«Тауға қараған жұрттың тағдыры да таудай болады» дейді. Асқар шыңдарға иек артқан Райымбек өңірінде уақыттың үнін, халықтың мұңын, елдің қуанышын үнсіз қағазға түсіріп келе жатқан бір шежіре бар. Ол тоқсан жылдық тарихын арқалаған «Хантәңірі» газеті. Тұтас бір өңірдің тынысы, бірнеше буынның тағдыры, елдік рухтың айнасына айналған баспасөздің мерейі. Осы газетте қалам тербеген әр журналист өз дәуірінің куәгері болды. Бірі елдің еңсесін көтерген жаңалықты жазса, бірі уақыттың ауыр жүгін көтерген ақиқатты хаттады. Ал олардың жазған әр жолы бүгін тарихқа айналды. Мұқағалидай мұзбалақ ақынның ізі қалған, талай қарымды қаламгердің қолтаңбасы сақталған қасиетті қарашаңырақ тоқсан жыл бойы бір ғана міндетке адал болды. Ол – елдің сөзін сөйлеу, халықтың жүрек дүрсілін жеткізу. Газет парақтары сарғайғанымен, онда қатталған елдің үні ешқашан ескірген емес. Сол уақыт ішінде бұл басылым талай тарихи кезеңнің куәсі болды. Қоғаммен бірге түлеп, елмен бірге өсіп, халықтың сөзін сөйлеп келеді.
Өз тұсында «Советтік шекара», одан кейін тәуелсіздікпен бірге «Хантәңірі» атанған басылымның алғашқы саны 1936 жылдың 1 қыркүйегінде жарық көрді. Газеттің тұңғыш редакторы Әріпбай Сәтбаев болды. Кейін бұл жауапты қызметті Ө.Құлмырзаев, Б.Атшабаров, Ш.Әміров, И.Құлжабаев, М.Түменов секілді азаматтар абыроймен атқарды. Ал газет тарихының ең жарқын кезеңдерінің бірі аты аңызға айналған майдангер, жазушы-журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның Құрметті азаматы Әлнұр Мейірбековтің редакторлық еткен жылдары болды. Сол кезеңде редакцияның табалдырығын қазақ әдебиетінің кейінгі алыптары аттаған еді. Мұнда Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов, Батық Мәжитұлы, Рысбек Сәрсенбаев, Жанболат Аупбаев, Мінуар Әкімханов, Әбітай Әденов, Алдаберген Жандаралов, Айтақын Әбдіқалов, Дәулет Желдікбаев, Рысбек Сүгірбеков секілді ақын-жазушылар мен журналистер еңбек жолын бастады, шығармашылық тәжірибеден өтті. Әлнұр Мейірбековтен кейін газеттің тізгінін көрнекті журналист, публицист, қаламгер Дәулет Желдікбаев ұстады. Оның басшылығымен басылым шығармашылық ізденістің жаңа биігіне көтерілді. Жалпы өткен ғасырда «Советтік шекара», кейінгі «Хантәңірі» газеті бүкілодақтық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, аудандық басылымдардың арасындағы абыройлы орнын қалыптастырды. Ол уақытта газетке жарияланатын әр материал үлкен сүзгіден өтетін. Әсіресе әдеби шығармалар мен өлеңдерге ерекше талап қойылды. Болашағынан үміт күттіретін жастардың ғана шығармалары газет бетіне жол тартатын. Сол себепті ауданнан шыққан ақын-жазушылардың алғашқы өлеңі мен әңгімесі дәл осы қасиетті газетте жарық көрді.
Бұл қара шаңырақтың тарихы мен үшін де ерекше қымбат. Өйткені бұл – менің әкем Қанат Біржансалдың журналист болып қалыптасуына жол ашқан, өмірлік мектебіне айналған киелі мекен. Әкем көзі тірісінде «Хантәңірі» газетіне арнап жүрекжарды естелік жазып кеткен еді. Сол мақаласында ол: «Менің журналистикадағы алғашқы қадамыма қуат берген – «Хантәңірі» газеті. Елмен бірге жасай берсін!» – деп аяқтайды. Осы бір ауыз сөйлемнің өзінде тұтас ғұмырдың алғысы жатыр.
Өйткені бұл басылымнан талай талант түлеп ұшты. Қаншама қаламгердің тұсауы кесілді. Талай жүрекке сенім ұялады. Ал мен үшін «Хантәңірі» атауының мәні тіпті бөлек. Өйткені әкем Қанат Біржансалдың жастығы қалған, арманына қанат қаққан, өмірінің ең аяулы жылдары өткен қасиетті шаңырақ. Әкем өмірінің ең ыстық естеліктерінің бірін дәл осы газетпен байланыстырған. Көзі тірісінде ол: «1987 жылғы күз айында сол кездегі «Советтік шекара» газетінің бас редакторы, қарымды журналист Дәулет Желдікбаевтың тікелей шақыруымен редакцияның есігін жүрегім қобалжып аштым», – деп жазды.
