Перейти к содержимому
Главная страница » Ғалымдар жолы – ғибратқа толы

Ғалымдар жолы – ғибратқа толы

Райымбек ауданының 90 жылдығына орай жыл басынан бері түрлі деңгейде тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Жуырда Қақпақ ауылында өткен «Білім мен ғылым – кемел келешекке нық қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да өзіндік ерекшелігімен жиналған қауымның санасына сәуле құйып, көкірегін нұрлы шуаққа бөледі. Жас ұрпақтың болашағын дұрыс таңдай алуына айқын жол нұсқады.

Мәдениет үйінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға осы ауданда туып-өскен, бүгінде есімдері елге белгілі айтулы ғалымдар арнайы келіп, парасатты ой, пайымды пікір тоғыстырды. Айтулы шара мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас өнертапқыштар көрмесімен танысудан басталды. Жиында алғашқы құттықтау сөздің тізгінін ұстаған Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев көпшілікке ақжарма тілегін арнады.
– Құрметті конференция қонақтары, ардақты ұстаздар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер мен білімге құштар жандар! Баршаңызды Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған білім мен ғылымға арналған конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Тарихы терең, табиғаты көркем Райымбек ауданы – елдің рухани және мәдени құндылықтарын сақтап келе жатқан қасиетті мекен. Елдің өркендеуі, экономиканың нығаюы, ұлттық бәсекеге қабілетті болуы – ең алдымен сапалы білім мен жаңашыл ғылымға байланысты. Сондықтан бүгінгі бас­қосу ұстаздардың қажырлы еңбегін дәріптеп, ғалымдардың жетістіктерін насихаттайды, жастар­дың ғылымға деген қызығушылығын арттырады деген сенімдемін, – деген аудан әкімі конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов бүгінгі күнде білім басқармасы мен жоғары оқу орындары арасында аймақтағы білім сапасын арттыру, кадр тапшылығын жою және жастарды кәсіби бағдарлау бағытында меморандумдар жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Сонымен қатар Райымбек ауданындағы білім саласының жетістіктеріне де көпшіліктің назарын аударды.
Ауданда 20 орта, 2 бастауыш мектеп, 5 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақша, бір шығармашылық-техникалық орталық және 2 өнер мектебі жас буынды тәрбие мен білімге, еңбек пен өнерге баулу ісімен шұғылдануда. Осы оқу жылында 22 мектепте 5220 оқушы білім алса, 11-сыныпты бітірген 343 түлектің 55-і «Алтын белгіге», 38 оқушы үздік аттестатқа үміткер.
Қайрат Ізбасарұлы көпшілікке облыс басшысы атынан шексіз алғысын білдірді. Алдағы уақытта да Райымбек ауданының өсіп-өркендеуі, жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуі үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалатынын айтып, ізгі ниетін жеткізді.
Нарынқолдай қасиетті өңірдің топырағына кіндік қаны тамған бірегей тұлғалар аз емес. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрбапа Өмірзақов, ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов секілді қарымды қаламгерлер, Нүсіпбек Әшімбаев, Тұрысбек Жұрқабаев, Өмірәлі Дәркенбаев, Шүйкебай Шарғынов, Қажымұқан Диқанбаев, Амангелді Ботанбеков, Кеңесбай Байқанов сияқты ауыл шаруашылығының майталмандары, сұрапылда қан кешкен майдангерлер – қасиетті өңірдің мақтаныштары.
Ал осы өңірден түлеп ұшқан ғалымдардың шоғыры да ауданның жақсылығын еселей түсетіні анық. Мектеп өміріне жарты ғасырын арнап, білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз Зақан Әшімованың есімі әрдайым құрметпен аталады. Ұстаз алдынан білім алған шәкірттерінің бірі – бүгінгі шараның қадірлі қонағы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов. Ғалым ағамыз биыл 85 жасқа толып отыр. Кеште мерейтой иесіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хаты тапсырылды. «Алматы облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Әділ Ахметов өзіне көрсетіліп жатқан құрметке алғысын айтып, білім, ғылым жолына бағыт-бағдар алып отырған жас ұрпаққа ақ батасын берді.
Келесі кезекте ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияның құрметті қонақтары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Алматы облыстық білім, ғылым, бюджеттік мекемелердің салалық кәсіподағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тоққожа Естенов білім саласының мемлекет дамуындағы алатын орны, ғылымның үлес салмағы туралы дамыған мемлекеттердегі өзі куә болған жайттардан мысал келтіре отырып әңгіме өрбітті. Жас буынды жаңашыл болуға, заман көшінен қалмай, уақыт үнімен үндесе білуге шақырды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова аталған оқу орнының жоғары білім беру ісіндегі алатын орны мен маман даярлаудағы атқарып келе жатқан қызметінен, қазіргі таңдағы жетістіктерінен хабардар етті.


Абай атындағы ҚазҰПУ Түркітану орталы­ғының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының «Жастар әлеуеті және ғылым: болашаққа бағыт пен жауапкершілік», физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты бас директорының кеңесшісі, меценат Мақсат Қалимолдаевтың «Білім мен ғылым – қоғам дамуының негізі», педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті информатика кафедрасының профессоры Серік Кеңесбаевтың «Педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлауда ғылым мен тәжірибенің сабақтастығы» атты баяндамаларының көпшілік үшін де, жас ұрпақ үшін де әсері мол болды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Алматы облысының білім басқармасы мен жоғары оқу орындары арасындағы іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Конференцияның екінші бөлімі бұдан кейін Жәмеңке атындағы орта мектепте «Білімді ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында жалғасты. «Еңбек нарығына бейімделген маман даярлау: колледж мүмкіндіктері» деген тақырыппен Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің жұмысы таныстырылды. «Жасанды интеллект дәуіріндегі білім: жаңа мүмкіндіктер мен жауапкершілік», «Менің мамандығым – менің миссиям», «Қазіргі білім кеңістігі: оқушы, ұстаз және ғылым байланысы» тақырыбында ғылыми-тәжірибеге негізделген баяндамалар жасалып, тақырыптар бойынша қатысушылардың ұсыныс, пікірлері тыңдалды.
Осылайша «Білім мен ғылым – кемел келешекке нық қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция Райымбек өңірінің рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың қатарын толықтырды. Туған жерден түлеп ұшып, ғылым көгінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ғалымдардың басқосуы жас ұрпаққа өнеге, ел болашағына сенім сыйлады. Конференция барысында айтылған тағылымды ойлар мен келелі пікірлер ғылым мен білімнің қоғам дамуындағы шешуші рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы