыл шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарға толды. Көрмеге қойылған кітаптар, теріден жасалған түрлі бұйымдар, ұлттық киім үлгілері мен темір ұсталарының еңбектері келушілер назарына ұсынылды. Әсіресе, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттарды шеберлердің өз қолымен жасап шығаруы көңіл аудартады. Бір қарағанда қарапайым ғана дүниелер болғанымен, әрқайсысының артында үлкен еңбек, ыждаһаттылық пен шеберлік жатыр. Теріні илеп, одан қажетті бұйым жасау да, темірді иіп, тұрмысқа жарамды зат шығару да кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал ұлттық киімдеріміздің өзіндік ерекшеліктері мен әсемдігі халқымыздың талғамы мен танымын танытып тұрды.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұнда ауылдың өнері ғана емес, тәрбие мен тағылым да қатар насихатталды. Әжелер отауы мен әкелер мектебінің ұйымдастырылуы – соның дәлелі. Әжелеріміз ұл-қыз тәрбиесіне қатысты өнегелі көріністер ұсынып, қазақы тәрбие мен әдептің үлгісін көрсетті. Ал әкелер мектебінде ұл бала тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасы алдындағы жауапкершілік, атаның балаға көрсетер өнегесін де керемет жеткізді.

Мәдени шарада қоршаған ортаны қорғауға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы да назардан тыс қалмады. Тазалықты сақтау, туған жердің табиғатына жанашырлық таныту тақырыбында арнайы көрініс қойылды. Ауылдың тазалығы да, оның көркеюі де ең әуелі сол жерде тұратын адамдарға байланысты. Өз ауласының ғана емес, көшесінің, туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың міндеті екенін өнерпаздар сахна тілімен жеткізді.

Мұнан соң халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін жаңғыртып, «Сыралғы», «Қол ұстар», «Шаш сипар» секілді көне ғұрыптар көрсетілді. Шынын айту керек, осы дәстүрлердің атауын естігенімізбен, мән-мағынасын біле бермейміз. Тіпті, кейбірінің қалай орындалатынын да ұмытып барамыз. Ал қазақтың әр салтының астарында үлкен тәрбие жатыр. Осындай ғұрыптарды көпшілікке қайта таныстырып, сахна арқылы жаңғырту – мәдениет қызметкерлерінің ұлт мұрасына деген жанашырлығының көрінісі десек қателеспейміз.

Мәдени күннің салтанатты бөлімінде Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы сөз алып, аудан жұртшылығы мен қонақтарды құттықтады. Ол «Ауылым – алтын бесігім» байқауының ауыл мен қала арасындағы мәдени байланысты нығайтып, өңірлердің тарихы мен дәстүрін танытудағы орнына тоқталды. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу, ел ішінен шыққан өнерлі тұлғалардың шығармашылық мұрасын насихаттау және ауыл өнерпаздарына қолдау көрсету мәселелеріне мән берді. Аудан әкімінің орынбасары мұндай мәдени басқосулар өнер ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық шеберлігін шыңдауына мүмкіндік беретінін де айтты. Туған өлкенің мәдениеті мен өнерін дәріптеу әр азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізіп, аудан өнерпаздарына сәттілік тіледі. Салтанатты бөлімнен кейін «Ауылым – Шарын бойында…» атты концерттік бағдарлама басталды. Туған жерге арналған арнау, сахналық қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Әсіресе «Қарадала халық театрының» А. Наймантаевтың «Досым, саған айтамын…» пьесасынан көрсеткен үзіндісі театр өнерінің өзіндік ерекшелігін танытты.

Бұл күні Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров та сөз сөйледі.

«Ауылым – алтын бесігім» байқауының құндылығы да осында болса керек. Әр аудан өз өнерін ғана көрсетіп қоймай, сол өңірдің тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі шеберлердің еңбегін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрін көпшілікке таныстырады. Бір ауылдың мәдениетін таныстыру арқылы тұтас өңірдің рухани байлығын көруге болады. Дәл осындай ой айтқан Төлеужан Нүсіпжанұлы өнерпаздарға сәттілік тіледі. Бұл күні шарындықтар келген қонақтарды қонақжайлылығымен де тәнті етті. Ауылдағы ағайынның бірлігі мен өнерге деген ықыласы жоғалмаса, атадан қалған кәсіп пен әжеден жеткен өнеге ұмытылмаса, ұлттың да тамыры үзілмейді. Шарын бойында өткен мәдени күннің көпшілікке ұқтырғаны да осы болды.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы

↑