Баскетболдан КСРО спорт шебері Бақытжан Әбдібаевты еске алуға арналған жастар арасында ашық облыстық турнир өтті. Сайыс Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарысқа 70-тен аса спортшы қатысты.
Жарысты тамашалаған құрметті қонақтар қатарында Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Нариман Ботанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, Кеген ауданының әкімі, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Сиднейдегі Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Ермахан Ибрайымов, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев болды.
Шарада сөз алған грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев: «Спорт тек физикалық белсенділік қана емес, бұл – салауатты өмір салтының кепілі. Спорт арқылы өзгелерге сыйлы, кіші буынға үлгі болсаңыздар. Бүгінгі қатысып отырған командалардың қай-қайсысы да жеңіске лайықсыздар. Өйткені, осы жолда тер төгіп, шыңдалып жүрсіздер», – деді.
Кеген ауданының әкімі, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев:«Бұқаралық спортты дамытуға Бақытжан Әбдібаевтың қосқан үлесі зор. Ол Қазақстанның белді баскетболшыларының бірі, баскетболдан КСРО спорт шебері болған. Еліміздің ұлттық құрамасы сапында да өнер көрсеткен. Баскетболды жақсы ойнап қана қоймай, балаларды жаттықтырып, туған жері Жамбыл облысында спорттың дамуына қолдау көрсетіп, демеушілік еткен. Мұндай тұлғаларды жас буын үлгі тұтуы керек», – деген ойын жеткізді. Жарыстың бас төрешісі Максим Шалаев болса, мұндай турнирлер жасөспірім ұлдар мен қыздарды шыңдай түсетінін, баскетбол ептілік пен мергендіктің, шапшаңдық пен төзімділіктің, табандылық пен тапқырлықтың ойыны екенін атап өтті.
– Бұл – тактикалық әдісті жетілдіретін командалық спорт. Бүгінде орта білім беру мекемелерінде баскетбол секциялары бар. Алдағы уақытта Алматы облысының баскетбол федерациясы жастар үшін мұндай секциялар қатарын көбейтуді жоспарлап отыр, – деді ол.
Сайыста әр команда өздігінше үздік болды. Әрбір ойыншының жеке стилі, командалық үйлесімі қалыптасқан. Жарыс нәтижесінде Қарасай аудандық жасөспірімдер спорт мектебі жеңіске жетіп, Талғар ауданының ойыншылары 2-орынға ие болса, «Үшқоңыр» командасы үздік үштікке енді. Сондай-ақ «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Айғаным АҚЫНБАЙ
Қарасай ауданы