Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Қазақтың шежіре ұғымы туралы жаңа кітап жарық көрді

Қазақтың шежіре ұғымы туралы жаңа кітап жарық көрді

85 қаралым

Жақында АҚШ-та тұратын әйгілі ғалым Жақсылық Хусаиновтың «Шежіренің институционалдық архитектоникасы: дала құқығы мен графтық модельдерден түркі әлемінің макроөркениеттік синтезіне дейін» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» РМҚК «Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты» филиалы мен «Мәдениеттерді өзара әрекеттестіру орталығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрді.

Саясаттану, тарихи жад, математикалық модельдеу және өркениеттерді жүйелі зерттеу бағыттарын тоғыстыратын бұл еңбек пәнаралық ғылыми туынды болып есептеледі. Кітаптың таныстырылымы мен тұсаукесер рәсімін аталған екі ұйым мен Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейі ұйымдастырды.

Ғылыми еңбектің авторы Жақсылық Сандықалиұлы Хусаиновтың ғылым саласындағы ізденістері өркениеттер арасындағы өзара байланыстың терең құрылымдарын, саяси сенімнің өзгеру динамикасын, мемлекеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тетіктерді және түркі қоғамдарының тарихи даму заңдылықтарын анықтауға бағытталған. Жақсылық Хусаинов — Шежіре тұжырымдамасы мен әдіснамасының авторы, философия докторы (PhD), Вашингтон университетінің профессоры. Ол әзірлеген Шежіре медиациясының әдістемесі өзектілігін сақтап, ұрпақаралық және отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың деңгейін төмендетуге бағытталған өңірлік пилоттық жобалар аясында қолданылуы мүмкін.

Бұл кітап — шежіре құбылысын ұзақ жыл бойы терең әрі жүйелі зерттеудің жемісті нәтижесі. Еңбекте шежіре этнографиялық жәдігер немесе ата-бабалар есімдерінің қарапайым тізбесі ретінде емес, мемлекет пен халықтың әлеуметтік-қоғамдық қатынасының бөлінбес іргетасы тұрғысынан қарастырылады. Шежіре — мыңдаған жыл бойы көшпелі өркениеттің өміршеңдігін, тұтастығын және өркендеуін қамтамасыз еткен, көзге көрінбейтін, бірақ қуатты «операциялық жүйе». Шежіре-медиация әдістемесі — отбасылық және ұрпақаралық жанжалдарды шешуге арналған, ғылыми негізделген әрі мәдени дәстүрден бастау алатын төл құрал. Ол мынандай екі арнаның тоғысында жасалған:

1. Клиникалық психология, әлеуметтану, когнитивтік ғылым және жүйелер теориясының қазіргі жетістіктері;

2. Қазақ қоғамының тереңнен тамыр тартқан дәстүрлері мен ғұрыптары; билер институты, «Көже кешірім» ғұрпы және «Жеті ата» қағидасы.

Әлемде таңғажайып бұл әдістеменің еш баламасы жоқ көрінеді. Ол Қазақстанда жасалған мүлде жаңа, бірегей өнім. Әдістеме адамдардың бір-бірінен оқшаулануына және өзара байланыстарының үзілуіне жиі алып келетін батыстық отбасылық терапия тәсілдерінің көшірмесі емес. Ал бұл тәсілдердің салдарынан Батыс Еуропа елдерінің қандай зардап шегіп жатқанын бүгін көріп отырған жоқпыз ба?! Автор ұсынып отырған әдістеме адамды өктемдік пен пайдакүнемдіктен ар-ұжданға, тарихи жадқа және әулет алдындағы жауапкершілікке бет бұрғызатын «мағыналық тірек» қызметін атқарады. Соның нәтижесінде «Мен саған қарсымын» деген ұстаным «Біз ата-бабаларымыз бен ұрпағымыз алдында жауаптымыз» деген түсінікке айналады. Осыған байланысты еңбекте нақты өңірлік пилоттық жобаны ұйымдастырушылық тұрғыдан қолдау үшін әкімдік, отбасы және жастар істері жөніндегі басқарма, «Жігер» өңірлік хабтары және жетекші медициналық әрі гуманитарлық жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық үйлестіру кеңесін құру ұсынылған. Сондай-ақ пилоттық алаңдар бөлу (емханалардағы кабинеттер, әлеуметтік көмек орталықтары, қоғамдық қабылдау орындары), мамандар даярлау, отбасын қолдау ға арналған «Цифрлық шежіре» модулін әзірлеп, іске қосу көзделеді.

«Шежіренің институционалдық архитектоникасы: дала құқығы мен графтық модельдерден түркі әлемінің макроөркениеттік синтезіне дейін» кітабы — отбасылық және әулеттік терапияның қазақстандық мектебін қалыптастыруға жасалған батыл қадам. Бұл пилоттық жобаның Қазақстанда табысты жүзеге асуы болашақта түркі әлемі елдеріне ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастыққа қызықты әрі сұранысқа ие боларлық үлгі қалыптастырары анық. Біз әлемге жергілікті дәстүрді ғана емес, ата-текке құрметпен қарауға негізделген, үзілген байланыстарды қалпына келтірудің әмбебап тетігін ұсына аламыз.Жиынға модераторлық жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» Қазақстан мәдениетін ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, «Мәдениеттердің өзара әрекеттесу орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Үмітхан Мұңалбаева мен Алматы облысындағы «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Гүлнар Әбіш ханымдар онлайн және оффлайн тәсілінде қатысушылардың өз ойларын кең-молынан ортаға салуына ықпал жасап, өздерінің де қызықты ақпараттарын жеткізіп отырды.

Zoom платформасы арқылы жиынға онлайн қатысқан кітап авторы Ж.Хусаинов, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоғамдық қорының президенті З.Батталова, Құрылтай депутаты Ш.Пулатов шежіре туралы ойларын ортаға салып, өзекті мәселелер көтерді.

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнара Аннакулиева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми кадрларды даярлау бөлімінің басшысы Арман Айыпбекқызы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасының доценті Жайдаргүл Қазыбекова, саяси ғылымдар докторы Арын Орсариев, өлкетанушылар М.Тәттібеков, Б.Сәрсенбаев, Д.Телібеков, Э.Мұсылманқұлова, «Анаға құрмет» музейінің іргетасын қалаушы қоғам және мемлекет қайраткері, полиция генералы А.Шпекбаев, тағы басқа азаматтар айтулы еңбек туралы құнды пікірлерін көпшілік талқысына салып, авторға деген ізгі тілектерін білдірді.

Осылайша Жақсылық Хусаиновтың «Шежіренің институционалдық архитектоникасы: дала құқығы мен графтық модельдерден түркі әлемінің макроөркениеттік синтезіне дейін» кітабы қалың оқырманға, қоғамдық пікір көшбасшыларына, халық дәстүрін сақтап, дамытушыларға, ғалымдарға, мемлекет қызметкелеріне, өлкетанушыларға, жастар мен студенттерге жол тартты.

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

↑