Перейти к содержимому
Главная страница » Ғылымда шекара жоқ: магистранттар Ташкентте халықаралық тағылымдамадан өтті

Ғылымда шекара жоқ: магистранттар Ташкентте халықаралық тағылымдамадан өтті

Қазіргі өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік тәуекелдерді басқару және жазатайым оқиғалардың алдын алу маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі білікті мамандардың кәсіби даярлығына тікелей байланысты.

Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (www.farabi.university) болашақ мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуына ерекше көңіл бөлуде.

География және табиғатты пайдалану факультеті жанындағы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедраның 2-курс магистранты Ақерке Қойлыбаева («7М11201 – Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі») Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты Ұлттық зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Білім беру және ғылыми-зерттеу саласында жоғары беделге ие университет өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қорғау бағытында халықаралық тәжірибе жинақтаған орталықтардың бірі саналады.

Екі апталық тағылымдама барысында магистрант шетелдік ғалымдар мен мамандардың жетекшілігімен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерімен танысты. Бағдарламаға минералогия-геология ғылымдарының докторы, профессор Б.Д. Абдуллаев, биология ғылымдарының докторы, профессор Б.К. Каримов, Өмір тіршілігі қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі, доцент А.А. Хожиев және доцент Б.Б. Утепов ғылыми жетекшілік жасады.

Тағылымдама аясында өндірістегі қауіп-қатерлерді анықтау және бағалау, еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіби тәуекелдерді басқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік талаптарын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлердің қауіпсіз еңбек дағдыларын дамыту және қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылаудың заманауи әдістері талқыланды.

Халықаралық тәжірибе алмасу магистранттың кәсіби құзыреттілігін арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік берді. Алынған білім мен тәжірибе өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған зерттеулердің сапасын жақсартуға және еңбек қорғау саласындағы практикалық міндеттерді шешуге септігін тигізеді.

Бүгінде еңбек қорғау мен өндірістік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік ғылыми орталықтармен тәжірибе алмасу болашақ мамандардың кәсіби дамуына, заманауи білім мен дағдыларды меңгеруіне және оларды отандық тәжірибеде тиімді қолдануына жол ашады.

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы алдағы уақытта да халықаралық серіктестікті нығайтып, өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қорғау саласы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Қожахан А.К.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты