Жол тақырыбы – күн тәртібіндегі күрмеуі шешілмеген күрделі мәселенің бірі. Әсіресе, ауыл ішіндегі жол жағдайына тұрғындар алаңдаулы. Кей ауылдарда көше жолдарының қар мен мұзға жасырылған жыртық-жамау кейпі көктем шыға қайта көрінді. Сапасы сын көтермейтін жолдың жыры бүгін-ертең бітпейтінін әлеуметтік желі қолданушылары салып жатқан толассыз суреттер мен бейнематериалдардан білуге болады. Біз бүгін Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылының Түркістан көшесіндегі жолдың әбден тоз-тозы шыққанын сөз етеміз. Жаңбыр жауған сайын көше көлге айналады. Бұл проблема қар еріп, жаңбыр жауған сайын қайталанады. Бірақ оны ретке келтіру жұмыстары әлі күнге дейін дұрыс шешімін тапқан жоқ.
Ауыл тұрғындары, әсіресе, жауынды күндері қиналады. Жаяу жүрмек түгілі, көлікпен өтудің өзі мұңға айналған. Өйткені, Кеңес заманында салынған жолдардың көбінде кәріз жүйесі мүлдем ескерілмеген.
– Біз тұрған көшені Талғар қаласы мен Азат ауылының арасындағы төте жол деп те айтса болады. Өзіңіз көргендей, күзде балшыққа, көктемде лай суға шомыламыз. Балаларым күнде мектепке барады. Жауынды күндері олардың мектепке жетуінің өзі мұң. Суаруға арналған каналдардың да беттері ашық жатады. Балаларды еркін далаға шығара алмаймын. Каналға түсіп кете ме? Суға ағып кете ме? Осылайша ылғи үреймен жүреміз. Бұл мәселе ұзақ жылдан бері шешімін таппай келеді, – дейді Жансая есімді ауыл тұрғыны.
Ауыл тұрғындары өз қолымен шағыл төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, одан мардымды ештеңе өнбепті. Тұрғындар Рахат ауылдық округінің әкімдігіне талай шағым жазып, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген. Бірақ мәселе сол күйі тұр. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің есебіне сүйенсек, биыл бірнеше ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жоспарланған.
– Азат ауылындағы Түркістан көшесінің ұзындығы 1 шақырымға жуық (0,792м). Аталған көшедегі 30 үйде 140-тан аса тұрғын бар. Негізгі жолға қиыршық тас төселген, қазіргі күндерде қардың еруі және жауын-шашынның салдарынан су жиналып, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық тудыруда. Азат ауылында жалпы 14 көше бар. Оның ішінде, 3 көшеге толық орташа жөндеу жұмыстары қажет, себебі, осы аймақ жаңа қоныс болып саналады. Ауылдың 70%-ға жуық көшесіне асфальт төселген. Қазіргі таңда Азат ауылы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ауызсу құбырларын ауыстыруға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Алдағы жылдары бюджеттен қаражат бөлініп, ауызсу құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталғаннан кейін көшелерге асфальт төсеу бойынша жоспар жасалады. 2024 жылға аталған көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланбаған, – дейді Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Руслан Қадырқожаев. Әкімдік қызметкерлері көшедегі ауызсу құбырлары ауыстырылғаннан кейін ғана асфальт төселетіндігін айтуда. Ал дәрменсіз ауыл тұрғындары жолды жөндеу бойынша арыз-өтініштерді толассыз жолдауда. Құзырлы органдардың әрекетке көшуін қалайды.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы