Көктемгі су тасқыны – елімізде жылда қайталанатын табиғи құбылыс. Бірақ биылғы су тасқынының беталысы бөлек, екпіні қатты болып тұр. Наурыздың соңын ала басталған су тасқыны қазір еліміздің он облысында әлек салып, халықты әбірерге түсірді. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облыстарында жүздеген үй-жай, мал-мүлікті су алды. Шаңырағы ортасына түсіп, «малым – жанымның садағасы» деген жұрттың қазіргі жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай ел басына күн туған сәтте билік басындағы азаматтардың халықпен бірге болып, жанынан табылғаны аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа үндеуі тасқыннан зардап шеккен халықтың еңсесін тіктеп, ертеңге үмітпен қарауына сеп болды деуге болады. Мемлекет басшысы үндеуінде атқарушы органдардың олқылықтар жібергенін, жағдай күрделі екенін мойындап, оларды түзеуге шұғыл тапсырмалар бергенін айтты. Тасқынмен күреске Төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, барлық күштік құрылымдар – Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Ұлан, Қарулы күштер, ҰҚК мамандары жұмылдырылып жатыр.
Сонымен қатар үндеуде тасқын зардабын тартқан азаматтардың барлық шығын өтелетіні, ал қазіргі басты міндет – азаматтарды аман сақтап қалу екені айтылды. Иә, «Орнында бар – оңалар» деген дана халқымыз бұл қиындықты да еңсеріп шығатынына сенімім мол.
Жұлдыз Мұқан,
ҚР Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері,
PhD докторы