Қонаев қаласында ұлттық домбыра күніне арналған “Домбыра-дастан” фестивалі өтті. Ауқымды мәдени іс-шараға облыстың түпкір-түпкірінен 1500-ден астам жас домбырашылар қатысты. Жас таланттардың домбыраларынан төгілген әсем әуен қаланың орталық алаңын өзгеше бір күйге бөледі.
Фестивальге қалалық және аудандық мәдени орталықтардың жанында жұмыс істейтін 80 үйірменің тәлімгерлері, “Артспорт” бағдарламасы аясында жұмыс істейтін шығармашылық ұжымдар қатысты. Өнер мектептерінің 6-17 жас аралығындағы 1500-ден астам жас тәлімгерлері өз өнерлерін ортаға салды. Ал әр аудан мен қаладан келген домбырадан дәріс беретін 92 мұғалім 1500-ден астам өнерпаздан құралған оркестрге жетекшілік етті.
Фестивальдің мерекелік бағдарламасы көрермендерді халық арасында кеңінен танымал Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай» күйлерімен ғана тәнті етіп қоймады. Сонымен қатар күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың “Ерке сылқым” сияқты күйлері де орындалды. Мерекелік іс-шара Алматы облысының Сүйінбай атындағы филармониясы ұйымдастырған мерекелік концертпен аяқталды.
Қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Домбыра күніне орай облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара барысында белгілі композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев, Нұркен Әшіров жиылған халыққа күйден шашу шашты.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін сақтаудың маңызды екеніне назар аударды. “Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол тарихымыздың, ұлттық бірегейлігіміздің символы. Жас ұрпақ өз мәдениетін танып-біліп, жақсы көруі, ал домбыраның әуезді үні мәңгі әуелей беруі тиіс” деді ол.