Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Су үнемдеу – ауыл шаруашылығын дамытудың тетігі

Су үнемдеу – ауыл шаруашылығын дамытудың тетігі

54 қаралым

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер көтерілген Жолдау ауыл шаруашылығының болашағы туралы да ой қозғауға негіз болды. Әсіресе су ресурстарын тиімді пайдалану, егіншілікті заманауи технологиялар арқылы дамыту мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды. Президент өз сөзінде: «Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен», – деді. Алдағы уақытта осы жұмысты қарқынды түрде қолға алуды тапсырды.

Президент бұған дейінгі Жолдауларында да су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажеттігін бірнеше мәрте көтерген болатын. Соның нәтижесінде елімізде суармалы егіншілікті жаңғыртуға, жаңа технологияларды қолданатын шаруаларды қолдауға басымдық беріліп келеді. Бұл бағытта Ұйғыр ауданында да нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2024 жылы ауданда небәрі 450 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген болса, бүгінде су үнемдеу әдістерін қолдану аясы кеңейіп келеді. «Assem Kaljat» ЖШС инвесторының есебінен 2487 гектар жайылымдық жердің нысаналы мақсаты егістікке ауыстырылып, заманауи суару жүйелері орнатылды. Соның нәтижесінде жүгері алқаптарын ұлғайтып, әр гектардан 100 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі қарастырылған.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. 2028 жылға қарай аудан бойынша 19 790 гектар алқапты су үнемдеу технологияларына көшіру көзделіп отыр. Сонымен қатар Ислам Даму Банкі арқылы суару желілеріне күрделі жөндеу жүргізіп, 6396 гектар жерді қайта айналымға қосу жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асса, ауданның егіншілік әлеуетін арттыруға мүмкіндік туады.

Қарадала – егіншілік пен бау-бақша шаруашылығы қатар дамыған өңір. Сондықтан судың әр тамшысын тиімді пайдалану біз үшін жай ғана технологиялық жаңалық емес, ауыл шаруашылығының ертеңіне тікелей әсер ететін мәселе. Жердің бабын табатын еңбекқор ағайын жеткілікті. Ендігі міндет – сол еңбектің өнімділігін арттырып, шаруаларға заманауи технологияларды қолжетімді ету.

Президент Жолдауы аясында ауыл шаруашылығына қатысты міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердің нақты нәтижесі маңызды. Өйткені мемлекеттің аграрлық саясатының тиімділігі ең алдымен ауылдағы еңбек адамының тұрмысынан, өндірілген өнімнің көлемі мен сапасынан көрінуі тиіс. Ал Қарадаланың құнарлы жерін тиімді игеріп, суын үнемді пайдалану – өңір экономикасын нығайтуға негіз болатын маңызды қадам.

Фархат Ахмуллаев,

Ұйғыр ауданы ауыл шаруашылығы

бөлімінің басшысы

↑