Сол қобалжу кейін үлкен өмірлік жолына айналды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ауыл өмірінен жазған мақалалары газетке жарияланып тұрған. Ал ең алғашқы «Бойжеткен» атты өлеңінің жарық көруі оның жүрегіне мәңгілік қуаныш сыйлаған екен.
Әкем: «Газетке әр дүнием жарық көрген сайын күш алдым, қуаттанып, шуақтанып жүрдім», – деп жазыпты. Осы бір қарапайым сөйлемнің өзінде журналистік жолға деген адал махаббат жатыр. Аптасына үш рет шығатын газет редакциясындағы қарбалас жұмыс, күндіз-түні жазу, түзету, Дәулет Желдікбаевтың көк сиямен шимайланған қолжазбасын көргендегі қобалжу, жауапты хатшы Батық Мәжитұлының әр материалды уақытында талап етуі, Секер апайдың машинкасының сартылы, осының бәрі әкемнің естелігінде ерекше сағынышпен өріледі. Ол сол күндерді былай еске алады: «Жазғанымыз шимайланбай шығатын күнге жеттік. Менің журналистикаға төселуіме Дәулет Желдікбаевтың, Батық Мәжитұлының, Әбітай Әденовтің, Рысбек Сүгірбековтің ықпалы аз болған жоқ». Бұл жолдарда ұстазға деген құрмет те, шәкірттік ризашылық та жатыр.
Кейін әкем Қазақ радиосының Райымбек аудандық редакциясында жауапты редактор болды. Екі аудан қайта қосылған кезде қайтадан «Хантәңірі» газетінің Нарынқол өңіріндегі меншікті тілшісі болып еңбек етті. Қай қызметте жүрсе де мақсаты өзгермеді. «Таулы өлкедегі жерлестерімнің бар жақсылығын жарқырата жазып, көрсете беру» – осы бір ұстаным оның бүкіл шығармашылық ғұмырының мәні еді.
Әкем сол ортаны өмірінің ең үлкен университеті деп бағалады. Ол журналистиканы кәсіп емес, аманат деп түсінді. Сондықтан оның мақалаларының басты кейіпкерлері қарапайым еңбек адамдары еді. Малшының маңдай тері, диқанның бейнеті, ұстаздың еңбегі, дәрігердің адалдығы, ауыл қариясының өнегесі оның мақалаларынан орын тапты. Өйткені әкем үшін ең үлкен марапат елдің алғысы болатын. Газет бетінде жарық көрген әр мақаласының артында адам тағдыры тұрды. Әр очеркінде туған жерге деген махаббат жатты. Ол әрқашан даңқты емес, еңбекті жазды. Дәрежені емес, адамдықты дәріптеді. Бүгін сол мақалаларды қайта оқығанда, әр жолынан туған жердің самалы есіп тұрғандай сезіледі. Өкініштісі, әкем бұл күнді көре алмады. Егер бүгін арамызда жүргенде, тоқсан жылдыққа арналған ең әсерлі мақалалардың бірін өзі жазар еді.
Сөйтіп, «Советтік шекара» уақытпен бірге жаңарып, бірақ өзінің рухани тамырын жоғалтпай, бүгінгі «Хантәңіріге» айналды. Бүгін әкемнің сол естеліктерін қайта оқығанда, қара сияның иісі сезілетіндей болады. Газет беттерін ақтарған сайын оның жастық шағы сөйлеп тұрғандай. Әр мақаласында туған жерге деген сағынышы бар. Әр сөйлемінде ұстаздарына деген құрмет бар. Әр жолында газетке деген шексіз махаббат бар. Газеттің сарғайған тігінділерінде әкемнің қолтаңбасы ғана емес, жүрек лүпілі сақталып қалғандай әсер етеді.
Тоқсан жыл… Талай буын алмасты. Талай редактор келді. Талай журналист қанат қақты. Бірақ өзгермеген бір ғана құндылық бар. Ол – халыққа адал қызмет ету. Осы ұстаным «Советтік шекараны» – «Хантәңіріне», ал «Хантәңіріні» елдің жүрегінен орын алған қасиетті қара шаңыраққа айналдырды. Бүгін сол қасиетті қара шаңырақтың тоқсан жылдық мерейтойында мен әкемді сағынамын. Өйткені бұл мерейтой оның да мерекесі еді. Қанат Біржансалдың маңдай тері сіңген, жүрегінің жылуы қалған, өмірінің ең жарқын жылдары өткен осы қасиетті қара шаңырақ мәңгі жасасын! Ал сол шежірелі тарихтың бір парағында менің әкем Қанат Біржансалдың есімі, қарапайым еңбек адамын ардақтаған адал қаламгер ретінде мәңгі сақталады.
Асқар Хантәңірі шыңы қалай ғасырлар бойы аласармай тұрса, сол шыңның атымен аталған қасиетті газет те елдің рухын биіктетіп, ақиқаттың ақ туын жықпай, әлі талай ұрпақтың жүрегіне жол табарына сенім мол. Уақыт өзен болып аға береді. Бірақ туған елдің шындығын хаттаған қасиетті сөздің ғұмыры ешқашан таусылмайды. «Хантәңірі» – сол мәңгілік сөздің мәуелі бәйтерегі.
Индира БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы


