Алматы облысында алма өсіру және одан түрлі өнім шығару ісі жүйелі жолға қойылған. Жеміс ағашын күтіп-баптау машақаты көп жұмыс. Соған қарамастан, өңірде алма бақтарының аумағы мен өнім көлемі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Бүгінде өңір бойынша 7 мың гектар аумақта алма өсіріледі. Оның 2,2 мыңы – интенсивті бақтар.
Өңірдің климаттық ерекшелігіне орай алма ағашының сұрыптары да арнайы таңдалған. Сондай-ақ жоғары технологиялы аграрлық әдістер кеңінен қолданылады. Автоматтандырылған тамшылатып суару жүйесі іске қосылған. Бұл технология ерте өнім алуға, топырақ эрозиясының алдын алуға, өсімдік аурулары мен арамшөптердің таралу қаупін азайтуға, сондай-ақ тыңайтқыштар мен минералдарды әр көшеттің тамырына дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында 25 шаруашылық интенсивті бақ өсірумен айналысады. Аудандағы мұндай бақтың аумағы 2 мың гектардан асты. Соның нәтижесінде алма жинау көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғайып, өнімділік гектарына 84 центнерге жетті. Айтпақшы, Еңбекшіқазақ ауданындағы жеміс-жидек алқабы – 7321 га, шекілдеуікті-сүйекті дақылдар – 6828 га, соның ішінде алма бақтары – 6161 га шамасында. Ал интенсивті алма бағының үлесі 2170 гектар екен. 2025 жылы аудандағы алма өнімінің жалпы жиыны 70 мың тоннаға жетсе, оның 25 мың тоннасын осы қарқынды бақтар берген. Ауданда қазір Алманың «Гала», «Фуджи», «Ред Делишес», «Голден Делишес», «Джонатон», «Гренни Смит», «Айдаред», «Джонаголд», «Джонапринц» сорттары өсіріледі. Сондай-ақ аудан аумағында 35 мың тоннаға дейін жеміс-жидек және көкөніс сақтайтын қойма бар. Бұл өнімді ұзақ сақтап, сапасын төмендетпеуге ықпал етіп отыр. Алда аймақтағы алма өнімдері шетел нарығына саудаланатына бағыбандар зор сенім білдіруде. Сондықтан болашақта Алматы облысының болмысын айшықтайтын алма бақтары бұдан да жандана түспек.
Ерзат АСЫЛ
