Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму кезеңіне қатысты маңызды міндеттерді айқындады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде келешек ұрпаққа қуатты экономикасы бар, жоғары технологиялар дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі сақталған және жасампаз Қазақстан қалдыру қажеттігін атап өтті.Бұл міндеттер жастардың қоғамдағы рөлін арттырып, олардың білім алуына, кәсіби дамуына және ел өміріне белсенді араласуына ерекше мән беруді талап етеді.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын мамандар, кәсіпкерлер, ғалымдар мен қоғам көшбасшылары. Сондықтан заман талабына сай білім алу, жаңа технологияларды меңгеру, кәсіби біліктілікті арттыру және тың идеяларды жүзеге асыру маңызды.
Ел дамуы тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмейді. Ол әрбір азаматтың жауапкершілігіне, еңбекқорлығына және ортақ іске қосқан үлесіне байланысты. Жастардың ізденісі мен бастамашылдығы өңірлердің дамуына да серпін бере алады.
Жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы, волонтерлік қызметпен айналысуы, қоршаған ортаны қорғауы және заңға құрметпен қарауы – азаматтық ұстанымның көрінісі. Өз ортасына бейжай қарамайтын, елінің дамуына үлес қосуға дайын жас ұрпақ қоғамның өркендеуіне ықпал етеді.
Жолдауда айтылған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда жастардың білімі, жаңашылдығы мен белсенділігі маңызды орын алады. Әрбір жас өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, алға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында табанды еңбек етуі қажет.
Ел болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Білімге ұмтылу, адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғамға пайда келтіру – жаңа Қазақстанды дамытуға қосылатын нақты үлес.
Айжан Әбіт,
Еңбекшіқазақ ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы

